08.01.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Мансабын аяқтайды деп ойлаймын»: бас бапкер Шымбергенов пен Қоңқабаевтың болашағы жайлы айтты

Осыдан біраз уақыт бұрын Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы Бахтияр Артаев аса ауыр салмақ өкілі Қамшыбек Қоңқабаевтың бокспен қоштасатынын болжаған, — деп хабарлайды Бірінші бол. Себебі соңғы уақытта Қамшыбек жарыстарға қатысып жүрген жоқ.

Одан бөлек, Париж олимпиадасында ұлттық құрама капитаны болған Асланбек Шымбергеновтің де мансабын аяқтауы мүмкін екендігі айтылып жүр. Осы боксшылардың болашағына қатысты ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Sports.kz сайтына берген сұхбатында жауап берді.

«Әзірге Асланбек Шымбергенов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты мәселе белгісіз болып тұр. Егер олар 13 қаңтар күні оқу-жаттығу жиындарына келмесе, онда ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайды деп ойлаймын. Егер келсе, онда жұмысты жалғастырамыз», — деді бапкер.

Айта кетейік, Қамшыбек Қоңқабаев – 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021).

Ал Асланбек Шымбергенов – 2023 жылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы.