01.07.2025
Оқу уақыты: 3 мин

«Мүмкіндігімізге қарай алға басып келеміз, мақсатымыз — үлкен» — «Ордабасы» клубының президенті Асхат Сейсембек

«Мүмкіндігімізге қарай алға басып келеміз, мақсатымыз — үлкен» — «Ордабасы» клубының президенті Асхат Сейсембек

Қиын кезеңге қарамастан, Шымкенттің «Ордабасы» ұжымы тұрақты даму жолына сенімді түрде бет алып келеді. Біз клуб президенті Асхат Сейсембекпен команда ішіндегі өзгерістер, инфрақұрылымның дамуы, жастарға сенім мен еурокубоктық жоспарлар туралы әңгімелестік.

— Асхат Рашидұлы, өткен жылдың күрделі болғанын ескерсек, жанкүйерлердің болашаққа қатысты уайымы орынды. Қазіргі «Ордабасының» жағдайын қалай бағалайсыз?

— Расында, өткен жылы клуб ауқымды реформалардан өтті. Басқару жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Барлық процестерді тұрақтандыру үшін ішкі құжаттар жүйесі жасалды. Бұл сырт көзге көрінбейді, бірақ біз үшін командадан клуб деңгейіне өту жолындағы маңызды қадам. Нәтижесінде бюджет пен жалақы қорын оңтайландырдық, қаржыны ашық әрі есепті түрде басқаруға көштік. Бұл бірден емес, жүйелі түрде жүзеге асып жатыр.
Өткен жыл ішкі ахуал мен сыртқы факторлар әсерінен өте қиын болды. Соған қарамастан біз тұрақтылықты сақтап, ұжымды біріктіріп, маусымды еурокубок аймағында аяқтадық. Бұл — үлкен жетістік. Қазір «Ордабасы» мүмкіндігіне қарай алға басып келеді. Бұл — біздің саналы түрде қабылдаған қағидатымыз. Жылдам нәтижеге емес, берік негізге сүйеніп алға жылжимыз. Бұл популизм емес, қажеттілік.

— Инфрақұрылымды дамытуға байланысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін не жасалды?

— Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Бірнеше жылдан кейін алғаш рет стадионды ретке келтіріп жатырмыз. Орталық аренада табиғи, еуропалық стандарттарға сай жаңа көгал төселді. Трибуна астындағы аймақ күрделі жөндеуден өтті: жаттығу залы, медициналық жабдық, киім ауыстыру бөлмелері, душқа түсу орындары жаңартылды. Мұның бәрі клубтың ішкі қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Несие де, демеуші де тартылған жоқ. Бұл — қаржы жүйесін сауықтырудың айқын нәтижесі.

— Бюджетті оңтайландыру қаншалықты ауыр болды?

— Бұл, әрине, оңай болған жоқ. Біз күмәнді келісімдерден бас тарттық. Оның орнына жүйелі, есепті саясат құрдық. Енді әр шешім — нақты есеп пен жауапкершілікке негізделген. Бірақ бұл біздің мақсаттарымыз азайды деген сөз емес. Керісінше, біз ақылмен әрекет етеміз. Мысалы, жақында «Puma» компаниясымен әріптестік орнатып, клубтың беделі мен қаржылық әлеуетін арттырдық.

— Жанкүйерлер командадан дәл қазір нәтиже күтетінін жиі айтады. Осыған қатысты не дейсіз?

— Бұл — заңды. Шымкент — футболмен өмір сүретін қала. Жеңіс, эмоция, трофей күту — қалыпты. Бірақ шындықты айтуымыз керек: бұл маусымда біз жаңа команданы құрып жатырмыз. Жаңа бапкер, жаңа ойыншылар, жаңа философия. Бұл — уақытты талап ететін процесс. Біз бір маусым үшін емес, келешек үшін команда құрып жатырмыз. Сондықтан шыдамдылық пен қолдау керек. Біз жанкүйерлерді әр матчта қуантуға тырысамыз. Қазақстан Кубогының жартылай финалына шықтық, бұл да жақсы мүмкіндік.

— Қазір трансферлік жұмыс жүріп жатыр. Құрам қалай жасақталады?

— Біз екі негізгі факторды басшылыққа аламыз: ойыншының деңгейі және клуб бюджетінен аспайтын шарттар. Мықты футболшылар үлкен жалақы талап етеді, ал біз мүмкіндігімізге қарай шешім қабылдаймыз. Бұл оңай емес, бірақ біз сападан бас тартпаймыз. Бастысы — лигамыздың деңгейіне сай, клубқа пайда әкелетін ойыншыны табу. Сонымен бірге жастарға үлгі болатын, оларды жетілдіретін футболшыларға да басымдық береміз.

— Командада жастар жиі ойнап жүр. Бұл саналы таңдау ма?

— Иә. Біз жастарымызға сенім артып отырмыз. Олардың ойын уақыты көбейді. Бұрын-соңды мұндай мүмкіндік болмаған. Қазірдің өзінде кейбірі премьер-лига деңгейінде ойнай алатынын дәлелдеді. Дұрыс жұмыс істесек, олар болашақ команда тірегіне айналады.

— «Ордабасы» футбол орталығында жағдай қалай?

— Жастар футболын дамыту — біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Қатысушылар саны артып, талантты балалар пайда болуда. Біз инфрақұрылымға, әдістемеге, жаттықтырушылардың білімін арттыруға қаржы бөліп жатырмыз. Бұл тек ойыншылар емес, болашақ бапкерлердің де өсіп-жетілуіне жол ашады. Олар ертең негізгі команда штабының мүшесі болуы мүмкін. Бұл уақытша шешім емес, біз арнайы жүйені қалыптастырудамыз.

— «Ордабасы» жанкүйерлеріне командадан жақын уақытта не күтуге болады?

— Күрес, даму, тұрақтылық күтсін. Бізде жүйе мен стратегия бар. Жаңа есімдер, трансферлер болады. Мінез бен қайсарлық та болады. Біз премьер-лиганың қатысушысы ғана емес, мақтан тұтатын клуб болғымыз келеді. Болашағымызға сеніммен қараймыз. Жанкүйерлерге рақмет — біз олар үшін және олармен бірге жұмыс істейміз.

— Сұхбат үшін рақмет. «Ордабасыға» сәттілік тілейміз.

— Рақмет! Бастысы — біз болашаққа сеніммен қараймыз.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!