02.07.2025
Оқу уақыты: 4 мин

«Мүмкіндікке қарай өмір сүріп, бірақ үлкен амбициямен алға жылжимыз» — «Ордабасы» клубының президенті Асхат Сейсембек

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Мүмкіндікке қарай өмір сүріп, бірақ үлкен амбициямен алға жылжимыз» — «Ордабасы» клубының президенті Асхат Сейсембек

Қиын кезеңге қарамастан, шымкенттік «Ордабасы» тұрақты даму жолына түсіп келеді. Біз клуб президенті Асхат Сейсембекпен қайта құрылым, инфрақұрылымды дамыту, жастарға сенім артудың маңызы мен еурокубоктағы жоспарлар туралы сұхбаттастық.

— Асхат Рашидұлы, өткен жылдың қарбаласынан кейін көптеген жанкүйерлер клубтың болашағына алаңдаулы болды. Бүгінгі «Ордабасыны» қалай бағалайсыз?

— Иә, соңғы бір жылда клуб ауқымды реформалар мен ішкі жаңарудан өтті. Басқару жүйесінде жүйелі өзгерістер енгіздік. Ішкі процестерді тұрақтандыру үшін бірқатар ішкі құжаттар қабылданды. Бұл жұмыстар сырт көзге көрінбесе де, командалық құрылымнан нағыз клубқа айналудағы маңызды қадам. Бюджет пен жалақы қорын оңтайландыру, ашық қаржылық модельге көшу – осының нақты нәтижесі. Біз ешқандай асығыс шешімдерсіз, біртіндеп әрекет етудеміз.

Өткен жыл ішкі атмосфера тұрғысынан да, сыртқы әсерлер жағынан да өте ауыр болды. Бірақ соған қарамастан, біз тұрақтылықты сақтап қалдық, ұжымды бірлікте ұстадық және маусымды еурокубок аймағында аяқтадық – бұл үлкен жетістік. Бүгінде «Ордабасы» өз мүмкіндігіне сай өмір сүруде – бұл біздің принципті ұстанымымыз. Жылдам нәтижеге ұмтылмай, болашаққа сенімді қадам басудамыз. Бұл – популизм емес, қажеттілік.

— Ал инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүріп жатыр. Қандай жұмыстар атқарылды?

— Біз қарап отырған жоқпыз. Ұзақ жылдардан кейін алғаш рет стадионды жөндеуді бастадық. Бас аренадағы табиғи газон толықтай ауыстырылды – енді ол еуропалық стандарттарға сай. Сондай-ақ, стадион астындағы бөлмелер күрделі жөндеуден өтті: толық жаттығу залы ашылды, заманауи медициналық құрылғылар алынды, киім ауыстыратын бөлмелер мен душтар жаңартылды. Ең бастысы – бұл жұмыстардың бәрі клубтың ішкі қаражаты есебінен жүргізілді. Несиесіз, демеушісіз. Бұл да дұрыс қаржы саясатының жемісі.

— Бюджетті оңтайландыру қаншалықты ауыр тиді?

— Әрине, бұл оңай болған жоқ. Біз артық жалақы мен күмәнді келісімдерден бас тарттық. Оның орнына жүйелі, есептелген шешімдерге көштік. Енді әр шешім нақты есеппен қабылданады. Бірақ бұл амбициядан бас тарттық деген сөз емес. Енді біздің жолымыз – ақылды, есепке негізделген жүйелі даму. Мүмкіндігімізден артық төлемейміз. Соған қарамастан, тоқтап тұрған жоқпыз – мысалы, жақында «Puma» компаниясымен серіктестік орнаттық. Бұл – тек имидж жағынан ғана емес, қаржылық жағынан да маңызды қадам. Клубтың мәртебесін көтеріп, бізді жаһандық брендпен байланыстырады.

— Жанкүйерлер командадан нәтиже күтетінін жиі айтады. Бұл талаптарға не дейсіз?

