13.03.2025
Оқу уақыты: 5 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«МЮ» жеңіске жетеді, «Атлетик» пен «Рома» гол соғады, «Тоттенхэм» үшін соңғы мүмкіндік – комментатор Еуропа лигасының 1/8 финалының қарымта матчтары жайлы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Еуропа лигасының 1/8 финалының бірінші ойындары жанкүйерлерге күтпеген нәтижелер, сенімді жеңістер және тартысқа толы матчтар сыйлады. Енді командалар 13-наурызда басталатын қарымта кездесулерге дайындалуда.

«Фенербахче» мен «Олимпиакос» сенсациялық камбэк жасай ала ма? «Лацио» фаворит мәртебесін растай ма? «Манчестер Юнайтед» аяқдопшыларының «Реал Сосьедадты» «Олд Траффордта» жеңуге күші жете ме?

Sport Pulse порталына эксклюзивті сұхбат берген футбол комментаторы Жандос Байділда алдағы матчтарға болжам жасап, командалардың ширек финалға шығу мүмкіндігіне баға берді.

Айнтрахт – Аякс

– Неміс клубы Амстердамда жеңіс тойын тойлады. «Аякс» Франкфуртте қарымта қайтара ала ма?

– «Аякс» енді ғана түзеліп келеді. Эрик тен Хаг кеткеннен кейін, біраз құрдымға кеткен болатын. Негізі «Аякс» қазір бар күшін Нидерланд жоғарғы лигасына жұмсауда. Олар үшін ішкі біріншілікте жеңіп, келесі жылы Чемпиондар лигасында ойнау маңызды.

Ал «Айнтрахт» осы Еуропа лигасында ең жарқын клубтардың бірі. Өте жақсы өнер көрсетуде, маған ұнайды. Іріктеуде сегіз матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, екі ойында ғана жеңілді.

13-наурызда Франкфуртте өтетін матчта тең есеп тіркелуі де мүмкін. Ширек финалға «Айнтрахт» шығады.

Сурет: uefa.com

Атлетик Бильбао – Рома

– «Рома» өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Испандықтардың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі қандай?

– Бұл кештің ең қызықты әрі орталық матчы болмақ. Неге десеңіз, биыл турнирдің финалы Бильбаода өтеді, сондықтан басктер ақтық сынға шығу үшін барын салады.

«Рома» қазір өте керемет формада. Клаудио Раньери команданың ішкі атмосферасын жақсартып, негізгі ойыншылардың барлығы жақсы өнер көрсете бастады. Тіпті Шомуродовтың өзі қазір ұжымға үлкен пайдасын тигізуде. Дибала – сөзсіз көшбасшы. Ол бүгін алаңға шыға ма – белгісіз.

Меніңше бұл ойында екі команда да гол соғады. Ал келесі кезеңге кім шығатынын айту қиын. Өйткені, бұл жұпта анық фаворит жоқ.

Эльдор Шомуродов. Сурет: uefa.com

Лацио – Виктория Пльзень

– Итальяндықтар сырт алаңда қарсылас қақпаға жауапсыз 1 доп тоғытып, жеңіске жетті. Чехтардың сенсация жасауға мүмкіндік бар ма?

– Сырт алаңда «Лацио» тең ойнаған күннің өзінде, ол бұл жұптың ғана емес, биылғы Еуропа лигасының анық фавориті. Итальяндықтар өте тамаша маусым өткізуде. Бір ойында ғана жеңілістің ащы дәмін атты. Сондықтан «Лацио» командасы бүгін ірі есеппен, сенімді түрде жеңіске жетеді деп ойлаймын.

«Виктория Пльзеньде» еш мүмкіндік жоқ деп айтпай-ақ қояйын, футболда бәрі де мүмкін ғой, бірақ келесі кезеңге шығуы екі талай.

Сурет. Лацио – Виктория Плзень (Getty Images)

Олимпиакос – Буде-Глимт

– Норвегиялық клуб өз алаңында 3:0 есебімен жеңіске жетті. «Олимпиакостың» қарымта матчта камбэк жасау мүмкіндігі бар ма?

– «Олимпиакос» командасы осы Еуропа лигасында ең аз гол соғып, үздік сегіздіктің қатарына кірген команда. Сегіз матчты қоса есептегенде тоғыз голға қол жеткізіп, өз қақпасына үш доп жіберген. Яғни, жалпы іріктеу кезеңінде өте сәтті ойнады, әсіресе қорғаныста. Дегенмен, «Буде-Глимт» клубының алаңында 3:0 есебімен жеңілді. Былайша айтқанда, «Олимпиакос» сегіз матчта жібермеген голды, бір ойында өткізіп алған. Ал норвегиялық клубтың үздік сегіздіктің қатарына кіруге шынымен де керемет мүмкіндігі болған. Алайда, сәл-пәл жетпей қалды. Бір тең ойын құртты.

Дегенмен, «Буде-Глимт» бұл текетірестің тағдырын бірінші кездесуде шешіп тастады деп айтуға әбден болады. «Олимпиакос» өз алаңында өтетін қарымта матчта жеңуі мүмкін, бірақ жауапсыз үш доп соғу оңай шаруа емес.

Лион – ФКСБ

– Қонақта сенімді жеңіске жеткен «Лион» фаворит саналады. «ФКСБ» Францияда сенсация жасау үшін қандай тактикалық жоспар қолдана алады?

– Соңғы уақытта «Лион» командасы өте жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Тактикалық және менталды, жалпы барлық жағынан да физикалық тұрғыда қазір өте жақсы. Сондықтан, бүгін «Лион» жеңіске жетеді деп ойлаймын. «ФКСБ» клубының оған қарсы қаруы жоғын біз өткенде де көрдік. Әрине, тактикалық тұрғыда көп дүние өзгерткісі келеді. Бірақ «ФКСБ» сапында футболға үлкен бір жаңалық, леп алып келетіндей, «Лионнан» басым түсетіндей ресурс жоқ. Ротация бұл командада жоқтың қасы. Өйткені, мықты клубтарда ғана ротация мықты болады.

Манчестер Юнайтед – Реал Сосьедад

– Бірінші ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. «МЮ» аяқдопшыларының «Реал Сосьедадты» «Олд Траффордта» жеңуге күші жете ме?

– Сан-Себастьянда қос команда арасында өткен матчты өзім жүргіздім. «Манчестер Юнайтед» аяқдопшылары қорғаныста, ойынды ұйымдастыру және жинақылық жағынан өте жақсы өнер көрсетті, бірақ соңғы минуттарда 11 метрлік айып добы белгіленіп, қақпасына гол жіберіп алды.

Қазір Бруну Фернандеш шынымен де жақсы формада. Нағыз көшбасшы екенін көрсетіп жүр. Өткенде «Арсеналға» қарсы ойында да өзін дәлелдеді. Сондықтан алдағы матчта «Манчестер Юнайтед» жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алады деп ойлаймын.

Сурет: uefa.com

Рейнджерс – Фенербахче

– «Рейнджерс» Түркиядағы алғашқы ойында 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл текетірестің тағдыры шешіліп қойған деп айтуға бола ма?

– Қос команда арасындағы текетірестің тағдыры Стамбулда өткен матча шешілді десек болады. «Фенербахче» осы жылдың басынан бері жақсы келе жатқан еді: бірнеше ойында қарсыластарынан басым түсіп, бірнеше матчта тең ойнаған. Ал «Рейнджерс» Еуропа лигасында үздің сегіздіктің қатарынан көрінді. Сондай ақ, шотландық ұжым осы турнирде ең көп гол соққан командалардың бірі.

«Рейнджерс» пен «Фенербахче» арасындағы матч тең аяқталуы мүмкін. Өйткені, «Фенербахче» енді бар күшін Суперлигаға салатын шығар. Сондықтан бұл жұптан ширек финалға шығатын команда белгілі сияқты.

Сурет: uefa.com

Тоттенхэм – АЗ Алкмар

– Ағылшындар сырт алаңда өткен бірінші матчта қақпасына 1 доп жіберіп алды. «Тоттенхэм» қарымта ойында есе қайтара ала ма?

– «Тоттенхэм» қазір ала-құла ойнап жүр. Бірде жеңіске жетеді, бірде жеңіледі. Англия Кубогынан шығып қалды, Англия лигасы кубогының жартылай финалында «Ливерпульге» жол берді. Ел біріншілігінде қазір 13-ші орында.

Менің ойымша, Лондонда өтетін матча, «Тоттенхэм» барын салып, «АЗ Алкмар» командасын екі доп айырмасымен сенімді түрде жеңеді. Неге десеңіз, Еуропа лигасы – оларға трофей жеңіп алуға соңғы мүмкіндік. Оның үстіне ағылшындық командалардың деңгейі бәрібір бөлек қой.

Сурет: uefa.com

Басты сурет: Иньяки Уильямс («Атлетик»), Бруну Фернандеш («МЮ») және Сириль Дессерс («Рейнджерс»)UEFA