17.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Магомед Адиев «Крылья Советовтан» тағайындалғанына он күн өтпей-ақ кетуі мүмкін

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Магомед Адиев

Telegram-дағы «Топи за Крылья» арнасының хабарлауынша, Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев 5 маусымда «Крылья Советов» клубын басқарғанымен, небәрі он күн өткен соң қызметінен кетуі мүмкін.

16 маусым күні Самарадағы оқу-жаттығу базасында жазғы маусым алдындағы алғашқы жаттығу өтті. Адиевтің жетекшілігіндегі алғашқы жаттығуға небәрі он ойыншы ғана қатысты. Қорғаушы Александр Солдатенков жеке жаттығу жасады — ол инфекциялық аурудан кейін қалпына келу үстінде.

Дереккөздің мәліметінше, маусым айының соңына дейін жағдай түбегейлі өзгермесе — толық құрам жиналмаса не РПЛ деңгейінде жаңа трансферлер жүзеге аспаса, Адиев клубтан өз еркімен кетуі мүмкін. Ол кәсіби беделіне нұқсан келтіргісі келмейді және клуб басшылығынан нақты қолдау күтетінін ашық айтқан.

Магомед Адиев 2025 жылдың 5 маусымында «Крылья Советовпен» келісімшартқа отырған. Бұған дейін Қазақстан құрамасын жаттықтырып, 2022 жылы Ұлттар лигасында топ жеңімпазы атанды және команданы Еуро-2024 іріктеу плей-офф кезеңіне шығарды. Кейін «Ахмат» пен «Химки» клубтарында жұмыс істеді.