13.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«МЮ» жеңіске жетіп, Еуропа Лигасының ширек финалына шығады – футбол комментаторы «Реал Сосьедадқа» қарсы матч жайлы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Наурыздың 13-нен 14-не қараған түні әйгілі «Олд Траффордта» Еуропа Лигасының ширек финалынының жолдамасы сарапқа салынатын шешуші айқас өтеді. «Манчестер Юнайтед» 1/8 финалдың қарымта матчында «Реал Сосьедадты» қабылдайды.

Сан-Себастьянда өткен бірінші кездесу тең аяқталды (1:1). 57-минутта Джошуа Зиркзее дәл соққысымен «қызыл сойқандарды» алға шығарды, бірақ 70-минутта Микель Оярсабаль пенальтиден есепті теңестірді. Енді бұл текетірестің тағдыры Манчестерде шешілмек.

«МЮ» Еуропа Лигасының жалпы кезеңінде үшінші орын алып, 1/8 финалға тікелей жолдама алды. Ал «Реал Сосьедад» бұл кезеңге іріктеу матчтары арқылы өтті. Олар «Мидтьюлланн» клубын тізе бүктірген.

«Олд Траффордта» кім басым түседі? «Қызыл сойқандар» өткен қателіктерін түзеп, ширек финалға шыға ала ма?

Футбол комментаторы Жандос Байділда Sport Pulse порталына өз ойын білдірді:

«Мен Сан-Себастьянда өткен бірінші ойынды жүргіздім. «МЮ» қорғаныста жақсы қимылдады. Матч барысында ағылшындарда командалық ұйымшылдық пен тәртіп бар екені көрінді. Бірақ соңғы минуттардағы пенальти кесірінен жеңісті уысынан шығарып алды.

Қазір команда жақсы формада, әсіресе Бруну Фернандеш көшбасшылық қасиеттерін көрсетуде. «Арсеналға» қарсы ойында ол өзінің маңыздылығын дәлелдеді.

«Олд Траффордтағы» жанкүйерлердің қолдауын ескерсек, «Манчестер Юнайтед» жеңіске жетіп, ширек финалға шығады деп ойлаймын».

Матч туралы ақпарат:

Күні: 14 наурыз

Уақыты: 01:00 (тікелей эфир 00:50-де басталады)

Стадион: «Олд Траффорд», Манчестер

Бас төреші: Бенуа Бастьен (Франция)

Көрсетілім: Qazsport

Еуропа лигасының қазіргі жеңімпазы – өткен маусымның ақтық сынында немістің «Байерін» 3:0 есебімен тізе бүктірген Италияның «Аталанта» клубы. Бұл кездесуде Адемола Лукман хет-трик авторы атанған.

Бұған дейін Sport Pulse футбол комментаторының Еуропа лигасының 1/8 финалының барлық қарымта матчтарына жасаған болжамын жариялаған еді.

Басты сурет: uefa.com