03.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстандық боксшылар Странджа Кубогында лайықты өнер көрсетті, бірақ басты сынақтар бізді Әлем чемпионаты мен Олимпиадада күтіп тұр – олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Қазақстандық боксшылар Странджа Кубогында лайықты өнер көрсетті, бірақ басты сынақтар бізді Әлем чемпионаты мен Олимпиадада күтіп тұр – олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов

Қазақстан ерлер құрамасы 2025 жылғы Странджа Кубогында тарихи рекорд орнатып, 18 медаль (5 алтын, 9 күміс, 4 қола) жеңіп алды және алғаш рет турнирдің үздік командасы атанды. Ерекше сәттердің бірі – Төрехан Сабырханның жарыстың үздік боксшысы деп танылуы. Қазақстандық спортшы бұл атаққа алғаш рет қол жеткізіп отыр.

Sport Pulse порталына эксклюзивті сұхбат берген 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, IBA халықаралық бокс федерациясының ардагерлер және спортшылар коммиссиясының мүшесі, қазір «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары Ермахан Ибраимов бұл жетістіктің маңызы, команданың дайындығы және қазақ боксының болашағы туралы айтты.

– «Странджа-2025» кубогында ұлттық құрамамыздың өнерін қалай бағалайсыз?

– Бұл жетістіктер – тек дайындық кезеңдерінің бірі. Біздің кезімізде бапкерлер аралық жеңістерге қатты көңіл бөлмейтін. Турнирден өттік – әрі қарай жұмыс істейміз. Басты мақсат – Әлем чемпионаты, Азия біріншілігі және Олимпиада. Боксшылар тек «Странджа» Кубогында ғана емес, басқа турнирлерде де тәжірибе жинауы керек. Егер спортшы қатарынан қатарынан 4-5 ірі жарыста жеңіске жетсе, онда оның әлемдік деңгейге дайын екенін айтуға болады.

– Төрехан Сабырхан турнирдің үздік боксшысы атанды. Бұл жетістік қазақстандық бокс үшін қаншалықты маңызды?

– Әрине, Төреханның жетістігі бізді қуантады. Біз оны жиі мақтаймыз, бірақ тепе-теңдікті сақтау маңызды. Спортшыны уақытында мадақтау, әрі тәртіпке шақыру керек, әйтпесе, ол ерте жанып кетуі мүмкін. Қазақстандық бокс тарихында ерте жетістікке жетіп, артық қысымға ұшыраған спортшылар аз болмаған. Сондықтан асығыс болжамдар мен гүрілдеткен мәлімдемелерден сақ болу керек.

Төрехан Сабырхан

– Бұл турнирдегі бәсекелестік деңгейі қандай болды? Бұл жеңісті Әлем чемпионаты мен Олимпиадаға дайындық көрсеткіші деп санауға бола ма?

– Боксшыларымыз өте жақсы өнер көрсетті, бірақ турнирге нақты кімдердің қатысқанын да ескеру қажет. Мысалы, Ресей мен Куба сияқты мықты бокс державалары келмеді, кейбір танымал спортшылар жарысқа қатысудан бас тартты. Сондықтан жағдайды шынайы бағалау қажет. Біздің басты сынағымыз – 2028 жылғы Олимпиада мен Әлем чемпионаты. Сол кезде боксшыларымыз өз деңгейін толық көрсете алуы тиіс.

– Қазақстандық бокстың қазіргі жағдайы мен дамуын қалай бағалайсыз?

– Қазақстанда ішкі бәсекелестік өте жоғары. Біздің елде дарынды боксшылар Еуропаның бірнеше елін біріктіргеннен де көп. Жасөспірімдерден бастап ересектерге дейін барлық деңгейде жүйелі дайындық жүріп жатыр. Қазір, мысалы, Бақыт Сәрсекбаев жастарға (U-21) ерекше көңіл бөліп, нәтижеге жұмыс істеп жатыр. Бірақ ұлттық құраманың нағыз прогресін тек Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша бағалауға болады.

Осылайша, тарихи жетістікке қарамастан, сарапшылар тоқтап қалмауға шақырады. Қазақстандық бокс дамуын жалғастыруда, ал негізгі сынақтар әлі алда – әлемдік ареналарда болмақ.