01.02.2025
Оқу уақыты: 1 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Жукаев Дэвис кубогында Қазақстанға екінші жеңісті әкелді

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Астанада Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобының плей-офф кезеңі аясында Қазақстан құрамасы Пәкістан командасымен күш сынасуда. Күннің екінші матчында Бейбит Жукаев Хузайфа Абдул Рехманды 7:5, 6:0 есебімен жеңіп, қазақстандықтардың басымдығын 2:0-ге жеткізді.

Матч 1 сағат 19 минутқа созылды. Екінші сетте Рехман аяғынан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінді. Кейін ойынды жалғастырғанымен екінші сетте айтарлықтай қарсылық көрсете алмады.

Жеңістен кейін Жукаев матчтың оңай болмағанын мойындады:

«Үйде ойнау әрдайым қиын, жақсы өнер көрсетуге талпындым, бірақ кейде эмоциялар кедергі келтіреді. Бірінші сетте өз ойынымды табуға тырыстым, қарсыласымның ойын өрнегін білмедім, бірақ сет соңында бейімделдім. Ал екінші сетте оған еш мүмкіндік қалдырмадым».

Сондай-ақ, қазақстандық спортшы пәкістандық жанкүйерлердің ерекше белсенді қолдауына таң қалғанын айтты:

«Мұндайды күтпедім, бірақ ол маған кедергі болмады. Үлкен турнирлерге үйрендім».

Бейбит Жукаев жұптық матч Қазақстанның пайдасына шешіледі деп үміттенеді, бірақ қажет болса, тағы да кортқа шығуға дайын:

«Жаттықтырушылармен тактиканы талқылаймыз. Егер тағы ойнау қажет болса, мен дайынмын».

Бұған дейін Александр Шевченко қарсыласын жеңіп, Қазақстанға Дэвис Кубогындағы алғашқы ұпайды алып келген. Енді қазақстандықтарға жеңіс үшін соңғы қадам жасау ғана қалды.

2-ші ақпанда жұптық матч өтеді: Александр Шевченко / Тимофей СкатовАкел Хан / Музамиль Муртаза, одан кейін екі жеке кездесу: ШевченкоРехман және ЖукаевМуртаза.

 Сурет авторы: Андрей Ударцев