20.02.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Мақсат – Орал футболын қайта жаңғырту: «Жайық» директорымен сұхбат

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Мақсат – Орал футболын қайта жаңғырту: «Жайық» директорымен сұхбат

Орал футболы өз дамуының жаңа тарауын бастады. Ұзақ талқылаулардан кейін өңірде «Жайық» клубы құрылмақ. Оның басты мақсаты – жергілікті футболды сақтау және дамыту, жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер ашу және жанкүйерлерді тартысты матчтармен қуантуды көздейді.

Sport Pulse тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында «Жайықтың» директоры Дамир Калаков клубтың қалай құрылатыны, оның құрамына кімдер енетіні және алдына қандай мақсаттар қойылғаны туралы айтып берді.

– Сізге «Жайықтың» директоры болу туралы ұсынысты кім жасады?

– «Жайық» футбол клубының директоры болу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлескен шешім болды. Бұл бастама өңірдегі футболды дамытуға, оны жоғалтып алмау қажеттілігінен туындады.

– Бұл сіздің алғашқы басшылық қызметіңіз бола ма?

– Бұл менің кәсіби спорт саласындағы алғашқы басшылық қызметім емес. Бұған дейін мен «Бәйтерек» шагын футбол клубында кызмет еткенмін.

– Сіз «Бәйтеректің» менеджері ретінде қызмет еттіңіз, бұл басшылық мансабыңызға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– «Бәйтеректе» қызмет ету маған футбол менеджментінің әртүрлі аспектілерін терең түсінуге мүмкіндік берді. Команда құру, ойыншылармен және жаттықтырушылармен өзара қарым-қатынас, клубтың инфрақұрылымын дамыту сияқты салаларда тәжірибе жинақтадым. Бұл тәжірибем «Жайық» клубының құрылуы мен дамуына оң әсер етеді деп сенемін.

– «Жайық» футбол клубын құру туралы шешімге не себеп болды?

– «Жайық» футбол клубын құру туралы шешім аймақтағы футболды дамытуға, жергілікті таланттарға мүмкіндік беруге және жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі ойын көрсетуге деген ұмтылыстан туындады. Сонымен қатар, бұл бастама Оралдағы футболдың жойылып кетуіне жол бермеу және жаңа таланттардың өсіп-жетілуіне жағдай жасау үшін маңызды. Біздің өңірімізде футболдың бай тарихы бар және біз қазақ футболына өз үлесін қосқан жергілікті жігіттердің Қазақстан құрамасына дейін жеткенін мақтан тұтамыз. Осы дәстүрді жалғастыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.

– Команданың құрамы жасақталды ма?

– Қазіргі уақытта құрамды жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Біз талантты, бәсекеге қабілетті ойыншыларды іріктеу үстіндеміз.

– Құрамына кімдерді тарту көзделген? «Ақжайықтың» футболшылары қосыла ма?

– Біз жергілікті ойыншыларға басымдық береміз, сондай-ақ тәжірибелі футболшыларды тарту жоспарда бар. «Ақжайық» клубының кейбір ойыншыларымен келіссөздер жүргізілуде, бірақ нақты шешімдер жақын арада белгілі болады.

– Бапкерлікке кімді тарту көзделген және таңдау неліктен ол маманға түскен?

– Қазіргі таңда бірнеше кандидатпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – тәжірибесі мол, заманауи футбол философиясын меңгерген, аймақтық футболды дамытуға мүдделі маманды таңдау.

– Жаңа команда қай уақыттан бастап және қай турнирге қатысуды жоспарлап отыр?

– «Жайық» футбол клубы 2025 жылғы маусымнан бастап Қазақстанның екінші лигасына қатысуды жоспарлап отыр.

– «Жайықтың» басты мақсаты қандай?

– «Жайық» футбол клубының басты мақсаты – бәсекеге қабілетті команда құрып, жергілікті футболды дамыту, жас таланттарға мүмкіндік беру және жанкүйерлерімізге жоғары деңгейдегі ойын сыйлау. Сонымен қатар, біз алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз – Қазақстанның бірінші лигасына шығу. Бұл өңіріміздегі футболдың дамуына жаңа серпін беріп, болашақта жоғары деңгейдегі жетістіктерге жетуге мүмкіндік ашады.

Фотосуреттер Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынды.