28.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Мұндай ойындар команданы шыңдайды — жеңіс үшін бар күшімізді саламыз» — Жоао Паулиньо «Қайратқа» қарсы матч алдында

«Мұндай ойындар команданы шыңдайды — жеңіс үшін бар күшімізді саламыз» — Жоао Паулиньо «Қайратқа» қарсы матч алдында

29 маусымда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қазақстан премьер-лигасының 14-турының орталық матчы өтеді: жергілікті «Ордабасы» алматылық «Қайратты» қабылдайды. Ойынның басталуы — Қазақстан уақыты бойынша 20:00-де.

Өткен турда екі команда да жеңіске жеткен болатын. Андрей Мартиннің шәкірттері «Оқжетпестен» 1:0 есебімен басым түссе, «Қайрат» дәл осы есеппен «Қызылжарды» тізе бүктірді.

Қазіргі таңда турнир кестесінде көш бастап тұрған — «Астана» (14 матч, 33 ұпай), екінші сатыда «Қайрат» (30 ұпай) келеді, ал үздік үштікті «Тобыл» (12 ойын, 27 ұпай) түйіндеп тұр. 12 кездесу өткізген «Ордабасы» 19 ұпаймен жетінші орында.

Матч қарсаңында шымкенттік клубтың шабуылшысы, Кабо-Верде тумасы Жоао Паулиньо Sport Pulse порталына алдағы ойынға қатысы пікір білдірді:

— Бұл қос команда үшін де оңай ойын болмайтыны анық — тартысты, шиеленісті кездесу күтіп тұр. Бірақ дәл осындай ойындарды біз жақсы көреміз, себебі олар команданы шыңдайды, нағыз футбол сезімін сыйлайды. Біз өз алаңымызда, жанкүйерлеріміздің қолдауымен ойнаймыз — бұл бізге күш береді. Ең жақсы ойынымызды көрсетіп, жеңіске жетіп, үш ұпай алуымызға үміттіміз.

Кездесуді тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!