26.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Манчестер Сити» сенімді жеңіске жетеді» — «Ювентуске» қарсы матчқа сарапшы болжамы

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Манчестер Сити» сенімді жеңіске жетеді» — «Ювентуске» қарсы матчқа сарапшы болжамы
G тобының екі көшбасшысы — «Манчестер Сити» мен «Ювентус» топтағы алғашқы екі ойында да жеңіске жетті. Англиялықтар қарсыластарына жауапсыз 8 гол соқса, туриндік команда 9 гол салып, 1 ғана гол жіберді. Бұл кездесу — бірінші орын тағдырын шешетін шешуші матч.
Осы ойын алдында Sport-pulse порталына комментатор, сарапшы, спорт журналисті Шыңғыс Сенғажин өз пікірін білдірді.
«Манчестер Сити» екі ойында 8 гол соқты. Бұл шабуылдың нәтижелілігінің себебі неде? Бұл стиль «Ювентусқа» қарсы да нәтиже бере ме?
Көптеген жанкүйерлер мен сарапшылар назар аудармайтын бір фактор ол — қаржы. Бұл турнирдің маңызды аспектілерінің бірі. Чемпиондар лигасындағыдай әр кезең үшін емес, әрбір жеңіс пен тең ойын үшін қаражат бөлінеді. Сондықтан клубтар бар күшін салып жатыр. Қазір Еуропадағы экономикалық жағдайды ескерсек, бұл команда үшін маусым алдында табыс табудың нақты жолы. Осы тұрғыда «Манчестер Сити» фаворит саналады және кемі 3 гол соғады. «Ювентус» екінші орынмен шығып, 1/8 финалда турнирден шығады.
Сити шабуылы өте жүйелі әрі нақты. Гвардиоланың шәкірттері бұл турнирде тек гол соғып қоймай, әр комбинацияны есеппен, оймен құрып жатыр. Команда жаңа құраммен де әдемі, тактикалық сауатты ойнауда. Бұл стиль «Ювентусқа» да қарсы тиімді болады. Себебі италиялықтар әлі нақты ойын стилін қалыптастырған жоқ.
«Ювентус» 9 гол соғып, тек 1 гол жіберді. Игор Тудор командасына бұл ойында қандай тактикалық өзгеріс қажет?
— Алдыңғы қарсыластары әлсіз болғандықтан, туриндіктерді  толыққанды сынау мүмкін болмады. Сондықтан бұл жолы Игор Тудорға қорғанысты күшейтіп, Ситидің прессингінен шығудың жолын табу қажет. Әйтпесе, ойын барысы толық Ситидің бақылауында болуы мүмкін.
Бұл матчта бірінші орын шешіледі. Командалар тәуекелге бара ма, әлде есепке жұмыс істей ме?
— Екі команда да тәуекелге барады. Өйткені тек бірінші орын арқылы 1/8 финалдағы қарсылас деңгейін жеңілдетуге болады. Сонымен қатар, бұл турнирде әр жеңіс үшін қаржы беріледі. Сондықтан ешбір команда тең нәтижеге ойнамайды.
Қай команданың қорғанысы бірінші болып сыр беруі мүмкін? Ойын тағдырын не шешеді?
— «Ювентус» қорғанысы бірінші болып сыр беруі мүмкін. Сити прессинг арқылы қорғаныстағы бос кеңістікті пайдаланады. Шешуші фактор — допқа иелік ету мен қысымнан шыға білу. Бұл тұрғыда Сити әлдеқайда басым.
Кімдер гол соғуы мүмкін? Қай ойыншыларға назар аудару керек?
— Бұл ойында барлық голды «Манчестер Сити» соғады деп ойлаймын. Ерекше назар аударатын ойыншылар — Фил Фоден, Жереми Доку және Эрлинг Холанд. Ал «Ювентус» бүгін гол соға алмайды.