16.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Назым Қызайбайдың жеке бапкері жеңіліске қатысты пікір білдірді

Назым Қызайбайдың жеке бапкері жеңіліске қатысты пікір білдірді

Ливерпульден Алматыға бокстан Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасы оралды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Олар әлем чемпионатында жалпы командалық есепте I орынға ие болды. Kazinform тілшісі әлем чемпионатының қорытындысы туралы үш спортшы — Алуа Балқыбекова, Назым Кызайбай және Елдана Тәліпованың жеке бапкері Долқунжан Камековпен әңгімелесті.

— Ливерпульдегі әлем чемпионатына боксшы қыздарымыздың финалдық дайындықтары қалай өтті?

— Чемпионатқа дейін Англияда 15 күн бойы төрт елмен бірге жаттығу жиыны өткіздік. Олар — Сербия, Англия, Испания және Үндістан. Сол командалармен бірге дайындалып, әлем чемпионаты өткен Ливерпульге бардық.

— Ливерпульдегі 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатындағы шәкірттеріңіздің нәтижесіне ризасыз ба?

— Жалпы, Қазақстан құрамасынан 10 спортшы қатысып, алтауы жүлдегер болды — 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Менің шәкірттерім — үш спортшы, барлығы медаль алды: Алуа Балқыбекова — алтын, Назым Қызайбай — күміс, Елдана Тәліпова — қола еншіледі. Рефери кімнің қолын көтерсе, сол жеңді. Біз нәтижені өзгерте алмаймыз. Бірақ мен Назым финалды ұтты деп сенемін. Дегенмен төрешілер басқа шешім қабылдады.

Биылғы маусымда өз жұмысыма көңілім толады. Биыл Сербияның Ниш қаласында IBA әлем чемпионатына қатыстық, онда да менің үш шәкіртім медаль алды: екі алтын — Алуа мен Назым, бір күміс — Елдана. Ал Ливерпульдегі World Boxing әлем чемпионатында шәкірттерім толық медаль жиынтығын жинады.

— IBA мен World Boxing чемпионаттарының қайсысын жеңу қиын болды деп ойлайсыз?

— Екеуінің де деңгейі шамамен бірдей. Себебі қатысушылар да, ұйымдастыру да ұқсас болды — Ливерпуль мен Ниште өткізілген чемпионаттарда деңгей жоғары болды.

— 2028 жылғы Олимпиададағы әйелдер боксының салмақ дәрежелері туралы ақпарат бар ма?

— Әзірге белгісіз. Барлығы World Boxing-ке байланысты болады. Сол ұйым Ливерпульдегі әлем чемпионатын өткізді және Олимпиададағы боксқа жауапты болады. Күтудеміз.