17.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Нұрсұлтан Құрман: «Негізгі басымдық үйдегі ойынға беріледі»

Нұрсұлтан Құрман: «Негізгі басымдық үйдегі ойынға беріледі»

Ертең, 18 қыркүйек футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны аясында Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Италияға қарсы матч өткізеді. Осы орайда Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман Sport Pulse тілшісіне берген сұхбатында ұлттық құраманың дайындығы жайында айтып берді.

Біржан Оразов, Лео және Рашит Джахангир ойнамайды

— Ұлттық құрама 7 қыркүйектен бастап оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, тыңғылықты дайындалды. Күніне екі рет жаттығу ұйымдастырылды. Бұған дейін де жігіттер бабында болуы үшін Суперкубок, кубок ойындарын және чемпионаттың алғашқы екі турын ертерек бастадық. Ойыншылардың ішінде Біржан Оразов пен Лео сары қағаздарына байланысты алаңға шыға алмайды. Сондай-ақ, Суперкубокта жарақат алған Рашит Джахангир де бұл кездесуге қатыспайды. Қалған футболшылардың барлығы сақадай сай.

Италияға екі күн ерте келдік

— Италия өз алаңында бар күш-жігерін салып ойнайтыны түсінікті. Біз де дәл солай дайындалдық. Мұнда бізге қарағанда күн ыстық болғандықтан, жергілікті ауа райына бейімделу үшін екі күн ерте келдік.

Негізгі басымдық үйдегі ойынға беріледі

— Өздеріңіз білетіндей, Италия — мықты құрама. Құрамында Мерлин, Мотти секілді азулы ойыншылар бар. Сонымен қатар, жергілікті чемпионатта ойнап жүрген мықты ойыншылар да жеткілікті. Біз сырт алаңда ойнайтындықтан, әрине, оңай болмайды. Жеңіліп қалған күннің өзінде, қысқа есеп айырмасымен ұтылсақ немесе тең нәтиже көрсетсек те жаман емес. Негізгі басымдық үйдегі ойынға беріледі.

Айта кетейік, Италия — Қазақстан матчы ертең Астана уақытымен 23:00-де басталады.