10.01.2025
Оқу уақыты: 4 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

ҮМІТКЕРЛЕР ҚАТАРЫНДА: ҚАЗАҚСТАН ШОРТ-ТРЕКТЕН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ТАРИХИ АЛТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛА МА?

IMG 8935

Қысқы Азия ойындары тарихында Қазақстан құрамасы шорт-тректен ешқашан алтын медаль жеңіп алмаған. Шорт-трекшілердің еншісінде эстафеталық жарыстардан тек үш қола медаль бар. Харбинде өтетін Азия ойындарында ұлттық құрама тарихты жаңартуға барлық күш-жігерін салары анық. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Шорт-трек — Қысқы Азия ойындарындағы ең әсерлі спорт түрлерінің бірі. Сонымен қатар ол күтпеген нәтижелерге толы болғандықтан, белгілі бір қашықтықта жеңімпазды алдын ала болжау мүмкін емес. Шорт-трекшілер жиі тәуекелге бел буады. Бұл спортшылардың зақымдануына, қақтығыстарға және пенальтиге алып келіп, соңында нәтижелерге әсер етеді.

Спорттың бұл түрі Азияның әлемдік аренадағы айрықша ойып алар ерекшелігі. Азиаттық мектептің мықтылығын Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарындағы үстемдігі дәлелдейді. Құрлықтың басты көшбасшылары — Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония.

Соңғы жылдары Қазақстан шорт-тректен айтарлықтай қарқын алды. Қазіргі уақытта команда құрамында өте мықты спортшылар бар. Сондықтан алдағы Азия ойындарында біздің спортшыларымыз таңғалдыра алады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта шорт-тректен Қазақстан құрамасының еншісінде тек үш қола медаль бар. Біздің шорт-трекшілер алғаш рет 2011 жылғы Азия ойындарында жүлдегер атанды. Ерлер эстафетасында Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Федор Андреев және Артур Сұлтанғалиевтен жасақталған құрама үшінші орын алды. Сол жылы әйелдер командасы да қола медаль иеленді. Жүлдені Инна Симонова, Ксения Мотова, Дарья Волокитина және Анна Самарина жеңіп алды.

2017 жылы Саппорода өткен Азия ойындарында әйелдер командасы бұл жетістікті қайталап, Анастасия Крестова, Ольга Тихонова, Мадина Жанбусинова, Анита Нагай және Ким Ёнг Аның арқасында тағы бір қола медальға қол жеткізді.

Жекелей сында әзірге медальдар жоқ. Дегенмен, 2017 жылдан кейін Қазақстан құрамасы тұрақты түрде дамып үстінде. Атап айтсақ, Әлем кубогы кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болды, ал Денис Никиша әлем чемпионатында екінші орын алды. Сонымен қатар Харбинге аттанатын Алина Әжғалиева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған еді. Осылайша, қазіргі уақытта шорт-тректен Қазақстан құрамасына үлкен үміт артуға болады.

Қызығы, бұл спорт түрінде Азиядағы көшбасшылар қашықтық ұзақтығына қарай өзгеріп тұрады. Мысалы, 500 метр қашықтықтағы алтын медальдардың көп бөлігін Қытай спортшылары жеңіп алған. Оңтүстік Корея өкілдері 1000, 1500 метр қашықтықтарда және эстафеталарда үстемдікке ие. Жапон спортшылары да қалыс қалған емес. Ал Солтүстік Корея мен Қазақстан құрамаларының үздік үштікке ілінуі сирек кездесетін жағдай.

Жалпы, Қытай мен Оңтүстік Корея тек Азияда ғана емес, әлемде де ең мықты құрамалардың қатарында. Бұл елдердің спортшылары техникалық шеберлігімен және күтпеген әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар олардың физикалық дайындығы мықты, төзімділік жағынан да ақсап тұрған жоқ. Көптеген сарапшы бұл құрама спортшыларының керемет бұрылыстар жасауын, түрлі жағдайларда жылдамдықты сақтау қабілеті сынды артықшылықтарын атап өтеді.

2017 жылмен салыстырғанда, Қазақстан құрамасы айтарлықтай күшейді. Өз стилі қалыптасып, жаңа есімдер пайда болды, шеберлік деңгейі де едәуір артты. Әлемдік турнирлерде қазақстандық шорт-трекшілер енді жай қатысушылар емес. Кейбір қашықтықтарда олар алдағы Азия ойындарының фавориттері қатарында. Әсіресе, өткен жылғы әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрамаға деген сенімділік артты.

Оңтүстік Корея сол чемпионатта сәтсіздікке ұшырады. Ерлер жарысында корейліктер алтынсыз қалып, тек бір күміс медальмен шектелді. Қазақстан да дәл осындай нәтижеге қол жеткізді: 500 метр қашықтықта Денис Никиша екінші болып мәреге жетті. Ал Ким Гил Ли 1500 метр қашықтықта бірінші орын алып, Корея құрамасын құтқарып қалды.

Керісінше, Қытай құрамасы керемет нәтиже көрсетті. Олардың қоржынында әлем чемпионатының қорытындысы бойынша төрт алтын медаль бар. Ал Жапония 2024 жылғы чемпионатта бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Дегенмен, бұл жағдай Азия ойындары алдында құрамалардың мықтылық жағынан теңдігін дәлелдей алмайды. Керісінше, бұл деректер шорт-тректің қаншалықты болжап болмайтын спорт екенін аңғартады.

Егер нақты есімдер туралы айтсақ, Оңтүстік Кореяның құрамында Пан Джи Вон, Чжан Сунву, Пак Чан Хек, Гилли Ким, Сухи Шим сияқты спортшылар бар. Қытай атынан Шаолинь Шандор мен Шаоанг Лю, Сун Лон, Линь Сяоцзюнь, Гонг Ли, Изе Чжан қатысады. Жапония құрамасы Рина Ямана, Ами Хираи, Шого Мията және Дан Ивасаны ұсынады. Ал Қазақстаннан Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Яна Хан, Ольга Тихонова және Алина Әжғалиева жарысқа түседі.

Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы эстафеталық командаларға үлкен үміт артып отыр. Команда 2011 жылғы жетістігін қайталауы мүмкін, сол жылы ерлер мен әйелдер жарыстарында медальдар еншілеген болатын. Никиша, Әжғалиев, Әжғалиева, Хан және Тихонова жекелей есепте үздік үштікке таласа алады.

Глеб Ивченконың қандай нәтиже көрсетері әлі беймәлім болып отыр. Дей тұрғанмен, оның қазіргі әлеуеті жоғары нәтижелер көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан Харбинде ол өзін танытуы мүмкін.

Толық құрам келесі спортшылардан тұрады:

— Денис Никиша

— Абзал Әжғалиев

— Мерсаид Жақсыбаев

— Әділ Ғалиахметов

— Глеб Ивченко

— Айбек Насен

— Ольга Тихонова

— Яна Хан

— Малика Ермек

— Алина Әжғалиева

— Мадина Жанбусинова

— Зейнеп Құмарқан

Қазақстан құрамасы Астанада жаттығып жатыр, дайындықтар “Алау” мұз айдынында өтуде. Бас бапкердің есептеуі бойынша, спортшылар осы маусымда толық әлеуетін ашып, Азия ойындары жақындағанда бабында болуы тиіс. Бұған дейін олар әлем кубогы кезеңдерінде дайындық жасап, жарысқа шығып көрді. Осы жағдайда да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Никишаның А финалына шығуы мен әйелдер құрамасының эстафетада қола медальға ие болуы. Жалпы, біздің шорт-трекшілеріміздің болашағы өте жарқын. Ең бастысы — қашықтықта қателіктерге жол бермеу.