06.03.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«МЮ» дағдарысы, румындық сенсация және Бильбаодағы бәсеке: Еуропа лигасының 1/8 финалынан не күтеміз?

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

6 наурызда Еуропа лигасының 1/8 финалының алғашқы матчтары басталады. Трофей үшін күрес жолын 16 клуб жалғастырады. Олардың арасында фавориттер мен сенсацияға қол жеткізгендер бар.

Қай кездесу өзгелерге қарағанда тартысты да, көзге тартымды болмақ? Андердогтар күтпеген нәтиже көрсете ала ма? Спорт журналисі Всеволод Хван Sport Pulse сайтына алдағы ойындарға қатысты пікір айтты.

АЗ Алкмар – Тоттенхэм

– «АЗ Алкмар» британдықтарға лайықты қарсылық көрсете ала ма?

– «Тоттенхэм» Еуропа лигасына басымдық береді, өйткені бұл – биылғы маусымда трофейге қол жеткізудің соңғы мүмкіндігі. «Тоттенхэм» ішкі турнирлерде – Англия Кубогы мен премьер-лигада алқаға үміткерліктен тыс қалды.

Ал плей-офф кезеңінде «Галатасарайды» жарыс жолынан шығарып жіберген «АЗ Алкмар» баршамызды таңқалдырғаны рас. Бірақ жаңа сенсация жасауға күші жете ме? Қазір командалардың мүмкіндіктері тең – 50/50.

Реал Сосьедад – Манчестер Юнайтед

– «Реал Сосьедадқа» қарсы матчқа дейіг «МЮ» кадрлық мәселелерін қалай шешпек?

– Бұл – 1/8 финалдың ең қызықты жұптарының бірі. Екі команда да ұлттық біріншілікте тұрақсыз ойын көрсетуде.

«Реал Сосьедад» бұрынғыдай жарқын ойын көрсете алмай жүр, ал «МЮ»-де кадрлық мәселелерден бөлек, өзге де маңызды проблема бар. Рубен Аморим осы уақытқа дейін ойын жүйесін қалыптастыра алмады, командада үйлесімділік жоқ. Бүгінгі матчта басктер осы әлсіздікті пайдаланып кетуі мүмкін.

Сурет авторы: Juan Manuel Serrano Arce Дереккөз: Getty Images

ФКСБ – Лион

– ФКСБ «Лионның» тұрақсыздығын пайдаланып, ширек финалға өте ала ма?

– Румын клубы турнирдің сенсациясына айналды. Бірақ тұрақсыз ойын көрсетіп жүрген «Лионды» жеңу қиынға соғады. Аяқдопшылардың деңгейінде үлкен айырмашылық бар. ФКСБ үшін Еуропа лигасы осы кезеңде аяқталуы мүмкін. Бірақ бұл да – жаман нәтиже емес.

Фенербахче – Рейнджерс

– «Фенербахче» «Рейнджерстің» шабуыл күшін қалай тоқтатпақ?

– Түркиялық клуб – фаворит. Моуриньюнің командасы «Галатасараймен» чемпиондыққа таласып жатыр және екі турнирде де жоғары деңгейде ойнауға қауқары жететіндей құрамы бар.

Стамбулда кез келген қарсыласқа оңай соқпайды. Бүгінгі матчта «Рейнджерс» қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдар арқылы гол соғуға тырысады. Шотландия чемпионатында «Селтик» чемпион атануға жақын тұр, сондықтан «Рейнджерс» үшін Еуропа лигасы – басты басымдық.

Аякс – Айнтрахт

– «Аякстың» жас құрамы прессинг жасауға құмар «Айнтрахтқа» төтеп бере ала ма?

– «Аякста» аздап артықшылық бар. Жас әрі өзіне сенімді команда, ұзақ ізденістен кейін қайтадан бабына келді. Қазір Эредивизияда титулға үміткер. Клубтағы ұрпақ алмасу процесі аяқталғанға ұқсайды.

x.com/AFCAjax

«Айнтрахт» керісінше, қарқынын бәсеңдетті. Команда біраз уақыт «Бавария» мен «Байерге» бәсекелес болуға тырысты, бірақ соңғы турларда осы екі клубтан да ойсырай жеңілді.

Буде-Глимт – Олимпиакос

– Наурыз айының басында Норвегиядағы климаттық жағдайларды ескерсек, «Буде-Глимт» аяқдопшылары «Олимпиакосқа» қаншалықты қиындық туғызуы мүмкін?

– Жаңбыр, жел, су басқан алаң – бұл екі командаға да сынақ. Екі команда да өз үйлерінде мықты. Сондықтан бәсекенің тағдырын, бірашама осы алғашқы ойын шешіп кетуі мүмкін.

Норвегиялықтар шабуылға басты назар аударып, Афинада өтетін қарымта кездесу алдында басымдыққа ие болуға тырысады. Алайда «Олимпиакостың» қарсыласқа қарағанда ойын тәжірибесі бар – қазір Грекия чемпионаты қызу өтуде, ал Норвегияда әлі маусым басталған жоқ.

Виктория Пльзень – Лацио

– «Виктория Пльзень» «Лационы» стандарттар мен қарсы шабуылдар арқылы таңғалдыра ала ма?

– Бұл жұпта айқын фаворит – «Лацио». Класс жағынан айырмашылық үлкен.

Чех клубына өткен кезеңде жеребе сәтті болды, бірақ римдіктерді жеңу оңай емес. Әрине, футболда тосын нәтижелер болуы мүмкін, бірақ бұл матчта сенсацияның болу ықтималдығы төмен.

Рома – Атлетик Бильбао

– «Рома» «Атлетиктің» күшке басты ден қоятын футболына қарсы қандай тактика қолданады?

– Екі командаға да жеребе сәтсіз болды. Мүмкіндіктері бірдей, бірақ «Атлетиктің» қосымша мотивациясы бар – Еуропа лигасының финалы өз алаңдарында, «Сан-Мамес» стадионында өтеді.

«Атлетик» Ла Лигадағы кейбір ойындарын құрбан етіп, еурокубоктарға күш салып келеді. Ал «Рома» бапкері ауысқаннан кейін қайта қалпына келіп, прагматикалық ойын үлгісін таңдады.

Жекелеген аяқдопшылардың шеберлігі матчтың тағдырын шешуі мүмкін: Пауло Дибаланың креативі Нико Уильямстың жылдамдығына қарсы.

Дибала және Уильямс 

1/8 финалдың алғашқы матчтары – 6 наурызда, қарымта ойындар – 13 наурызда өтеді. Еуропа лигасының ақтық кездесуі 21 мамырда Бильбаода ұйымдастырылады.

Басты сурет: Getty Images