30.10.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Қазақ Титаны»: Америкада кәсіпқой боксшылармен бірге дайындалдым

Айнур Кабдуллин
Айнур Кабдуллин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
боксер с флагом

«Қазақ Титаны» лақап атымен танымал қара күш иесі Алмат Жұманов АҚШ-та өткен Bare Knuckle турнирінде жекпе-жекке шықты. Жалаң қолмен жұдырықтасу ережесі бойынша ол Рэйн Уэллсті жеңді.

– Америкадағы алғашқы жекпе-жегіңізде Рэйн Уэллсті жеңдіңіз. Қарсыласыңыз және жекпе-жек жайлы айтып өтсеңіз.

– Иә, қарсыласым ММА спортымен шұғылданған. Бұған дейін аралас жекпе-жектен біраз айқас өткізіп, бірнеше лигада төбелескен. Өте тәжірибелі спортшы екен.

– Жекпе-жекке дайындық қалай өтті, қанша уақытқа созылды? АҚШ-та жаттығу лагерін өттіңіз бе?

– Жекпе-жекке дайындық жақсы болады. Жеңемін деп кірдім рингке. Бұл жекпе-жекке екі жылдан бері дайын жүрдім. Өйткені келісімшартқа екі жыл бұрын қол қойдым. Осы жекпе-жекке лагерді Америкада өткіздім. Кәсіпқой боксшылармен иық тіресіп жаттықтық. Америкада жекпе-жек өткізуге қол үшін берген кәсіпкер Гүлбану Майгарина ханымға алғыс білдіремін.

– Заманауи ММА-де барлық дерлік файтерлер менеджермен жұмыс істейді. Отандық спортшылардың UFC-мен келісімшарт жасасуына менеджерлердің қосқан үлесі көп. Қазір сіз кіммен жұмыс істейсіз?

– Bare Knuckle ұйымының менеджерлерімен ғана жұмыс істеймін. Қарсыласымды солар тауып береді.

– Bare Knuckle Fighting Championship ұйымында жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс қайдан және қашан түсті?

– Мені әлеуметтік желіден бақылап жүрген екен. Дубайдағы жекпе-жегімді көргеннен кейін ұсыныс жасады.

– Қолда бар ақпаратқа сенсек, Bare Knuckle FC-мен келісімшарт бойынша бір жылда төрт жекпе-жек өткізуіңіз қажет екен. Келесі жекпе-жегіңіз қашанға жоспарланған?

– Иә, бір жылда төрт жекпе-жек жоспарланған. Әзірге нақты емес. Мүмкін төрт, мүмкін одан аз жекпе-жек өткізермін. Бұл жүрде көп себеп бар. Кейде жарақат аласың, денсаулыққа байланысты шықпай қалатын кез де болады.

– Аралас жекпе-жек пен жалаң қолмен жұдырықтасудың айырмашылығы қандай?

– Аспан мен жердей деп айтуға болады. Бұл ертеде пайда болған бокстың бір түрі. Ешқандай күрес жоқ. Партер жоқ. Тек жалаң қолмен жұдырықтасу қажет.

– Жалпы, жалаң қолмен жұдырықтасу спортынан кәсіби ММА-ге ауысу оңай ма? Әлемде мұндай жолмен жүріп өткен спортшылар бар ма?

– Көбіне бізге ММА спортынан келіп жатады. Ал ММА-ге ауысып жатқандар көп емес. Өзім де кезінде аралас жекпе-жекпен, самбомен шұғылдандым. Дегенмен ММА-ге барудан бас тартаймын. Жақсы ұсыныс болып жатса, неге шықпасқа? Фундаментім күрес болғандықтан октагонда өзімді еркін сезінемін. Күресіп те білемін, жұдырықтасуды да білемін.

– Сізді спорт жанкүйерлері әмбебап спортшы ретінде таниды. Бокспен, ММА-мен кәсіби түрде шұғылданасыз. Қай спортты басты мақсатқа қойып отырсыз?

– Көзімді ашып, есімді білгелі еркін күреспен шұғылдандым. Өзіме ұнайтын спорттың бірі. Көп жарысқа қатысып, тәжірибе жинадық. Мансабымның басым бөлігін осы еркін күреске арнадым. Кейін ММА-ге ауыстық. Панкратионмен шұғылдандым.