— Бұл – қалыпты нәрсе. Әсіресе футболмен өмір сүретін Шымкент үшін. Жанкүйер жеңіс, эмоция, кубок күтеді. Бірақ ашық айтуымыз керек: биыл біз жаңа команда құрып жатырмыз. Жаңа бапкер, жаңа ойыншылар, жаңа философия. Бұл – бір күнде бітетін процесс емес. Жақсы нәтиже үшін уақыт, шыдам және қолдау қажет. Біз команданы бір маусымға емес, болашаққа арнап құрып жатырмыз. Сондықтан жүріп жатқан жолға сенім арту маңызды.

Екінші айналым алда. Біз команданы нақты бағытта күшейтуді жалғастырамыз. Бұл бізді бәсекеге қабілетті етеді. Айта кетейік, біз Қазақстан Кубогының жартылай финалына шықтық. Бұл да – үлкен мүмкіндік. Күрес енді басталды. Біз әр матчта жанкүйерді қуантуға тырысамыз.

— Қазір трансферлік жұмыс жүріп жатыр. Құрам қалай жасақталып жатыр және бұл қаншалықты қиын?

— Бүгінде ойыншы таңдауда екі негізгі фактор бар: шеберлік деңгейі мен бюджетке сәйкестігі. Топ-футболшылар жоғары жалақы талап етеді, ал мүмкіндігіне қарай өмір сүретін клуб олардың сұранысын орындай алмайды. Сондықтан селекция оңай емес. Бірақ бұл – біз деңгей төмендетеміз деген сөз емес.

Біздің міндет – клубқа пайда әкелетін, лига деңгейіне сай, жастарымызға үлгі бола алатын ойыншыларды табу. Олардың жанында жергілікті таланттар өсіп, жаңа сапа деңгейіне шығуы тиіс.

— Қазір алаңда жастар жиі көрініп жүр. Бұл бағытты саналы түрде таңдадыңыздар ма?

— Иә. Біз көп жылдан кейін алғаш рет өз жастарына шын сеніп отырмыз. Жай ғана ойынға шығарып қоймай, нағыз мүмкіндік беріп жатырмыз. Бұрын-соңды біздің тәрбиеленушілер мұндай көлемде ойынға қатыспаған. Қазірдің өзінде бірқатары Премьер-лига деңгейінде ойнай алатынын дәлелдеп жүр. Дұрыс көзқараспен олар ертең команданың негізгі тірегіне айналады деп сенеміз.

— «Ордабасы» футбол орталығында жағдай қалай?

— Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – болашақ клубтың іргетасы. Бүгінде орталықта серпін жақсы: қатысушылар саны артып, талантты жастар көріне бастады. Біз алаң, жабдық, оқу жүйесіне қаржы құямыз. Инфрақұрылымды жақсартамыз.

Ең басты назар – бапкерлердің біліктілігін арттыруда. Жергілікті мамандар білім алып, тәжірибе алмасып, заманауи талаппен жұмыс істейді. Бұл тек болашақ футболшыларды ғана емес, білікті бапкерлерді де дайындауға көмектеседі. Болашақта олар клубтың бапкерлік штабының мүшесі болуы да ғажап емес. Біз уақытша шешім емес, жүйе құрып жатырмыз.

— «Ордабасы» жанкүйерлері алдағы уақытта не күте алады?

— Күрес, даму, қозғалыс күтіңіздер. Бізде енді жүйе, нақты стратегия бар. Жаңа есімдер, трансферлер, мінез де болады. Біз «Ордабасыны» жай ғана Премьер-лига қатысушысы емес, мақтаныш етер клуб еткіміз келеді. Бәрі жақсы болады деп сенемін. Жанкүйерлерге айтарымыз – біз сіздер үшін және сіздермен бірге жұмыс істеп жатырмыз.

— Сұхбат үшін рақмет. «Ордабасыға» барлық бағытта сәттілік тілейміз.
— Рақмет! Ең бастысы – болашаққа сеніммен қарап отырмыз.