Оқу уақыты: 2 мин

«Манчестер Юнайтед» қаржылық тығырықта: клубтың үміті — Еуропа Лигасы

«Манчестер Юнайтед» қаржылық тығырықта: клубтың үміті — Еуропа Лигасы

BBC Sport мәліметінше, Англияның ең танымал клубтарының бірі саналатын «Манчестер Юнайтед» қазір күрделі қаржылық дағдарысқа тап болды. Клубтың қазіргі жағдайында Еуропа Лигасындағы жеңіс тек бедел емес, нақты тіршілік мәселесіне айналды.

Премьер-лигада 14-орынға сырғып түскен манкунияндар келесі маусымда еурокубоктарсыз қалу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Клубтың Еуропа аренасына жалғыз жолы — Еуропа Лигасының жеңімпазы атану. Бұл үшін команда келесі кезеңде Бильбаоның «Атлетикімен» ойнауы тиіс.

Клубтың бірлескен иесі сэр Джим Рэтклифф Чемпиондар Лигасына қатысудың маңызын нақты сандармен жеткізді. Оның айтуынша, бұл турнирге жолдама клубқа 80-100 миллион фунт табыс әкелуі мүмкін. Ал Еуропа Лигасының кірісі — шамамен 40 миллион фунт.

Чемпиондар Лигасының табыс құрылымы былайша бөлінеді:

  • Топтық кезеңге жолдама — 16 миллион фунт
  • Әрбір жеңіс үшін — 1,8 миллион фунт
  • Тең ойын үшін — 600 мың фунт
  • Турнирлік кестедегі әр орын — қосымша 800 мың фунт

Футбол қаржысының сарапшысы Киран Магуайр бұл сомалардың нақты әсерін түсіндірді:
«Чемпиондар Лигасындағы табысты маусым 100 миллион фунттан астам кіріс әкелуі мүмкін. Бұл билеттерден түскен пайда, демеушілер бонустары және УЕФА-ның жүлде қоры есебінен», — деді ол.

Қаржылық дағдарысты ушықтырып тұрған факторлардың бірі — клубтың жалпы қарызы. Оның ішінде 331 миллион фунт — төленбеген трансферлік төлемдер. Бұл қиындықтар аясында клуб 250 қызметкерін қысқартты, ал биыл тағы 200 адам жұмыстан босатылуы мүмкін.

«Манчестер Юнайтед» үшін қазіргі Еуропа Лигасы тек турнирлік мақсат емес — қаржылық аман қалудың соңғы мүмкіндігіне айналып отыр.