07.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Манчестер Сити» мен ПСЖ «Реалдың» жұлдызы үшін таласқа түсті

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Манчестер Сити» мен ПСЖ «Реалдың» жұлдызы үшін таласқа түсті

Мадридтік «Реалдың» бразилиялық вингері Родриго жазғы трансферлік кезеңнің басты фигурасына айналуы мүмкін. ESPN Brazil дерегінше, 24 жастағы футболшыға бірден үш еуропалық алпауыт – «Арсенал», «Манчестер Сити» және ПСЖ қызығушылық танытып отыр.

Бұған дейін Родригоның негізгі үміткері ретінде «Арсенал» қарастырылып келген. Лондондық клуб шабуыл шебінің қапталын күшейту мақсатында дәл осы футболшыны басты нысана еткен. Алайда оларда балама ретінде Нони Мадуэке («Челси») де бар.

Англиялық «Манчестер Сити» соңғы уақытта Родриго трансферіне аса қызығушылық танытып отыр. «Ситиге» жақын дереккөздер клубтың жағдайды жіті бақылап отырғанын, әрі нақты ұсыныспен шығуға дайын екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ, ПСЖ де Родригоның жағдайын қадағалап, егер жазда футболшы «Реалдан» кететін болса, оны өз қатарына қосуды көздеп отыр.

Трансферлік болжамдарды күшейте түскен жайт — клубтар арасындағы әлем чемпионатында Родригоның шектеулі уақыт қана алаңға шығуы. ESPN мәліметінше, бұл жай ғана спорттық шешім емес — «Реал» маусым соңында шабуылшымен қош айтысуға дайындалып жатқан көрінеді.