11.02.2025
Оқу уақыты: 6 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Мерзімінен бұрын өтетін финал»: Мырзағалиев «Ман Сити» мен «Реалдың» айқасы, «Ювенің» мүмкіндіктері және тосын сыйға толы ЧЛ туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

11-13 ақпан аралығында кәрі құрлықтың басты доп додасы – УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалына жолдамалар сарапқа салынатын бірінші матчтар өтеді. Әзірге, жалпы кезеңнен сәтті өткен 8 команда белгілі. Ал бүгін басталатын бәсекеге турнир кестесінде 9-дан 24-ші сатыға дейін орын алған ұжымдар қатысады. Күллі әлем көз тіккен басты матчтың бірі – «Манчестер Сити» мен «Реал» арасындағы ойын болмақ. Футбол сүйер қауымның басым бөлігі бұл матчты «мерзімінен бұрын өтетін финал» деп атап та үлгерген.

Футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев Sport Pulse порталына сұхбат беріп, алдағы ойындарға қатысты пікір білдірді.

– Чемпиондар лигасы плей-оф кезеңінің жаңа форматына қатысты не дейсіз?

– Чемпиондар лигасы – жоғары деңгейдегі турнир, әрбір матчтың салмағы өте зор. Алайда азулы командалардың қатысуымен өтетін ойындар тым көп болса, жанкүйерлер үшін кейбір негізгі ойындардың мәртебесі төмендей түсуі мүмкін.

– «Реал» – «Манчестер Ситиден» басқа, қай ойын қызықты болмақ?

– Әрине, басты матч – «Реал» мен «Ман Сити». Бірақ мен «Ювентустың» жанкүйерімін. Сондықтан маған ПСВ аяқдопшыларына қарсы болатын ойын қызықты.

– Қай командалардың 1/8 финалға шығу мүмкіндігі мол?

– Плей-офта түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Екі мәрте өтетін матч барысында кез келген ұжым күшейіп, үздік ойын өрнегін көрсете алады. Сондықтан барлық командалардың келесі кезеңге өту мүмкіндігі бар.

– Матчтардың нәтижесіне қандай басты тактикалық әрекеттер әсер етуі мүмкін?

– Ең бастысы – ойыншыларды дер кезінде алмастыра білу. Қай команданың бір–бірін алмастыра алатын аяқдопшылары жеткілікті және бапкерлік штабы мықты болса, сол ұжым Чемпиондар лигасында сенімді өнер көрсетеді. Бұл әсіресе клубтар титул немесе еурокубок аймағы үшін және ішкі біріншіліктерде ойнаған кезде өте маңызды.

– Қай ойыншылар ерекше көзге түсуі мүмкін?

– Барлық аяқдопшылардың мүмкіндіктері бар. Өйткені бұл плей-оф. Осы кезеңде футболшылар барын салып, өнер көрсетуі тиіс. Әсіресе, қарымта матчтарда. Егер команда жеңіліп жатса, өзге амалдарды қарастырып, ішкі резервтерді пайдалану керек. Тәжірибе көрсеткендей, қазір тіпті қорғаушылар да маңызды голдар соғып жүр. Сондықтан әрбір футболшы көзге түсуі мүмкін.

– «Брест» – «ПСЖ»: «Брест» аяқдопшылары француз футболының алыптарына қарсы тұра ала ма?

– Плей-офта бәрі мүмкін, бірақ «ПСЖ»-нің тәжірибесі әлдеқайда жоғары. Олардың құрамында Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен футболшылар бар. Сондықтан «Брест» париждіктерге айтарлықтай қиындық тудыра қоймас.

Сурет: Instagram/championsleague

– «Ман Сити» – «Реал» матчын «мерзімінен бұрын өтетін финал» деп атауға келе ме? Бұл командалардың әлсіз тұстары қандай?

– Иә, бұл – мерзімінен бұрын өтетін финал. Бірақ екі клубтың қазір жағдайы мәз емес: «Ситиде» тұрақсыздық мәселесі бар, ал «Реалда» қорғаныста жарақат алған ойыншылар көп. Дегенмен, деңгейі мен мәртебесі жағынан бұл шын мәнінде уақытынан бұрын өтетін финал. Меніңше, бұл мачты тамашалайтындардың қарасы көп болмақ. Ал ойынның сапасы қандай болатынан уақытында көрерміз.

Сурет: Instagram/championsleague

– «Ювентус» – ПСВ: командалардың қазіргі ахуалына қарап, бұл кездесуден не күтуге болады?

– «Ювентустың» жанкүйері болғаныма 25-ші жыл. Сондықтан, мен осы матчты асыға күтемін және туриндіктер басымдық танытады деп сенемін. Олар топтық кезеңде ПСВ-ны жеңді және қазіргі ойыны жақсы. Дегенмен, әзірге «Юве» Чемпиондар лигасын жеңетіндей деңгейде емес, бірақ аяқдопшыларының шеберлігі мен тәжірибесі ПСВ-мен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Йохан Бакайоко және Андреа Камбьясо «Ювентус» — ПСВ матчы. Сурет Global Look Press

– «Спортинг» – «Боруссия»: португалиялық клуб дортмундтықтарға қиындық тудыра ала ма?

– Бұл ең тұрақсыз жұп. Екі команда қиындықтарға тап болған. Дегенмен, бұл қызықты ойын болатынына сенемін. Өйткені, Португалия мен Германияның үздік клубтары кездеседі. Бірақ «Боруссияда» үлкен мәселе бар – бапкері ауысты. «Спортингтің» де жаттықтырушы ауысқаннан кейін нәтижелері тұрақсыз. Мен бұл ойында «Спортингтің» швециялық шабуылшысы Виктор Дьёкерештің плей-офф деңгейінде өз шеберлігін көрсете ала ма, соны бақылағым келеді.

