19.11.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Леонардо Вака: Қазақ елінің мәдениеті мен футболы мені таңғалдырды

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
леонардо

«Тұран» клубының футболшысы Леонардо Вака Гутьеррес Sport-Pulse порталына берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстандағы тәжірибесі, жаңа ортадағы өмірі мен Қазақстан чемпионаты туралы алғашқы әсері туралы айтып берді.

Лео, жағдайыңыз қалай? Чемпионат аяқталғанына бір апта өтті. Қазір қайдасыз — Боливияға үйіңізге қайттыңыз ба, әлде теңіз жағасында демалыстасыз ба?

Сәлем! Бәрі жақсы, рахмет. Қазір Боливиядамын. Уақытымды барынша отбасына арнауға тырысып жатырмын. Ауыр маусымнан кейін отбасыммен бірге болып, олардың қолдауын сезініп жүрмін.

«Тұран» маусымды 13-орында аяқтады. Команданың бұдан да жоғары орынға шығуға қауқары жетер ме еді?

Әрине. Егер құрамды тағы да күшейткенде турнир кестесінде жоғары орынға көтерілетін едік деп ойлаймын. Бірақ бұл — футбол. Футболда әрбір нәрсе маңызды. Ұсақ-түйік болмайды. Бәрі бір-біріне байланысты. Десе де жеңіс тек бір командаға бұйырады. Бірақ та маусым бойы қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Сол үшін де құрметке лайықпыз деп оййлаймын.

Жеке өміріңіз туралы әңгімелессек. Қазақстанға Оңтүстік Америкадан, оның үстіне Боливиядан келетін футболшы бірең-сараң. Қазақстан ұнады ма? Алғаш келген кезде қандай қиындық болды?

Қазақстан мені таңғалдырды! Мәдениеті, дәстүрі және халықтың тәртібі өте ұнады. Қалалар өте әдемі, ал халқы мейірімді әрі қонақжай. Елге тез үйреністім. Әп-сәтте өзімді команданың бір мүшесі ретінде сезініп, жергілікті футболдың жай-күйіне үйрендім. Сіздердің еліңіз жақсы көруге тұрарлықтай.

Қазақстанға келгеннен кейін қандай да бір айырмашылықты сезінідіңіз бе? Тұрмыстық өмірде, футбол жағынан…

Бірінші байқағаным — Қазақстанда дінді және дәстүрді өте құрметтейді. Мұны барлық жерде байқауға болады. Намаз оқиды, тамақ ішерде бата оқиды. Тіпті, спортқа деген көзқарастан байқалады. Жергілікті халық өте еңбекқор екен. Мақсаты бар, дәстүріне құрметпен қарайды. Бұл күнделікті өмір мен футбол алаңында өте керемет атмосфераны жасайды.

«Тұраннан» ұсыныс қалай түсті? Маусым басында алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

«Тұранға» келу туралы ұсынысты агентім айтты. Көп ұзамай келіссөзге кірісіп, артынша командаға қосылдым. Басты мақсатым жаңа командама жаңа лигада лайықты өнер көрсетуге көмектесу болды. Сондай-ақ өзіме туған жерден шалғай жерде жоғары деңгейде ойнай алатынымды дәлелдеу болды.

леонардо2

Қазақстанға келгенде футболда қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

Футбол жағынан үлкен айырмашылықтарды байқамадым. Қай жерде болмасын футбол өзінің құштарлығы мен күресі бар ойын болып қала береді.

Мансабыңыздың басым бөлігін отаныңызда өткіздіңіз. Шетелде тек Литвада ойнаған екенсіз. «Тұран» мансабыңыздағы екінші шетелдік клуб. Қазақстан футболын Боливия мен Литвамен салыстырып айтсаңыз?

Қазақстан футболы өзінің жылдамдығымен таңқалдырды. Бұл жақтағы футболда физикалық күшке, жылдамдыққа және шыдамдылыққа басымдық береді. Осының арқасында әдемі футболды көре аласыз. Боливия мен Литвада тактикалық футбол ойнаса, мұнда алаңда акцент күрес пен интенсивтілікке қойылған. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе болды. Бұған қоса, «Тұрандағы» тәжірибем мен үшін құнды.

«Тұранға» турнир кестесінде жоғары орын алу үшін не жетпеді?

Маусымның шешуші сәтінде тұрақтылық пен шыдамдылық жетпеді. Бірақ ең бастысы команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Келесі жылы команда құрамы күшейіп, ойын деңгейі көтерілсе — бұдан да жоғары нәтижеге жете аламыз.

Клубпен келісім-шарт ұзартылды ма? Келесі маусымда Қазақстанда ойнауды жоспарлап отырсыз ба?

Клубпен жаңа келісімшартқа отырған жоқпын. Бірақ келесі маусымда Қазақстанға оралуды жоспарлап отырмын. Қай клубта ойнайтынымды нақты айта алмаймын. Агентіммен ақылдасып, ұсыныстарды қарап шығамыз.

Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы туралы не ойлайсыз?

Қазақстандағы инфрақұрылым өте жоғары деңгейде дей аламын. Әсіресе БИІК жаттығу базасы заманауи деңгейде. Бұл базада футболшылардың дайындығы мен дамуына барлық қолайлы жағдай жасалған. Елде осындай мүмкіндіктер бар екенін қуантады. Жалғасын табады деп сенемін. Өз басыма келсем, Қазақстан футболының дамуына кішігірім үлесімді қоссам деймін.