17.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Менеджер жеңілмеген файтердің октагонға қайта оралатынын мәлімдеді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Менеджер жеңілмеген файтердің октагонға қайта оралатынын мәлімдеді

Бакдәулет «Дойт» Әмірбек (5-0) жарақатынан толық айығып, қайта жекпе-жекке шығуға дайын. Бұл туралы спортшының менеджері Ерасыл Қайыргелдин Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

— Бакдәулет жарақатынан толық жазылып шықты және тамыз айында Еуропадағы бір лигада дебют жасайды. Қазір біз британдық Cage Warriors және чехиялық Oktagon промоушендерін қарастырып жатырмыз. Виза және оқу-жаттығу жиыны өтетін орын мәселесін шешіп жатырмыз. Жиын American Top Team немесе Tiger Muay Thai базасында өтуі мүмкін, — деді Қайыргелдин.

— Айта кетейін, Cage Warriors — әлемдегі үздік он лиганың бірі. Бұл промоушеннен көптеген файтерлер UFC-ге тікелей ауысады. Әзірге бұл лигада қазақстандықтар өнер көрсеткен жоқ, ал Дойт алғашқысы болуы мүмкін. Егер келісім жасасақ, басты мақсат — чемпиондық белбеу, ары қарай — UFC, — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, Бакдәулет Әмірбек бұған дейін қазақстандық OCTAGON лигасында өнер көрсетіп, ең жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі атанған. Қазір оның рекорды — 5 жеңіс, 0 жеңіліс.