20.09.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Никола Цуцкич: Әр ойында лық толы стадион жинағымыз келеді

Биыл Премьер-лигаға оралған «Тұран» маусымды сәтсіз бастаған. Дегенмен қазір 16 ұпай жинап, жоғары дивизионда қалу мүмкіндігін жақсартты. Соңғы матчтарда команданы капитан ретінде Никола Цуцкич бастап жүр. Сербиялық футболшы Sport Pulse сұхбатында Түркістанға оралуы, Қазақстандағы футболдың деңгейі мен капитандық міндеттің қалай әсер еткені туралы айтып берді.

Көптен күткен «Түркістан Аренаға» оралдыңыздар. Өз алаңыздағы алғашқы матчтан кейін қандай әсер қалды?

Иә, көптен бері күтіп жүрген «Түркістан Аренаға» оралдық. Өз алаңымызда матч өткізу наурыздан бері, чемпионат басталғаннан бастап күтіп жүрдік. Үйімізді сағындық. Жанкүйерлер де сағынып қалыпты. Жаттығуға шыққан кезде қолдауынан сездік. Мұндай эмоцияны сезінбегелі көп болды. Әрине, бұл командаға күш беріп, жанкүйерлердің қолдауын сезініп, ойында барын салды.

Матчтан кейін керемет әсер қалды. Алдағы ойындарда да лық толы стадионды көреміз деп сенемін.

Қазақстанда 4 жылдан бері ойнап келесіз. Бірақ «Тұранға» биыл ауыстыңыз. Клубпен ұсыныс қалай түсті?

Қазақстанда ойнап жүргеніме бес жыл болды. Бір жыл бұрын «Тұранның» бас бапкері мен директоры мен секілді ойыншы іздеп жүргенін айтты. Маған хабарласып, бірден келісімге келдік.

цуцкич 2
цуцкич 2

Отандық жанкүйерлер сізді «Ақтөбе», «Каспий» мен «Жетісуда» ойнаған сәттеріңізден біледі. Қазақстанға үйреніп қалдыңыз ба?

Мұнда бәрі жақсы. Сербия Премьер-лигасында біраз ойнадым. 22 жасымда Қазақстанға келдім. Өзіңіз айтқандай, «Ақтөбе», «Каспий», «Жетісу» командаларында доп тептім. Бірінші жыл өте қиынға соқты. Өйткені мұнда келгенде нағыз саяхат қандай болатынын түсіндім. Бізде Сербияда барлық жаққа автобуспен барады. Жол ары кеткенде 2-3 сағатты алады. Ал мұнда көп жеге ұшақпен ұшу керек.

Маусымның жартысы артта қалды. Командаңыз 13 орында келеді. Маусым соңына дейін қандай мақсат бар?

Иә, маусымның жартысы өтіп кетті. Бізде ауыр да, жеңіл де, әдемі де сәттер болды дей аламын. Маусымның басында Премьер-лигада қалу деген мақсат болды. Бірақ бұл мақсатты орындап қойдық. Ал чемпионат әлі жалғасып жатыр. Сондықтан турнир кестесінде барынша жоғары көтерілуді ойлаймыз.

Соңғы матчтарда алаңға команданы капитан ретінде бастап шығып жүрсіз. Жаңа рөліңізге үйрендіңіз бе?

Иә, команданың бас бапкері Ринат Алюетов маған капитан міндетін жүктеді. Сенімі үшін алғысымды білдіремін. Алаңда болсын, оның сыртында болсын сенімді ақтауға тырысамын. Ойыншыларға да алғысымды айтқым келеді. Жасы менен үлкен әріптестерім бар. Бірақ ештеңеге қарамастан бәріміз бір команда болып, кез келген жағдайда бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Олар болмаса маған бұлай оңай болмайтын еді.

цуцкич 3
цуцкич 3

Еуропада ойнаған тәжірибеңіз бар. Қазақстан мен Еуропа футболын салыстыра аласыз ба?

Қазақстанда бес жыл ойнағандықтан ойымнан ештеңе шығарып айта алмаспын. Футбол деңгейі жақсы, көңілімнен шығады. Бірақ Еуропамен салыстырғанда өзгешіліктер бар. Ол жақта тактикалық футболға, жеке шеберлікке баса назар аударады. Ал Қазақстанда күш қажет. Алаңда физикалық күшке басымдық беріп, жабық футбол ойнайды. Мұның жақсы да, жаман да жағы бар. Бір білерім, Қазақстанда футбол жоғары деңгейде.

Еуропада ойнау ойыңызда бар ма?

Әрине, қашан да Еуропада ойнау арманым болған. Оған қоса, үйім сол жақта. Бір жағынан Қазақстанда да футбол жақсы деңгейде. Дамуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, футболшы ойнағысы келсе Қазақстан мүмкіндік сыйлайды.