20.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Ман Ситиде» жүйелі ойын жоқ, нәтижесінде «Реал» басымдық танытты – комментатор Ерсін Ерік

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Чемпиондар лигасының жауап матчында «Реал» «Манчестер Ситиді» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Командалар арасындағы екі ойынның нәтижесі – 6:3. Осылайша, мадриттік клуб 1/8 финалға жолдама алды.

Матч барысында «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе «Сити» қақпасына 3 доп тоғытты. Ал ойын соңында ағылшық командадан көзге түскен Нико Гонсалес.

«Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен ойынға комментатор болған Ерсін Ерік Sport Pulse тілшісіне матчтан алған әсерімен бөлісті.

«Бұл кездесуде «Реал» өзінің жоғарғы денгейін, корольдік команда екенін көрсетті. Ал Килиан Мбаппе «Реалға» футболдың супер жұлдызы ретінде келгенін дәлелдеді. Осылайша биылғы маусымда «Реал» Чемпионлар лигасын жеңе алатын командалардың бірі болмақ. Анчелотти шәкірттері тамаша ойын өрнегін көрсетуде. Мен Килиан Мбаппе мен қатар қорғаушы Рауль Асенсионы матчтың үздіктері деп айтар едім.

Ал «Сити» үшін биылғы маусым бұдан да қиын жеңілістермен жалғасуы мүмкін. Өткені команданың ойыны өте нашар. Футболшылары бабында емес, әр позицияда ойнайтын көшбасшылары жоқ. Кеше Хусановтың ойыны аса көңілден шықпады, Рубен Диаштың да өнері нашар болды. Шабуыл шебіндегі Савио, Мармуш, Бернарду Силва өте байланыссыз ойнады, химия болмады командада. Жүйелі ойын жоқ, соның нәтижесінде «Реал» өзінің басымдығын тамаша пайдаланды».

Осылайша мадриттік «Реал» қатарынан 22 рет Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шыққан алғашқы клуб атанды. «Реалдан» бөлек, плей-оф кезеңінің қорытындысы бойынша «Фейеноорд», «Брюгге», «Бавария», «Бенфика», дортмундтық «Боруссия», «Пари Сен-Жермен» және ПСВ клубтары да 1/8 финалға өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын өткен жалпы кезеңнің қорытындысы бойынша 1/8 финалға «Ливерпуль», «Барселона», «Арсенал», «Интер», мадриттік «Атлетико», ливеркузендік «Байер», «Лилль» және «Астон Вилла» шыққан болатын.

Сурет: Getty Images