14.09.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Мансабымда соққан ең оңай шайбалардың бірі». Майкл Веккьоне минскілік «Динамоға» қарсы ойынға қорытынды жасады

«Мансабымда соққан ең оңай шайбалардың бірі». Майкл Веккьоне минскілік «Динамоға» қарсы ойынға қорытынды жасады

Маусымды қатарынан екі жеңіспен бастаған «Барыс» кезекті ойынын минскілік «Динамоға» қарсы өткізіп, 1:3 есебімен жеңіліс тапты. Команданың кездесудегі жалғыз шайбасын Майкл Веккьоне соқты. Америкалық шабуылшы ойыннан кейін Sport Pulse сайтына эксклюзивті сұхбат берді.

— Лигадағы алғашқы шайбамды Мореллидің пасынан кейін соққаныма қуаныштымын. Бізде мұндай сәттер өте көп болған. Екеуміз екі жыл «Херши» («Херши Беарс», АХЛ – ред.) сапында бірге ойнағанбыз. Эмиль Мэйсон қақпашымен бетпе-бет шығуы үшін керемет пас берді. Мен тек: «Мен дайынмын. Сен үшін осындамын» деп айттым. Ол қақпаға қарай өзі беттеп, маған бос бұрышқа соққы жасау үшін бәрін жасап берді. Ойынға келер болсақ, бүгін өте көп қателестік, қарсылас оны қолдана білді. Бізге шайбаны тезірек қимылдатып, ауысымдарды жылдамырақ өткізу керек. «5-ке 3» форматындағы ойын кезінде қорғанысымыз сыр берген жоқ, әрі осы сәттен кейін біз шайба соқтық. Алайда қарсылас қателіктерімізді қолданып, нәтижелі шабуыл ұйымдастыра білді.

— Мэйсон сәл кідіріп барып, пас берді. Осылай ойластырдыңыздар ма?

— Ол алдымен соққы жасап, содан соң кері айналып, маған пас берді. Қақпашы шайбаның қайда екенін де аңғармай қалды, ал қорғаушы оған сәл кедергі келтірді. Маған тек бос қақпаны дәл көздеу керек еді. Мансабымда соққан ең оңай шайбалардың бірі болды. Алайда бұл шайбадағы барлық еңбек Мореллидікі. Алдымен қарымта шабуылға шығып, маған осы мүмкіндікті сыйлау үшін қорғаушы мен қақпашыны алдап кетті.

— «Амурға» қарсы ойында қарсылас кезең соңында шайба соғып, есеп ашқан. Бүгін де сол жағдай қайталанды. Себеп неде?

— Кезеңнің соңында мұқият ойнау керек. Кез келген кезеңнің басы мен соңы – матчтағы ең маңызды екі сәт. Оларға ойынға қарқын береді. Кезеңнің аяқталуына 9 секунд қалғанда, қарсыластың шайба соғуына мүмкіндік беріп қою – біздің тарапымыздан жіберілген өрескел қателік. Мұны жөндеуіміз керек. Бапкер бұл туралы өткен ойында айтқан, бүгін екінші кезеңнен кейін тағы қайталады. Мұндайға жол беруге болмайды. Осы қателік матч тағдырына тікелей әсер етті. Маусым барысында осындай қателерді жөндеп, мықтырақ бола түсеміз деп үміттенемін.

— Бұл сіздің Лигадағы алғашқы маусымыңыз. Бірнеше ойын өткізіп үлгердіңіз, Лига туралы не айтасыз?

— Керемет Лига. Көптеген мықты ойыншылар өнер көрсетеді. Ең бастысы – матчтардағы атмосфера. Жанкүйерлер ойынның басынан соңына дейін бізді алға жетелеп отырады. Бүгін арена лық толы болды, тек оларға жеңіс сыйлай алмағанымыз өкінішті. Біздің команда жаңадан құрылып жатыр, сондықтан жақсы ойындар әлі алда. Алғашқы ойындарда жеңіске жетуге деген ұмтылысымыз көрініп тұрды, ал бүгін көп қателестік, салдарынан жеңіліс таптық. Бейнежазбаны қарап, қателерімізді түзейміз. Келесі матчта бұдан жақсы ойын өрнегін көрсетеміз.

Автор: Әсем Мерекеқызы