Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«МЮ», «Лацио», «Атлетик» фаворит, ал «Айнтрахттың» жеңіске жету мүмкіндігі төмен – Дидар Қадыров Еуропа лигасының ширек финал ойындары жайлы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

10 сәуірде Қазақстан уақыты бойынша сағат 21:45-те Еуропа лигасының ширек финал кезеңі басталады. Алғашқы матч Норвегияда өтеді, онда «Буде-Глимт» римдік «Лационы» қабылдайды. Қалған үш кездесу сәуірдің 10-нан 11-не қараған түні, түнгі 00:00-де басталады: «Лион» – «Манчестер Юнайтед», «Тоттенхэм» – «Айнтрахт» және «Рейнджерс» – «Атлетик».

Футбол комментаторы Дидар Қадыров Sport Pulse порталына алдағы ойындарға қатысты пікір айтты.

Буде-Глимт – Лацио

– Тарихта тұңғыш рет ширек финалға шыққан «Буде-Глимт» «Лациоға» лайықты қарсылық көрсетуге шамасы жете ме?

– Норвегиялықтар «Олимпиакосты» сенімді түрде жеңді, бірақ «Лацио» – мүлде басқа деңгейдегі команда. Римдіктер үшін екі майданда сәтті күресу маңызды. Олар А сериясы арқылы және Еуропа лигасы арқылы Чемпиондар лигасына шығуды қалайды. Ең бастысы команда күшін дұрыс бағалап, тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Бұл жұпта «Лацио» – фаворит. Аяқдопшылары қорғаныстан шабуылға жылдам көшіп, әдемі футбол көрсете алады. Құрылымы да – жоғары деңгейлі клубтарға тән. Меніңше, «Лацио» келесі кезеңге шығады. Дегенмен, «Буде-Глимт» жеңісті оңайшылықпен бере қоятын команда емес. Мінез – норвегиялық ұжымның басты қаруы.

«Буде-Глимттің» бас бапкері Кьетиль Кнутсен және жартылай қорғаушы Ульрик Салтнес. Сурет: uefa.com 

Лион – Манчестер Юнайтед

– «Стяуаны» сенімді түрде жеңген «Лион» «МЮ» аяқдопшыларына қарсы ойында басымдық таныта ала ма?

– Командалар арасында деңгей алшақтығы аса үлкен емес. Қалай болғанда да, «Юнайтед» – айқын фаворит. Иә, «Лион» соңғы матчтарда, оның ішінде «Лилльге» қарсы жақсы ойын көрсетті. Жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған футболшылары да бар. Ал «МЮ» АПЛ-дегі тұрақсыз нәтижесіне қарамастан, Еуропа лигасына үлкен мән беріп отыр. Ағылшындар бар назарын осы турнирге аударды, дайындыққа көп көңіл бөлуде. Меніңше, «Юнайтед» жартылай финалға шығады.

«МЮ» аяқдопшыларының Лионға ұшар алдындағы жаттығуы. Сурет: uefa.com

Тоттенхэм – Айнтрахт

– «Аяксқа» қарсы матчтарда шабуыл шебінде үздік өнер көрсеткен «Айнтрахттың» «Тоттенхэмді» жеңу мүмкіндігі бар ма?

– «Айнтрахт» мықты шабуыл күшіне ие команда деп айту ерте. «Аякс» өзі өте тұрақсыз болғандықтан, франкфурттіктер ашық ойынады. Олардың құрамы өте жас.

Ал «Тоттенхэмнің» жағдайы қазір «МЮ»-мен ұқсас – АПЛ-ден үміттенетін ештене жоқ, бар сенім – Еуропа лигасына. Олар үшін турнир өте маңызды және Чемпиондар лигасына жолдама алу қажет. Мики ван де Вен оралып, қазір команда күшейіп келеді. Меніңше, «Айнтрахттың» жеңіске жету мүмкіндігі «МЮ»-ге қарсы ойнайтын «Лионның» мүмкіндігінен де аз.

«Тоттенхэм» ФК

Рейнджерс – Атлетик

– «Рома» командасынан айласын асырған «Атлетикке» «Рейнджерстің» күші жете ме?

– Мен бұл жұпта анық фаворит бар деп есептеймін. Бірақ, бұл «Атлетик» «Рейнджерс» қақпасына жауапсыз 6 -7 доп тоғытып, қарсыласын жермен жексен етеді дегенді білдірмейді. Анығы шотландтықтар үшін жеребе сәтсіз болды. «Атлетик» тұрақты, өте мықты команда. Ла Лигада да, еурокубоктарда да өзін сенімді сезінеді. Иньяки Уильямс және Никоның өнері, орталық жартылай қорғаныстағы жақсы байланыс, сенімді қорғаныс – осының барлығы маған бір ой салады: олар Еуропа лигасының жартылай финалына шығуы тиіс.

«Атлетик» ФК Авторы: Juan Manuel Serrano Arce | Дереккөзі: Getty Images

Еуропа лигасының ширек финалының қарымта кездесулері 17-ші сәуірде өтеді. Жартылай финалдар 1 және 8 мамырға жоспарланған. Ал ақтық ойын 21 мамырда Бильбаодағы «Сан-Мамес» стадионында өтеді.

Еуропа лигасының қазіргі чемпионы– «Аталанта», олар финалда «Байерді» 3:0 есебімен жеңген болатын.

Биылғы жарыстың жеңімпазы трофеймен бірге, Чемпиондар лигасына жолдама алады.

Басты сурет: Global Look Press

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!