22.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

КуПС Дастан Сатпаевты ерекше атап өтті

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
КуПС Дастан Сатпаевты ерекше атап өтті

Финляндиялық КуПС клубының ресми сайты Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы іріктеу кезеңіндегі «Қайратқа» қарсы ойын алдында алматылық команданың шабуылшысы Дастан Сатпаевты ерекше атап өтті.

«Қайрат» сапындағы ең көзге түскен ойыншы – 16 жастағы сенсациялық жас футболшы Дастан Сатпаев. Ол жақында «Челси» клубымен келісімшартқа қол қойды. Өткен маусымнан бері ол Қазақстан лигасындағы үздік ойыншылардың бірі саналады. Уақыт өте келе нағыз жұлдызға айнала ма – оны алдағы уақыт көрсетеді», – делінген КуПС баспасөз қызметінің хабарламасында.

Биылғы маусымда Сатпаев негізгі құрамда 19 ойын өткізіп, 9 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. Ақпанда ол «Қайраттың» Қазақстан Суперкубогын жеңіп алуына үлес қосқан еді.

«Қайрат» пен КуПС арасындағы алғашқы матч 22 шілде күні Финляндияның Куопио қаласында өтеді. Кездесудің басталуы – Астана уақытымен 20:00-де. Қайта жауап ойыны 29 шілдеде Алматыда өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Сатпаевтың Чемпиондар лигасы іріктеуіндегі «Олимпияға» қарсы алғашқы голы Франция мен Словения басылымдарында да жазылған болатын.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!