26.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Лукас Розенски: Қазақстан чемпионаты – футзалдан әлемнің үздік үш лигасының қатарында

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
лукас

Бразилия-армениялық ойыншы Лукас Розенски Sport-Pulse сайтына берген сұхбатында «Ордабасыға» ауысуы мен Армения құрамасы жайлы айтып берді. Қазақстандағы футзал деңгейін жоғары бағалап, болашағынан үлкен үміт күтетінін атап өтті.

Лукас, футзалға қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз. Мансабыңыздағы қандай маңызды кезеңдерді атап өтер едіңіз.

Футзалға алты жасымда келдім. Басында жай ғана қызығып жүрген едім. Достарыммен қызық көріп, уақыт өткізіп жүрдік. Кейін ес білген уақытта жарыстарға қатысу, командамен ойнау ұнайтынын түсіндім. Бұл спорт түрі қабілетімді дамытатынын білдім. Ал ең маңызды сәт — әркез үйреніп, дами беретінімізді түсінген уақыт. Әрбір бапкер, әрбір ойын, әрбір жеңіліс – үлкен сабақ. Футзалдың нағыз «дәмін» татқанда өмірдімді осыған арнағым келетінін түсіндім.

«Ордабасыдан» ұсыныс қалай түсті?

«Аятпен» тағы бір жылға келісімшартым бар еді. Бірақ жұмысты жалғастыру бойынша бір келісімге келе алмадық. Бұл мен үшін ауыр кезеңдердің бірі. Өйткені командаға, оның ойын стиліне үйреніп қалған едім. Десе де, алға жылжу керегін түсіндім. «Ордабасыдан» ұсыныс қызық әрі уақыты болды. Клубтың болашаққа жоспары, алдына қойған мақсаты ұнады. Ал жалпы Қазақстанда футзал өте жылдам. Бәсекелестік жоғары деңгейде болғандықтан босаңсуға уақыт жоқ. Әрқашан барынша еңбек етуге тура келеді.

Лукас3

«Ордабасырның» болашағы қандай?

Біздің басты мақсат – плей-оффқа шығу. Әр ойында жеңіске жетуге тырысып, мақсатымызға кішкентай қадамдармен келе жатырмыз. Плей-оффқа шығып қана қоймай, ары қарай да барынша жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Ол үшін команда көп жұмыс жасап жатыр. Ойыншылар арасындағы түсіністік те артып келеді. «Ордабасының» Қазақстандағы көшбасшы командалардың бірі болуы үшін мүмкіндігі жеткілікті. Егер осылайша бір команда болып жұмыс істейтін болсақ, алдағы мақсатымызды орындап қана қоймай, болашақтағы жарқын жеңістердің негізін қалап кете аламыз.

Армения құрамасы сапында ойнайсыз. Бұл сізге қосымша жауапкершілік арта ма?

Бұл мен үшін өте үлкен жауапкершілік! Тек спорттық жетістік емес, мақтанышпен айта алатындай таңдауым. Ұлттық құрама үшін ойнау – әркез үлкен жауапкершілік пен құрмет. Армения футзалы дамып келеді. Жас дарынды ойыншылар шығып, жарыс деңгейі көтеріліп жатыр. Бұл қазіргіден де көбірек жұмыс істеуге, ұлттық құрамаға жаңа жетістікке жетуге көмектесуге ықпал етеді.

лукас1

Қазақстан лигасының деңгейі жайлы не ойлайсыз?

Қазақстанда үшінші маусымымды өткізіп жатырмын. Биыл ең қиын маусым секілді. Өйткені лигадағы бәсекелестік деңгейі артты. Жеке ойым, Қазақстан лигасы қазіргі таңда әлемнің үздік үштігіне кіреді. Оған ойыншылар мен ойын деңгейі, физикалық дайындығы, командалардың ойын тактикасы дәлел. Мұндағы әрбір ойын – үлкен сынақ. Бір де бір секундқа босаңсуға болмайды. Бұл әркез дамуға, жаңа нәрселерді іздестіруге, өзінің әлсіз тұсыңды дамытуға итермелейді.

Қазақстандағы футзалға арналған инфрақұрылым жайлы не ойлайсыз?

Ойын сапасынан бөлек әлеуметтік желідегі маркетингтің де дамып жатқанын көруге болады. Осының арқасында футзалға қызығушылық артып, аудиториясы кеңейіп келеді. Дегенмен әлі жұмыс істейтін тұстары бар. Мысалы, екі матчтан тұратын раундтар форматы сәтсіз шешім секілді. Өйткені бір матчтан тұратын текетірестер әлдеқайда қызық, әлдеқайда шиеленісті болар еді. Десе де, жалпы футзал инфрақұрылымды дамып, көңілге сенім ұялайды. Осы процесс әрі қарай жалғасын тапса, Қазақстан халықаралық деңгейде бұдан да мықты «ойыншыға» айналатын мүмкіндігі бар.