13.10.2025
Оқу уақыты: 3 мин

Никита Калмыков Премьер-лига жолдамасын жеңіп алған сәттегі эмоциясын айтты

Никита Калмыков Премьер-лига жолдамасын жеңіп алған сәттегі эмоциясын айтты

Павлодардың «Ертіс» клубының қақпашысы Никита Калмыков KFF League сайтына сұхбат беріп, командасының Премьер-лига жолдамасын жеңіп алған сәттегі эмоциясын айтып, футболдағы алғашқы ойынын еске алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

– Никита, Ertis клубын және жеке өзіңізді ҚПЛ-ға оралғандарыңызбен құттықтаймын! Маусымның басты мақсаты орындалған сәттегі эмоцияңыз қандай болды?
– Рахмет! Ол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өзіміздің ұйымшыл отбасымызбен бірге Павлодарға үлкен футболды қайтара алдық. Ең бастысы – Ertis заңды орнына оралды.
– Әсіресе кәсіби мансабыңызды бастаған туған клубыңыздың жоғары лигаға қайта оралуына үлес қосу ерекше сезім шығар?
– Иә, шынымен солай. Ertis – менің командам. Мансабымның көп бөлігі дәл осы жерде өтті, көп адаммен, бапкерлермен, ойыншылармен, клуб қызметкерлерімен таныстым. Мен мұны клубқа «қайтарылған борыш сезімі» деп атар едім. Себебі бұл клуб маған үлкен футболға жол ашты.
– Ал Премьер-лигадағы алғашқы ойыныңыз есіңізде ме?
– Әрине, ондай сәтті ешқашан ұмытуға болмайды. 2009 жылдың қазан айы. Ол кезде небәрі 20 жаста едім. Біз Сәтбаев қаласына қонаққа барып, жергілікті «Қазақмыс» командасына қарсы ойнадық. Сол маусымда бірден төрт команда Бірінші лигаға түсетін қатаң регламент болған. «Қазақмыс» сол тізімде еді, бірақ біз сол ойында 1:2 есебімен жеңіліп қалдық. Соңғы минутта пенальтиден гол өткізіп алдық. Сондықтан менің ҚПЛ-дағы дебютім аса сәтті басталмады.
– Маусым барысында командада бапкер ауысты. Жаңа жаттықтырушының талаптарына жылдам бейімделу қиын болмады ма?
– Жоқ, қиындық туындаған жоқ. Себебі оған уақыт та болмады. Нәтижелер мен ойын сапасына қарасаңыз бәрі түсінікті деп ойлаймын. Екінші айналымдағы ойынымыз бәрін дәлелдеді. Сол себепті біздің ҚПЛ-ға қайта оралуымыз толық заңды деп ойлаймын.
 
– Ertis сапында Еурокубоктарда және ұлттық құрамада ойнаған тәжірибелі футболшылар бар. Команда биылдың өзінде-ақ ҚПЛ деңгейіне сай ойнады деп айта аласыз ба?
– Қазіргі құраммен Премьер-лигада қалай ойнайтынымызды нақты айту қиын, бірақ өз ойын стилімізден бас тартпас едік. Мұндай құрамның жасақталуы – сауатты селекциялық жұмыстың нәтижесі, мұны ерекше атап өту керек. Халықаралық ойындарға арналған үзіліс кезінде біз Павлодарда Еурокубок жолдамасына үміткер «Елімаймен» жолдастық кездесу өткіздік. Оларға шақыруымызды қабыл алғандары үшін үлкен алғыс айтамыз. Біз үшін бұл – бес жыл үзілістен кейін жоғары топқа оралар алдындағы өзіндік дайындық болды. Сол ойында біз жеңіске жеттік, бірақ ол бәрін анықтайтын көрсеткіш емес. Қалай болғанда да, команда жаңарып, жаңа құрам жасақталды.
– Павлодардың талғампаз жанкүйерлері сіздерге келесі маусымға арнап міндет қойып үлгерді ме?
– «Сәттілік батылдарға бұйырады!». Дәл осылай киім ауыстыру бөлмесінде облыс әкімі Асаин Байханов айтты. Ол – біздің басты жанкүйеріміз әрі шын мәнінде батыл адам. Себебі клубты қайта жандандыру – батыл шешім болды. Сол үшін оған тек алғыс айтқым келеді. Мен мұны әрқашан айтып келемін және айта беремін. Ал енді шынайы көзқараспен қарасақ, жұлдыздарға қол созбай, элитаға біртіндеп, сабырмен қайта оралу қажет. Бірақ егер алдымызға нақты міндеттер қойылса, Ertis ойыншылары орындауға әрқашан дайын.
– Ал өзіңіз үшін қандай мақсат қойдыңыз?
– Маусым әлі аяқталған жоқ. Алда чемпионаттың соңғы турлары бар, сондықтан қалған ойындарға біз өте байыппен дайындалып отырмыз.