20.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстанның Уэльсті жеңуге немесе тең ойын көрсетуге мүмкіндігі бар – ұлттық құрама қорғаушысы Асхат Балтабеков

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Наурыздың 22-нен 23-не қараған түні Кардиффте Қазақстан ұлттық құрамасы 2026-жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчын өткізеді. Әли Әлиев шәкірттерінің қарсыласы – негізгі ойыншыларының жарақатарына қарамастан, топ фавориттерінің бірі саналатын Уэльс.

Уэльс құрамасындағы мәселелер:

Уэльстің бас бапкері Крейг Беллами команда көшбасшыларының бірі 34 жастағы жартылай қорғаушы Аарон Рэмзидің жарақат алып, алдағы матчқа қатыспайтынын хабарлады. Сондай ақ, тағы бірнеше негізгі аяқдопшылары алаңға шықпайтын сияқты.

«Негізгі ойыншылардың жарақаты – қарсыластың кез келген тактикалық өзгерістеріне қарағанда біз үшін әлдеқайда үлкен мәселе», – деп мәлімдеді Уэльс футбол қауымдастығының баспасөз қызметі.

Қазақстан құрамасы осы мүмкіндікті пайдаланып, Уэльс астанасынан ұпай алып кете ала ма?

Ұлттық құраманың және «Жеңіс» клубының қорғаушысы Асхат Балтабеков Sport Pulse порталына алдағы матчқа қатысты пікір айтты:

«Бұл жағдай Қазақстан құрамасының жеңіске жету немесе тең ойнау мүмкіндігін арттырады. Алайда, Уэльс құрамасы тәжірибелі және сапалы ойыншыларға бай, сондықтан матч оңай болмайтыны анық. Қазақстан құрамасы жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін тактикалық тұрғыдан дұрыс дайындалып, қарсыластың әлсіз тұстарын тиімді пайдалану қажет».

Уэльс – Қазақстан

Күні: 23 наурыз

Уақыты: 00:45 (тікелей көрсетілім 00:35-тен басталады)

Стадион: «Кардифф Сити», Кардифф

Көрсетілім: Qazsport

Қазақстан құрамасы 2026-жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде «J» тобында бақ сынауда. Қарсыластары – Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн. Әр матч турнирлік кестедегі жағдайға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан, Әлем чемпионатының жолдамасы үшін талас өте тартысты өтетіні анық.