02.03.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

ҚПЛ алғашқы турына шолу: Дастан Сәтпаевтың дебюттік голы

ҚПЛ алғашқы турына шолу: Дастан Сәтпаевтың дебюттік голы

Ұзақ мерзімді үзілістен кейін командалар оқу-жаттығу жиынынан оралып, футболдан Қазақстан чемпионаты басталды. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген біріншіліктің атауы да «Қазақстан Премьер Лигасы» деп өзгертілді. Өткен маусымнан қарағандының «Шахтері» жоғары дивизионнан шығып қалып, орнын «Оқжетпеспен» «Ұлытау» клубтары басты. Алғашқы турда 14 команда өз ара мықтыны анықтады. Өткен маусымдағыдай әр тур сайын бір команда клубтардың жетіспеуіне байланысты ойынсыз қалу деген жоқ. Спорт Пульс тілшісі ойындарға шолу жасап шықты.

«Атырау» — «Елімай» 2:1

Алғашқы тур шымылдығын жасылдар дербиі атауына ие болған «Атыраумен» «Елімай» командалары ашты. Сарапшылар әубастан семейлік ұжымды фаворит санап, жеңісіне сенімді болған. Алайда «Атыраудың» өз алаңында кез келген қарсыласқа қарсы мардымды ойын көрсете алатынын естен шығармау керек. Ойын бастала салысымен 11-минутта алаң иелері сапынан Едіге Оралбай бұрыштаманы сәтті пайдаланып, есеп ашты. «Елімайдың» жауабы көп күттірген жоқ. 15-минут бастала салысымен Серікжан Мужиковтың пасын Феджсал Мулич сәтті пайдаланып, есепті теңестірді. Екінші таймның 53-минутында қонақтар тарапынан ойын ережесі бұзылып, қақпаға он бір метрлік айып добы белгіленді. Матч тағдырын шешуші бұл пенальтиді Матео Барбоза сәтті пайдалана білді. Осылайша атыраулықтар салар голын салып алды да, қорғаныста қамалып жатып алды. Нәтижесінде тартысқа толы жасылдар дербиі «мұнайшылардың» пайдасына шешілді.

«Ордабасы» — «Ақтөбе» 0:0

Шымкенттегі «Қажымұқан» стадионы дайын болмауына байланысты, чемпионаттың қос фавориті киелі Түркістанда бас қосты. Есеп ашылмады демесеңіз, жалпы ойын тартысты өтті. Қос команда да сұрапыл легионерлермен толығып, қауіпті шабуылдар бірінен соң бірі орын алды. Десе де ойыннан «Ордабасы» бапкері Андрей Мартеннің еуропалық тәжірибесі көзге оттай басылды. Осылайша қос клуб бір-бір ұпайдан еншіледі.

«Тобыл» — «Ұлытау» 2:0

«Тобыл» өз алаңында премьер лигаға енді аяқ басқан жезқазғандықтарға қарсы екі гол соғып, тізе бүктірді. Қос голды да өткен маусымның сұрмергендері Николай Сигневич (43-минут) пен Ислам Чесноков (74-минут) соқты. Чесноков гол соғып қана қоймай, Сигневичке голдық пас беріп те үлгерді. Былайша айтқанда, ойынның нәтижесіне айтарлықтай әсер етті. Осылайша, Нұрбол Жұмасқалиев шәкірттері үш ұпайды қоржынға салды.

«Қайсар» — «Жеңіс» 0:0

Чемпионаттағы кезекті тең есеп Қызылордада тіркелді. «Қайсардың» ойынын күткен жанкүйер көп, өйткені құрамында бірде-бір легионер жоқ. Деңгейі шамалас қос команданың ойынында айтарлықтай қауіпті сәттер көп болмады. Бәлкім, көктемде жауған қардың әсері тиген болар.

«Тұран» — «Оқжетпес» 2:0

«Тұранмен» «Оқжетпес» тарихта алғаш рет кездесті. Тарихи бұл матчта түркістандықтар айтарлықтай басым болды. Ойынның 32-минутында «Ордабасыдан» ауысып келген Шахбоз Умаров алдындағы екі қорғаушымен қақпашыны сезбей өтіп, қақпа кілтін дәл тапты. Екінші таймның 70-минутында ресейлік Лука Згурский премьер лигадағы алғашқы голын соқты. Осылайша, Владимир Жуковский шәкірттері маусымды жеңіспен бастады.

«Қызылжар» — «Жетісу» 1:1

Петропавлдық ұжым стадионның дайын болмауына байланысты ойынды Қостанайда қабылдады. «Қызылжар» бірінші болып, ойынның 24-минутында есеп ашты. Гол авторы – 31 жастағы жартылай қорғаушы Самат Жарынбетов. Ойынның екінші таймының 77-минутында күтпеген жерден Дмитрий Шмидт есепті теңестірді. Шмидт ҚПЛ-де соңғы рет 2017 жылы «Ақжайық» сапында гол соққан болатын. Осылайша, Қостанайдағы ойында қос команда бір-бір ұпайдан еншіледі.

«Астана» — «Қайрат»

Көптен күткен «Ел-классико» «Астана Аренаға» қайта оралды. Жанкүйерлер ҚПЛ ойындарын сағынып қалғаны соншалық, стадион лық толды. Матч бастала салысымен қауіпті шабуылдар бірінен соң бірі орын алды.

Ойынның 40-минутында Амановичтің пасын сәтті пайдаланған Марин Томасов чемпионаттағы 84-голын соқты. Бұл голды алғашқы турдағы ең үздік гол десек, қателеспеген болармыз. Ойынның екінші таймында жақында ғана «Челсимен» келісімшартқа отырған Дастан Сәтпаев есепті теңестірді. Осылайша, тартысқа толы матч тең есеппен аяқталды.