24.03.2026
Оқу уақыты: 4 мин

Маусым қорытындысы: «Барыс» хоккей клубының топ-5 ойыншысы

Маусым қорытындысы: «Барыс» хоккей клубының топ-5 ойыншысы

Астаналық «Барыс» командасы үшін ҚХЛ-ның 2025/2026 жылғы маусымы аяқталды. «Барыс» осы маусым аралығында 68 ойын өткізіп, 54 ұпай еншілеп, шығыс конференциясындағы 10-орынын сақтап қалды. Турнирлік кестедегі нәтиже күткен деңгейде болмағанымен, жекелеген ойыншылар маусым бойы тұрақты өнер көрсетіп, команда құрамында көшбасшылық қасиеттерін айқын көрсете алды.

Райли Уолш

Райли Уолш — маусым барысында бірден көзге түскен, команданың ең нәтижелі қорғаушыларының бірі. Әрі жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөлене алған ойыншы.  Райли Уолшты 44-нөмірдің бағына біткен тағы бір мықты  ойыншы деп аса нық сеніммен айтуға болады. 26 жастағы америкалық қорғаушы ҚХЛ-дағы алғашқы маусымын «Барыс» сапында өткізді. Оның мұз айдынын көру қабілеті мен пас беру дәлдігі «Барыстың» қорғаныстан шабуылға жылдам өтуіне көмектесті. Сондай-ақ қақпаға алыстан соққы жасауда өте шебер. «Барыс»маусымның алғашқы ойынын өз алаңында «Тракторға» қарсы өткізген болатын. Қорғаушы сол ойында шешуші голдың авторы атанып, команданың маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізуіне себеп болды. Райли Уолш ҚХЛ-дың қорғаушылар арасындағы бомбардирлер рейтингінде төртінші орынды иеленді. Ол 68 ойында 46 ұпай (16+30) жинады. Қақпаға бағытталған соққылар саны — 207, мұз айдынындағы орташа уақыты — 22 минут 25 секунд. Тосқауыл болған соққылар — 90, күштік әдістер — 59. Айып уақыты — 24 минут, +/- көрсеткіші — (-24).

Джейк Масси

Жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген, ҚХЛ-да алғашқы маусымын өткізген «Барыстың» тағы бір қорғаушысы — Джейк Масси. Канадалық қорғаушы қорғаныстағы сенімді ойыны, мұз айдынындағы жанкештілігі және физикалық күресте мықтылығымен ерекшеленеді. Оның позициялық ойыны мен тұрақтылығы команда қорғанысының негізгі тіректерінің бірі болды. Қорғаныста қарсыласқа тосқауыл болған соққылар саны бойынша көш басында. Сырт алаңдағы ойындардың бірінде команда қарсыластың 18 соққысын бөгеген болса, соның 8-ін Массидің өзі бөгеген. Осыдан кейін Джейк Массиге «Superhero» деген лақап ат берілген болатын. Тіпті жанкүйерлерарасында Джейк Массиді Джейк (Месси) деп те атайды. Супер қорғаушының 67 ойыннан жинаған ұпай саны 25 (8+17). Қақпаға бағытталған соққылар — 112, орташа ойын уақыты — 20 минут 43 секунд. Тосқауыл болған соққылар — 123, күштік әдістер — 38. Айып уақыты — 41 минут, +/- көрсеткіші — (+5).

Майкл Веккьоне

Құрлықтық хоккей лигасының 2025-2026 жылғы тұрақты чемпионатында есте қаларлық ойыншылардың бірі — астаналық «Барыс» командасының  шабуылшысы Майкл Веккьоне. Лиганың тағы бір клубы — Трактор оны өз құрамына қосқанын жариялаған болатын. Алайда белгілі бір себептерге байланысты америкалық форвард челябиндік клубтың жейдесін киіп үлгермеді. Оның ҚХЛ-дағы ресми дебюті дәл осы маусымда астаналық команда сапында өтті. Ол ҚХЛ-да алғашқы маусымын өткізсе де, шабуылда команда көшбасшыларының біріне айналды. 88-нөмірлі ойыншы ҚХЛ-дағы ойынына дейін «Хэрши Беарс» құрамында екі мәрте Колдер кубогының иегері атанған. Веккьоне ойынды жақсы сезінетін, қарсылас қақпасының маңында белсенді әрекет ететін шабуылшы ретінде ерекшеленеді. Маусым бойы нәтижелі ойнап, маңызды сәттерде және ойынның соңғы минуттарында командаға ұпай әкелетін ойыншы. «Барыстың» сырт алаңдағы «Шанхай Дрэгонсқа» қарсы ойынында ерекше көзге түскен болатын. Сол ойында хет-трик жасап, 2 нәтижелі бас беріп, бір ойында 5 (3+2 ) ұпай жинаған еді. Бұл маусымдағы ең үздік көрсеткіштің бірі. ҚХЛ-ның ресми : «Хет-трик, бес ұпай — Майкл Веккьоне үшін бұл ойын мәңгі есте қалады», — депхабарламасында атап өтілді.

