Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Мо Салах «Ливерпульмен» жаңа келісімшартқа қол қойды

«Ливерпуль» шабуылшысы Мохамед Салах клубпен жаңа екі жылдық келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы BBC Sport хабарлады. Бұған дейін 32 жастағы мысырлықтың келісімі осы жазда аяқталуы тиіс еді, сондықтан оның Сауд Арабиясына ауысуы мүмкін деген ақпараттар жиі тараған болатын.

Салах «Ливерпуль» сапында сегіз жыл ішінде 393 матчқа қатысып, 243 гол соқты және 109 нәтижелі пас берді. Қазіргі маусымда оның еншісінде барлық турнирлерде 32 гол бар.

«Әрине, мен өте қуаныштымын — бізде керемет команда бар. Мен жаңа жеңістерге жететінімізге сенгендіктен келісімшартқа қол қойдым. Мұнда сегіз жыл өткіздім, он жыл болады деп үміттенемін. Мансабымның ең жақсы жылдары осы клубта өтті», — деді Салах.

Ағылшын премьер-лигасында жеті тур қалғанда «Ливерпуль» «Арсеналдан» 11 ұпайға алда тұр. Егер команда чемпион атанса, бұл клуб тарихындағы 20-шы чемпиондық болады.

Жаңа келісімшарт бойынша келіссөздерде Салахтың жалақысын қысқарту мәселесі қозғалмаған. Бұрынғы келісімшарт оған клуб тарихындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншы мәртебесін берген еді — аптасына 350 мың фунттан астам.