31.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Манчестер Юнайтед» Беньямин Шешконы шабуылдағы басты трансферлік нысана етіп таңдады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Манчестер Юнайтед» Беньямин Шешконы шабуылдағы басты трансферлік нысана етіп таңдады

Англиялық «Манчестер Юнайтед» шабуыл шебін күшейту үшін «РБ Лейпцигтің» словениялық форварды Беньямин Шешконы басты мақсат ретінде белгілеп отыр. Бұл туралы The Athletic хабарлады.

Дереккөз мәліметінше, клуб 21 жастағы шабуылшыны негізгі трансферлік нысанаға айналдырған және балама нұсқаларға қарамастан, назарын дәл соған аудармақ. Бұған дейін «Юнайтедтің» шабуылшы іздеу тізімінде тек екі футболшы қалғаны белгілі еді: Шешко және «Астон Вилла» форварды Олли Уоткинс. Алайда манчестерліктер тәжірибесі бар, бірақ жастау әрі әлеуеті жоғары ойыншыны таңдады.

Шешкоға қызығушылық «Юнайтедте» 2022 жылдан бері бар. Сонымен қатар клубтың рекрутинг директоры Кристофер Вивель ойыншымен «Зальцбург» және «Лейпциг» құрылымдарында бірге жұмыс істеген, бұл трансферді жеделдетуі мүмкін.

Словениялық шабуылшыға «Ньюкасл» да белсенді түрде қызығып отыр. Клуб Александр Исактың кету ықтималдығын ескеріп, Шешконы негізгі кандидат ретінде қарастыруда. Осыған байланысты АПЛ клубтары арасында трансферлік бәсекелестік жақын аптада күшейе түсуі мүмкін.

2024/25 маусымында Беньямин Шешко «РБ Лейпциг» сапында барлық турнирде 38 матч өткізіп, 18 гол соқты және 4 нәтижелі пас берді. Футболшының неміс клубымен келісімі 2028 жылға дейін жарамды. Transfermarkt оны 50 миллион еуроға бағалап отыр.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!