21.01.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Магомед Әдиев ЧЛ туралы: «Ханс Флик ойын тактикасын қалай құратыны қызық»

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бүгін Чемпиондар лигасының 2024/2025 маусымының жалпы кезеңінің 7-ші туры басталмақ. Турнир кестесінде командалар арасындағы тартыс барған сайын шиеленісуде. Қазір бірінші орында 18 ұпаймен «Ливерпуль» орналасқан. Еншісінде 15 ұпайы бар «Барселона» екінші сатыда келеді. Ал үздік үштікті «Арсенал» (13 ұпай) түйіндеп тұр.

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Әдиев Sport Pulse спорттық порталына осы турдағы өзіне қызық матчтарды атады.

– Осы турда қай матчтарды тамашалау Сізге қызықты болмақ?

– Маған «Атлетико» мен «Байер» арасындағы ойын қызық болып тұр. Мадридтік «Атлетиконың» бас бапкері Диего Симеоненің тактикалық әдіс-тәсілдері әрдайым ерекше. Біз үйлесімді ойын үлгісін құруға талпынған «Атлетиконың» және шабуылға ден қоятын «Байерді» көреміз. Матч жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлайды деп ойлаймын.
Сондай ақ, соңғы уақытта мен «Барселонаның» ойындарын да мұқият қарап жүрмін. Әсіресе олардың қорғаныс шебінде жүргізіп жатқан жұмыстарына назар аударамын. 7-ші турда испандықтар «Бенфикамен» кездеседі. Қазір «Барселона» жасанды офсайд қолдануда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Маған Ханс Фликтің футболшыларды алаңда қалай орналастыратыны және олардың орталық шептегі әрекеттерін көру қызық болып тұр.

– Жас ойыншылардың ішінен кім көзге түсе алады?

– Жас футболшылардың ішінен Ламин Ямальды ерекше атап өткім келеді. Оның «Бенфикаға» қарсы ойында өзін қалай көрсететінін көру қызық болмақ. Жалпы, «Барселонаның» орталық алаңы жас ойыншылардан құралған, сондықтан олар тартысты да тартымды ойын өрнегін көрсете алады деп сенемін.

Ламин Ямаль
Ламин Ямаль

– Қай клубтардың плей-оффқа шығу мүмкіндігі жоғары?

– Болжау – менің ісім емес. Футбол көп қырлы спорт түрі, егер команда дұрыс дайындықпен келсе, кез келген ойында жағдай өзгеруі мүмкін, Мен құрамада жұмыс істеген кезде бұл туралы ойыншыларға жиі айтатынмын. Барлығы тактикалық, физикалық және психологиялық дайындыққа байланысты. Сондықтан кімде мүмкіндік көп, ал кімде аз деп нақты айту қиын. Чемпиондар лигасында әрбір ұсақ-түйек маңызды, мұнда күтпеген нәтижелер кез келген сәтте болуы мүмкін.