«Спортинг» шабуылшысы Виктор Дьёкереш. Сурет: «Спортинг» ФК

– «Брюгге» vs «Аталанта»: қай команда басымдыққа ие?

– «Брюгге» тосынсый жасай алатын команда, бірақ «Аталантаға» қарсы ойнау қиын болады. Гасперинидің ұжымы – жүйелі, мықты және еурокубоктарда тәжірибесі бар команда. Мұндай кезеңде ойыншылардың тәжірибесі мен құрамның сапасы үлкен рөл атқарады, ал «Аталанта» бұл тұрғыда «Брюггеден» жоғары. Гасперини – Еуропадағы ең мықты бапкерлердің бірі. Сондықтан мен «Аталантаға» басымдық беремін.

«Аталанта» ФК бас бапкері Джан Пьеро Гасперини. Сурет: Getty Images. Дереккөз: Milan News

– «Селтик» пен «Бавария» арасындағы ойын туралы не айтасыз?

– «Баварияның» аяқдопшылары мықты және команданың плей-офта өнер көрсету тәжірибесі бар. Бұл жұпта кімнің жеңіске жететіні алдын ала белгілі сияқты.

Сурет: Instagram/championsleague

– «Монако» мен «Бенфика» кездесуі: кім жеңеді?

– Бұл қызықты жұп, бірақ мен «Бенфика» келесі кезеңге өтеді деп ойлаймын. Себебі «Монако» соңғы уақытта тұрақсыз ойын көрсетуде. Жалпы, португалиялық клубтар, «Бенфика», «Спортинг», «Порту» жыл сайын өз ойыншыларын дамыту мен экспорттауға көңіл бөледі. Сондықтан олар үшін еурокубоктарда өздерін жақсы жағынан көрсету маңызды. Мейлі бұл Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы, Конференция лигасы бола ма, бастысы –еурокубоктарда өзін жақсы жағынан көрсетіп, кейін футболшыларды сату арқылы ақша табу.  «Бенфика» – бұл Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетуге талпынатын командалардың бірі, өйткені олардың сатылымға қойылатын тағы бір футболшылар тобы бар сияқты. Жалпы, мұндай «Бенфика» өте ыңғайсыз қарсылас, құрамында көптеген дарынды футболшылары бар, сондықтан «Монако» – «Бенфика» өте қызықты жұп, бірақ португалдықтар басым көрінеді.

«Монако» – «Бенфика» / Сурет: Associated Press

– «Фейеноорд» пен «Милан» кездесуі: голландиялықтар итальяндық алпауытқа қарсы тұра ала ма?

– «Милан» маңызды матчтарға жақсы дайындықпен келетінін дәлелдеді. Біз мұны Италия Суперкубогында көрдік, онда олар қаңтар айының басында алдымен «Юве», содан кейін «Интер» командасын жеңді. Сондықтан «Фейеноорд» олар үшін айтарлықтай кедергі бола қоймас. Итальяндық клуб екі матчқа бейімделіп, үздік футболды көрсете алса ғана мерейі үстем болады.

– Бұл кезеңде күтпеген сенсациялар болуы мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін. Плей-офтың басты ерекшелігі – кез келген команда біз күтпеген нәтижеге қол жеткізе алады. Бірақ дәл қай клубтың сенсация болатынын болжау қиын. ЧЛ тосын сыйға толы болатыны анық.

– Тығыз ойын кестесі командалардың ойынына қалай әсер етеді?

– Күнтізбеде ресми матчтар көбейді. Бұл клубтарға да, футболшыларға да, жанкүйерлерге де пайдалы емес. Жанкүйерлер үшін кейбір негізгі ойындардың мәртебесі төмендей түсуі мүмкін. Командаларға келетін болсақ, ойындар неғұрлым көп болса, жарақат алу қаупі соғұрлым жоғары болады. Мысалы, «Сити» мен «Ювентусте» бұлшықет жарақаттары үлкен мәселеге айналды.

– Жаттықтырушылардан кім тактикалық шешімдермен таң қалдыруы мүмкін?

– «Ман Сити» құрамында өзгерістер бар, жаңа ойыншылар қосылды. Осы жағдайда Гвардиола қандай ойын үлгісін қолданатыны қызық. Сондай-ақ, «Аталанта» бас бапкері Гасперинидің тактикалық шешімдерін күтемін. Ол тәжірибелі маман. Әрине, «Ювентустың» бас жаттықтырушысы Тиаго Мотта да ПСВ-ға қарсы тактикалық жаңа шешімдер ұсынады. Бірақ бұл командаға финалға шығуға көмектесетініне сенімді емеспін.

– Бүгін сөз болған командалардың қайсысы финалға жете алады?

– Басты үміткерлер – «Манчестер Сити» және «Реал». Олардың тәжірибесі мен жұлдызды құрамы бар. «Аталанта» клубы да мықты. Менің ойымша, бұл команда алысқа барады. Финалға жете қоймас, бірақ 1/4-ке өтеді. Дегенмен, қайталап айтамын, кез келген команда біз күтпеген нәтижеге қол жеткізе алады. Сондықтан финалға қай клуб жететінін болжау қиын. Бірақ осы үш команданы – «Манчестер Сити», «Реал» және «Аталантаны» мен алғашқы үштікке қояр едім.