05.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Месси ұлттық құрамадағы соңғы ойыны жайлы пікір білдірді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Месси ұлттық құрамадағы соңғы ойыны жайлы пікір білдірді

38 жастағы шабуылшы Лионель Месси ұлттық құрамадағы соңғы ойынын өз елінде өткізіп қойған сыңайлы. 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіндегі Венесуэлаға қарсы матчта аргентиналық жұлдыз дубль жасап, «альбиселестеге» 3:0 есебімен сенімді жеңіс сыйлады.

Финалдық ысқырықтан кейін Аргентина капитаны жанкүйерлерге әсерлі сөз арнады:

«Көп жыл өтті, біз әр матчтан ләззат алдық. Мен өте бақыттымын. Барлығын осылай аяқтау — әрдайым арманым еді. Осында ойнап жүріп көп нәрсені бастан өткердім. Аргентинада жанкүйерлер алдында өнер көрсету әрқашан қуаныш. Мені «Барселонада» жақсы көрді, ал мен дәл солай өз елімде де қабылдануды қаладым», — деді Месси (The Touchline).

Келесі турда Аргентина Эквадормен сырт алаңда кездеседі. Дегенмен, команда қазірдің өзінде АҚШ, Канада және Мексикада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алған.

Сонымен бірге Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтау туралы түпкілікті шешім қабылдамағанын атап өтті:

«Менің бойымда әлі де ынта бар, тағатсызданып жүрмін. Бәрі біртіндеп. Әзірге шешім қабылдаған жоқпын!» — деп келтіреді TyC Sports.

Айта кетейік, бұған дейін шабуылшы Венесуэлаға қарсы Буэнос-Айрестегі кездесу өз еліндегі соңғы іріктеу матчы болатынын растаған еді.