09.03.2025
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

ҚПЛ 2-тур: маусымдағы алғашқы ірі есеп тіркелді

ҚПЛ 2-тур: маусымдағы алғашқы ірі есеп тіркелді

8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс келген футболдан Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары өз мәресіне жетті. Спорт Пульс тілшісі ойындарға қысқаша шолу жасап шықты.

«Оқжетпес» — «Атырау» 2:1

Екінші тур ойындарының шымылдығын «Оқжетпеспен» «Атырау» арасындағы матч ашты. «Атырау» өткен турдағы қарқынымен бұл ойында да фаворит атанған еді. Алайда көкшетаулықтар ойын бастала салысымен 6-минутта есеп ашты. Осылайша, Дәурен Жұмат осы маусымдағы алғашқы голын соқты. Екінші таймның 52-минутында Алиярдың асырған пасын сәтті пайдалана білген Дамир Марат есепті еселеп, команданы жеңіске сенімді етк түсті. Ал ойынның 82-минутында мұнайшылар есеп айырмасын қысқартты. Гол авторы қорғаушы Матеуз Барбоза. Айта кетейік, Барбоза маусым басталғалы осымен екінші матчта гол соғыпс көзге түсіп отыр.

«Жеңіс» — «Тобыл» 0:0

«Жеңіс» «Астана аренаға» қайта оралды. Чемпионаттың фавориттеріне қарсы елордалық клуб мінез көрсетіп, ойынды тең аяқтады. Ал «Тобыл» үшін бұл жәй ғана ұпай жоғалтқан матч болып қалды.

«Жетісу» — «Ұлытау» 0:0

Алматының «Хан тәңірі» алаңында өткен бұл матчта 6 сары қағаздан басқа ешнәрсе болған жоқ. Ойын жағынан «Ұлытау» бір бас басым болғанымен қақпа кілтін таба алмады. Маусым басында бұндай голсыз тең нәтижелі ойындар көзге үйреншікті.

«Қайрат» — «Ордабасы» 4:0

Алтынға үмітті қос команда алматының орталық стадионында бас қосты. Ойынның 9-минутында Громыконың пасын сәтті пайдаланған көрерменнің сүйіктісі Георгий Зария есеп ашты. 38-минутта Жоао Паулу премьер лигадағы 75-голын енгізді. Ал алғашқы таймның соңғы минутында шымкенттік ұжымның қақпасына айып добы белгіленіп, Зария есепті 3:0 жеткізді. Осылайша Зария маусымдағы алғашқы дубль авторы атанды. «Қайрат» бұнымен қоймай 73-минутта команда сапындағы жартылай қорғаушы Юг Станоевтың орындауында төртінші голын қақпаға дәлдеп тепті. Маусымдағы алғашқы қызыл қағазда осы ойында көрсетілді, оны «Ордабасы» сапынан Вячеслав Швырев иеленді. Осылайша, осы чемпионаттағы ең ірі есепті «Қайрат» командасы тіркеді.

«Ақтөбе» — «Тұран» 2:1

«Ақтөбе» өз алаңындағы алғашқы матчын түркістандық ұжымға қарсы өткізді. Ойынның 29-минутында Неманья Анджелкович Умаевтың пасын сәтті пайдаланып, гол авторы атанды. Екінші таймның 55-минутында Горан Милайко «ақ-көктер» сапындағы дебюттік голын соқты. Таразы басы теңескен сәтте 84-минутта Еркебұлан Сейдахмет есепті еселеді. Осылайша, ақтөбеліктер турнирлік кестеде төрттікті түгендеп тұр.

«Елімай» — «Қайсар» 2:0

Семейдегі стадионның дайын болмауына байланысты, семейліктер матчты «астана аренада» қабылдады. Алғашқы таймда «Елімай» «Қайсардан» ойын тұрғысынан еш басым болған жоқ. Есесіне екінші тайм бастала салысымен ойынның 62-минутында Роман Тугарев гол соғып, «Елімайды» алға сүйреді. Оның ізін Фессоу Плакка жалғап 89-минутта есепті еселеді. Сонымен, «Елімай» маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

«Қызылжар» — «Астана» 0:2

Қостанайда өткен ойынның 11-минутында Томасовтың асырған пасын Джеффери Чинеду сәтті пайдаланып, есеп ашты. Чинеду гол соққанымен тоқтамай, 42-минутта голдық пас асырып, оны Назми Грипши сәтті орындап, есеп 0:2 жетті. Ойыннан соңы, «Қызылжар» 11-орында бір ұпаймен қалса, «Астана» «Қайраттан» кейінгі 2-орынды қанағат тұтты.

Осымен екінші тур ойындары өз мәресіне жетті. Алда командалар халықаралық демалысқа байланысты үзіліс алады. Премьер лига ойындары 29 наурызда өз жалғасын табады. Ал оған дейін Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу ойындарын өткізеді.