Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Милан дербиінің жеңімпазын трофей иегері деуге болады» — сарапшы Италия Кубогының алдағы матчы туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Cәуірдің 23-нен 24-не қараған түні Италия Кубогы жартылай финалының қарымта матчында «Интер» аяқдопшылары «Милан» командасымен кездеседі. Бірінші ойын 1:1 есебімен аяқталып, екі ұжым да финалға шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Бұл маусымдағы бесінші Derby della Madonnina болмақ. Бұған дейінгі төрт матч А Сериясы, Суперкубок пен Италия Кубогы аясында өткен. «Милан» әлі жеңілістің дәмін сезген жоқ (екі жеңіс, екі тең ойын), әрі қос команда да бір-бірінің қақпасын дәл көздеп, доп тоғытқан.

Спорт журналисі Данияр Әділбек Sport Pulse порталына алдағы матчқа қатысты пікір айтты:

— Милан дербиі — үнемі тартысқа толы, ымырасыз өтетін матч. Бұл екі клубтың кез келген ойыны — оқиғаға толы. Ал бұл жолғы матчтың мәртебесі — Италия Кубогының жартылай финалы — текетіресті қыздыра түспек.

«Интер» үшін бұл — маусымдағы үш титулдың бірін жеңіп алу мүмкіндігі. Команда үш майданда да (Чемпиондар лигасы, А сериясы, Италия Кубогы) күрес жүргізіп жатыр. Ал «Милан» үшін бұл — маусымды трофеймен аяқтайтын жалғыз мүмкіндік.

Екі команда да бір-біріне оңайшылықпен жол бермейтіні анық. Тіпті ойын қосымша уақытқа дейін созылуы мүмкін. Дегенмен, негізгі уақытта бірнеше гол соғылады деп ойлаймын.

Одан бөлек, өткен демалыс күндері өткен А сериясы матчында екі миландық ұжым да жеңіліп қалды. Олар қатарынан екі рет жеңіліске ұшырамауға, әрі жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысады. Сондай-ақ, екінші жартылай финалда «Эмполи» мен «Болонья» кездесетінін ескерсек, милан дербиінің жеңімпазын болашақ трофей иегері деп айтуға толық негіз бар.

Матч туралы негізгі ақпарат:

Күні: 24 сәуір

Басталу уақыты: 00:00 (тікелей көрсетілім — 23:50-ден бастап)

Стадион: «Джузеппе Меацца», Милан

Бас төреші: Даниэле Довери (Рим)

Көрсетілім: Qazsport телеарнасы

Басты сурет: Getty Images

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!