11.03.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Манчестер Юнайтед» жаңа 100 мың орындық стадион салуды жоспарлауда

«Манчестер Юнайтед» клубы Ұлыбританиядағы ең үлкен футбол аренасын салу бойынша  жобасын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды клубтың ресми сайты.

Клубтың бірлескен иесі сэр Джим Рэтклифф жаңа «әлемдегі ең ұлы футбол стадионын» тұрғызу жоспарын атап өтті. Ол қазіргі Олд Траффордтың маңында, 100 мың көрерменге арналған жаңа арена ретінде бой көтереді.

Foster and Partners сәулет бюросы әзірлеген жобаның басты ерекшеліктері:

  • Қолшатыр пішінді ерекше құрылым
  • Трафальгар алаңынан екі есе үлкен қоғамдық кеңістік
  • 40 шақырым қашықтықтан көрінетін үш 200 метрлік діңгек

«Бүгін біз әлемдегі ең ұлы стадионды құруға қадам жасадық. Олд Траффорд 115 жыл бойы бізге тамаша қызмет етті, бірақ қазіргі заманғы спорт ареналарынан артта қалды», — деді Рэтклифф.

Жобаның жалпы құны – 2 миллиард фунт. Оның іске асырылуы 92 мың жаңа жұмыс орнын құрып, жыл сайын 1,8 миллион турист тартуға мүмкіндік береді. Жаңа стадион пайдалануға берілген соң, Олд Траффорд толық бұзылады.

Аңызға айналған бапкер сэр Алекс Фергюсон бастаманы қолдап: «Манчестер Юнайтед» әрдайым үздік болуға ұмтылуы керек. Бұл – болашаққа батыл қадам», — деп пікір білдірді.