Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Мұндай матчтарда командалар соңғы шайқасқа шыққандай ойнайды». Станислав Черчесов — Чемпиондар лигасының жартылай финал ойындары жайлы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Мұндай матчтарда командалар соңғы шайқасқа шыққандай ойнайды». Станислав Черчесов — Чемпиондар лигасының жартылай финал ойындары жайлы

Сәуірдің 29-нан 30-ына қараған түні Чемпиондар лигасының жартылай финалының бірінші матчында «Арсенал» Лондонда «ПСЖ»-ны қабылдайды — ойын Қазақстан уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады.

Келесі күні, сәуірдің 30-нан мамырдың 1-не қараған түні, дәл сол уақытта «Барселона» өз алаңында «Интермен» кездеседі.

Жартылай сынға дейін командалар ұзақ әрі күрделі жолдан өтті:

– «Арсенал» турнирдің қазіргі чемпионы мадридтік «Реалды» жарыстан шығарды (екі матч қорытындысы бойынша 5:1);

– «ПСЖ» зорға дегенде «Астон Вилладан» өтті (5:4);

– «Барселона» дортмундтық «Боруссияны» жеңді (5:3);

– «Интер» мюнхендік «Бавариядан» айласын асырды (4:3).

Sport Pulse порталына Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері, еурокубоктық жарыстарда тәжірибесі бар маман Станислав Черчесов алдағы жартылай финалдық матчтар жайлы пікір айтты:

Арсенал — ПСЖ

— Қазіргі «ПСЖ»-ны Месси мен Неймар ойнаған жылдардағы жұлдызды командамен салыстырғанда, анағұрлым біртұтас ұжым деуге бола ма?

— «Арсенал» мен «ПСЖ» өз чемпионаттарында тұрақты әрі сапалы футбол көрсетіп жүрген ұжымдар. Екеуі де әдемі, шабуылдаушы футбол ойнайды. Месси, Неймар мен Мбаппе кеткен соң, көпшілік «ПСЖ» әлсірейді деп ойлады. Алайда дәл қазір олар нағыз командаға айналды. Футбол — бұл бір ойыншының шоуы емес, бұл — командалық ойын. Үшеуі де ұлы футболшылар екеніне күмәнім жоқ, бірақ команда бір механизм секілді жұмыс істеуі керек. Бұрын оларға бірдеңе кедергі болған шығар — финалға дейін жете алмады. Ал «Арсеналда» бапкер үшінші маусым қатарынан жұмыс істеп жатыр, команда жылдан-жылға жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл жұпта фаворитті нақты айту қиын — екеуі де ұқсас стильде ойнайды.

— Ал ширек финалды еске түсірсек: Бирмингемдегі ойын «ПСЖ» алаңдататын белгі болды ма?

— Үйде «ПСЖ» жарқын ойын көрсетті, ал қонақта — аса сенімді болмады. Доннарумманың арқасында ғана келесі кезеңге өтті десек қателеспейміз. Мұндай деңгейде барлығы матч күні команданың көңіл күйі мен дайындығына байланысты болады.

Барселона — Интер

— «Барселона» көктемде қарқын ала бастады, ал «Интер» керісінше, сәл тежеліп қалды. Бұл жекпе-жекте шешуші сәт қай тұста жатыр деп ойлайсыз?

— «Барселона» мен «Реалдың» матчын көрдім — команда жылдам қозғалады, шабуылдайды, гол соғады. Ойын жүйесі тұрақты, айқын құлдырау жоқ. Қазір негізгі қақпашы — Тер Штеген емес, оның орнын Щенсны басты. Меніңше, өте орынды әрі сенімді ауыстыру болды.

Ал «Интер» күздегі сенімділігін жоғалтып алған сияқты. Шаршау ма? Мүмкін. Ойындары көп, сондықтан да қарқыны төмендеген шығар. Бірақ бұл — жартылай финал. Өз тәжірибемнен білемін, еурокубоктардың жартылай финалында екі рет ойнадым — ол кезде Чемпиондар кубогы мен Кубок иелері кубогы болатын. Мұндай матчтарда команда қандай күйде болса да, соңғы шайқасқа шыққандай ойнайды. Бұл жұпта 51% «Барселона» жеңімпаз болады дер едім, бірақ барлығы ойын өтетін күні клубтың аяқ алысынан белгілі болады.

— Бірінші ойындағы жарақат не шаршау екінші кездесудің тағдырына қатты әсер етуі мүмкін бе?

— Әрине. Жартылай финалда бәрі ұсақ-түйекке байланысты — жарақаттар, ауысымдар, психологиялық күй. Финал екі матчтан тұрады, сондықтан арадағы жағдай бәрін өзгертіп жіберуі мүмкін. Ең бастысы — футбол болсын, ал ол міндетті түрде болады. Ең мықтысы жеңсін!

Жауапты матчтар 6-шы мамырда Миланда, 7-ші мамырда Парижде өтеді.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!