Команданың шабуылдағы тұрақтылығын қамтамасыз ететін шабуылшы 65 ойында 46 ұпай (19+27) жинады. Қақпаға бағытталған соққылар -136, орташа ойын уақыты — 17 минут 45 секунд. Тосқауылдар — 30, күштік әдістер — 34. Айып уақыты — 32 минут, +/- (-13). Шайба тастаудағы жеңіс пайызы — 64,8%, соққыларды жүзеге асыру -14%.

Семён Симонов

Семён Симонов — «Барыстың» жас әрі перспективалы шабуылшыларының бірі. Небәрі 20 жаста болса да, ол алаңда сенімді ойын көрсетіп, маңызды сәттерде нәтижелі әрекеттерімен көзге түсті.

Ол ҚХЛ-да «Барыс» сапында қатарынан екінші маусымын өткізіп отыр.
Жас ойыншы қысқа уақыт ішінде негізгі құрамда бекіп, әр матч сайын өз ойынын жетілдіріп отырды. Симонов мұз айдынында жылдамдығымен, шайбаны жақсы бақылауымен және голдық сәттерді тиімді пайдалануымен ерекшеленеді. «Барыстың» сырт алаңдағы «Сібір» командасына қарсы кездесуінде дубль жасап, шабуыл шебіндегі тиімділігін дәлелдеген еді. Айта кетейік, «Барыс» хоккей клубының бас бапкері Михаил Кравец Симоновтың ойынына жоғары баға берген болатын.Жас форвард алдағы уақытта болашағынан зор үміт күттіретін, «Барыстың» үздік көшбасшыларының біріне айналады деп үміттенеміз. Осы маусымда 63 ойын өткізіп, 20 ұпай (12+8) жинады. Қақпаға бағытталған соққылар — 125, орташа ойын уақыты — 14 минут 24 секунд. Тосқауылдар — 32, күштік әдістер — 36. Айып уақыты — 18 минут, +/- – (-7). Соққыларды жүзеге асыру — 9,6%.

Адам Шил

Америкалық қақпашы Адам Шил осы маусымда ҚХЛ-ның астаналық «Барыс» хоккей клубынақосылған ойыншылардың бірі. Клуб америкалық голкипермен 2025 жылғы қыркүйекте келсімшартқа отырған. Командадағы бірінші маусымы болса да, Шил жергілікті ойыншылар Андрей Шутов пен Никита Бояркинді артқа қалдырып негізгі қақпашыға айнала алды. Америкалық қақпашы «Барыс» сапында 32 ойын өткізіп, оның екеуін «құрғақ» аяқтады.
Әр ойында жиі жақсы тоқтатқыш пайыздарды көрсетті. Мысалы, сырт алаңда «Локомативке» қарсы кездесуде ол 100% тоқтату көрсеткішін көрсеткен, бұл команданың маусымдағы алғашқы қонақтағы жеңісі болды. Ал қарсылас команда өз алаңында алғаш рет жеңілді. Осылайша «Барыс» алдыңғы маусымдағы Гагарин кубогының чемпиондарын 0:4 есебімен жеңген еді. Голкипердің 32 ойындағы жеңістер саны — 10, жеңілістер саны — 18. Тоқтатылған соққылар саны — 734, тойтарылған соққылар пайызы — 90,8%. Сенімділік коэфициенті — 2.81, мұзда өткізілген минуттар саны — 1581:51, «Құрғақ» матчтар саны -2.

2025/2026 жылғы маусым «Барыс» үшін нәтиже жағынан көңіл көншітпесе де, бұл кезең жаңа есімдердің жарқырап шығуына, мінезі мықты ойыншылардың қалыптасуына жол ашты. Мұз үстіндегі әр сәт — келесі маусымға жасалған дайындық іспетті , ал жанкүйерлер үшін «Барыстың» нағыз қайта өрлеуі әлі алда деген сенім күшейе түсті.

Автор: Жайлаубай Айдай