10.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Лука Модрич ерекше рекордтың иесі атанды

Лука Модрич ерекше рекордтың иесі атанды

Лука Модрич әлем чемпионатына іріктеу турнирінде гол соққан ең егде ойыншы атанды, деп хабарлайды Sport12.kz.

Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Модрич кеше түнде Чехияға (5:1) қарсы ойынның 62-минутында пенальтиден мүлт кетпей, турнир тарихындағы ең егде гол авторы атанды. Лука Модрич бұл нәтижеге 39 жас және 9 айында қол жеткізді.

Бұған дейінгі рекорд Босния және Герцеговина шабуылшысы Эдин Джекоға тиесілі болған еді. Ол Сан-Марино қақпасын 39 жас 2 ай және 12 күнінде дәл көздеген.

Еске салсақ, Лука Модрич осы жазда «Реалдан» кететінін мәлімдеді. Ол мансабының 13 жылын мадридтік клубқа арнады. Осы аралықта 591 матч өткізіп, 43 гол соғып, 95 ассист жасады. Сондай-ақ, Лука командамен бірге 28 түрлі трофейді жеңіп алды.