29.05.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Лаура Алмағанбетова: Басты мақсат — әлем чемпионатына жоғары дайындықпен бару

Лаура Алмағанбетова: Басты мақсат — әлем чемпионатына жоғары дайындықпен бару

Астанада күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өтіп жатыр. Жарыс аясында әйелдер күресінен белдесулер аяқталды. 57 келі салмақта өнер көрсеткен Лаура Алмағанбетова жалпы турнир және алдағы жоспарлары туралы айтып берді. 

«Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өзімді нағыз халықаралық аренада тұрғандай сезіндім. Мұндағы атмосфера, бәсекелестік пен көрермендердің қолдауы — бәрі керемет әсер қалдырды.

Бұл турнирге дейін небәрі бір ай ғана толыққанды бозкілемде дайындық жүргізе алдым. Себебі оған дейін ота жасалған болатын. Одан кейін ұзақ уақыт бойы оңалу мен қалыпқа келу үдерісі өтті. Сондықтан бұл мен үшін отадан кейінгі алғашқы ірі жарыс болды.

Алда әлі бірнеше маңызды халықаралық жарыстар күтіп тұр. Әсіресе, басты мақсат —  әлем чемпионатына жоғары дайындықпен бару. Осыған орай, Түркия және Әзірбайжан құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарда бар», — деді спортшы.

Айта кетейік, Лаура Алмағанбетова 57 келі салмақтағы ақтық бәсекеде Шұғыла Өмірбектен басым түскен болатын.