15.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Клубтар арасындағы әлем чемпионаты голсыз басталды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Клубтар арасындағы әлем чемпионаты голсыз басталды

15 маусым күні Майами-Гарденсте өткен Клубтар арасындағы әлем чемпионатының ашылу ойынында «Аль-Ахли» мен «Интер Майами» тең ойнады – 0:0. Кездесу «Хард Рок» стадионында өтті. Бас төреші – Ализера Фагани (Иран).

Есептің ашылмауы матчтың мазмұнына сай келмейді. Бірінші таймда «Аль-Ахли»  ұжым басым көрінсе, екінші кезеңде Маскераноның командасы ойын тізгінін қолға алды.

«Аль-Ахли» құрамынан Ашур, Ибрагим және Дари бірнеше рет есеп ашуға жақын болды. Ал Трезеге бірінші тайм соңында пенальти орындағанмен, қақпашы Устари команданы құтқарып қалды.

Екінші таймда керісінше, «Интер Майами» жиі шабуылдап, Месси, Альенде, Пико мен Фалькон есеп ашуға тырысты. Алайда бұл жолы «Аль-Ахлидің» қақпашысы Мохамед эль-Шенави шеберлігін танытты.

Ойынның осындай шиеленісті өткеніне қарамастан, матч тең есеппен аяқталды. Бұл нәтиже топтағы басқа командалар – «Палмейрас» пен «Порту» үшін тиімді болды. Олар өзара ойынды жексенбіден дүйсенбіге қараған түні өткізеді.