27.01.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстандық каратэшілер Парижде өткен әлемдік додадан бес медальмен оралды

Франция астанасы Парижде өткен халықаралық рейтингтік «Каратэ1 Премьер Лигасында» қазақстандық бес каратэші жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Prosports.kz

68 келі салмақта сынға түскен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева алтын үшін тартыста екі дүркін әлем чемпионы, испаниялық Мария Торрес Гарсияға 5:4 есебімен есе жіберіп, күміс медаль алды.

Азия ойындарының чемпионы Әсел Қанай болса әлем чемпионы жапондық Сарара Шимададан 9:4 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені місе тұтты.

Сонымен қатар, әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жартылай финалда ирандық спортшыдан жеңілді. Үшінші орын үшін бәсекеде жапондық қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.

Сондай-ақ 84 келіде бақ сынаған Диас Анарбек америкалық Эдуард Сагильянды жеңіп, қола медальды қанжығалады. Ал 60 келіде Қайсар Алпысбай жапониялық қарсыласынан бір бас жоғары болып, ол да үшінші орыннан көрінді.

Айта кетейік, бұл жарысқа әлемнің 70 елінен 382 спортшы сынға түсті. Ұлттық құрама сапынан жалпы 9 спортшы ел намысын қорғады. Турнир нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.