Оқу уақыты: 5 мин

«Қазақ футболы легионерсіз ойнауға дайын ба?» деген сауалға ҚПЛ-дің 7-ші турында жауап аламыз — комментатор

«Қазақ футболы легионерсіз ойнауға дайын ба?» деген сауалға ҚПЛ-дің 7-ші турында жауап аламыз — комментатор

3-ші мамырда Қазақстан премьер-лигасының 7-тур ойындары басталады. Қазір турнирлік кестеде «Қайрат» пен «Астана» көш бастап тұр — қос командада 14 ұпайдан бар. Алайда алматылықтар мен елордалықтар өз қарсыластарынан бір ойын артық өткізген. Оларды төрт ұпайға артта келе жатқан «Елімай» мен «Ақтөбе» өкшелеп келеді. Қазіргі таңда «Елімай» үшінші орында, ал «Ақтөбе» төртінші сатыда орналасқан.

Sport Plus Qazaqstan телеарнасының бас редакторы әрі белгілі комментатор Айбек Қабылша Sport Pulse порталына жетінші тур ойындарына қатысты болжамын айтты:

Ұлытау — Қайрат

— Бұл ойыннан не күтуге болады?

— Матч аса тартысты болмайтын сияқты. Өйткені бұл турнирлік кестенің бірінші және соңғы командалары арасындағы кездесу. Иә, «Ұлытау» өз алаңында намысқа тырысар, ұпай алғысы келеді, бірақ «Қайрат» дәл осы «Ұлытаудан» үш ұпайды қалайда олжалайтын команда. Сондықтан бұл кездесуде алматылықтардың жеңіске жететініне еш күмән жоқ. Есеп 0:2 немесе 1:2 болатын шығар.

«Қайрат» ФК

Жеңіс — Ақтөбе

— «Жеңіс» биыл алғашқы жеңісіне жете ала ма?

— Кездесу өте тартысты болады. Себебі «Ақтөбеде» жаңа бапкер. Жеңістің әлі биылдыққа жеңісі жоқ. 6 кездесудің бесеуінде тең ойнаған астаналықтар дәл осы матчта Ақтөбені жеңіп кетуі әбден мүмкін. Бұл екі команда өткенде ғана Қазақстан Кубогының 1/8 финалында кездесті және сол ойында «Жеңіс» айқын жеңіске жетті. Осы жолы да «Жеңіс» ұтатын секілді. «Ақтөбе» гол соғу керек. Меніңше есеп 2:1 болуы мүмкін. Бірақ 1:1 тең нәтиже де тіркеліп қалуы ғажап емес. Сондықтан, бұл кездесуде «Жеңіс» жеңілмейді.

Атырау — Ордабасы

— «Атырау» аяқдопшыларының «Ордабасыға» қарсы ойында жеңіске жету мүмкіндігі бар ма?

— «Атырау» өте қиын жағдайда жүр. Кеше өз алаңында «Астанаға» қарсы өткен кездесуде команданың намысқа тырысып жатқанын көрдік, бірақ футболда құр намыспен тек қана рухпен алысқа бара қоймайсың. Бұл жерде шеберлік деген бар, бұл жерде мүмкіндік деген дүниелер үлкен роль атқарады. Сол үшін «Атыраудың» осы жолы «Ордабасымен» болатын кездесуінде де мен намысқа толы ойын күтемін, бірақ батыс қазақстандықтарға жеңіске жету қиын болатын шығар. Өйткені, «Ордабасының» ойыны қазір бірте-бірте дұрысталып келе жатыр. Дәл осы матчта да Мартиннің шәкірттері жеңісті жолын жалғастыруға тырысады. Қазір «Ордабасының» сол қапталы өте мықты. Көбіне шабуылдың барлығын осы қапталдан жасайды. Ал «Атыраудың» қорғаушыларына сақ болу керек. «Астанаға» қарсы ойында төрешінің қателігінен пенальти тіркеліп, соның арқасынан атыраулықтар ұтылып қалды. Енді төрешілер ондай қателік жібермейді деп ойлаймын. Сондықтан меніңше бұл кездесуде тең нәтиже тіркелуі мүмкін — 0:0 немесе «Ордабасы» бір доп айырмасымен жеңіске жетуі де ықтимал.

«Ордабасы» ФК

Тұран — Жетісу

— Бұл матчта кім басым түседі?

— «Тұран» және «Жетісу» арасындағы кездесу де тарысты өтеді. «Жетісу» биылдыққа әлі жеңіске жете алмай келе жатыр. Қалайда осы матчта үш ұпай алуға тырысады. Ал «Тұран» Шымкент пен Түркістанның, яғни оңтүстіктің соңғы дербиінде жеңіліс тапты және пенальти сала алмады. Әжептәуір келе жатқан команданың қазір сәтсіздіктер сериясы жалғасуда. Осы жолы «Жетісуды» ұтпаса «Тұран» биыл алғашқы бестікке таласу деген үмітінен сәл-пәл алыстайды. Сол үшін қазір тоқырауда жүрген талдықорғандықтарды «Тұран» тоқыртып, кезекті үш ұпайға қол жеткізеді деп ойлаймын. Оның үстіне «Жетісудің» бас бапкері Самат Смақов алаңның жиегінде де болмайды. Бұл әлбетте командаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан «Тұран» меніңше бұл матчта 1 немесе 2 доп айырмасымен жеңіске жетеді.

Қайсар — Астана

— «Қайсар» өз алаңында «Астанаға» лайықты қарсылық көрсете ала ма?

Виктор Кумыков әлбетте бұл ойында «Астаны» тоқтату үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Қызылордалықтар өз алаңында, жергілікті жанкүйерлерінің алдында кез келген командаға лайықты қарсылық көрсет алады. Оның үстіне ауа-райының ыстықтығы бар және жергілікті алаңның әрбір қоқыр-соқырын «Қайсар» ойыншылары жақсы біледі. Сондықтан барынша тырысады. Алайда, «Астананың» деңгейі бөлек команда, сапында Марин Томасов, Усман Камара, Назми Грипши, Джеффри Чинеду бар. Яғни, отандық ойыншылармен ғана ойнайтын «Қайсар» және өте мықты легионерлері бар «Астана» арасындағы текетірестің куәсі боламыз.

Бұл матчта біз «Қазақ футболы отандық ойыншылармен ойнауға дайын ба, әлде легионерлер керек пе?» деген сауалға жауап алатын секілдіміз. Егер Астана еш қиындықсыз өзінің легионерлерінің арқасында «Қайсарды» сан соқтырып жатса, онда «Қайсар» басшылығы да бәлкім екінші айналымға қарай ойлана жатар. Өйткені мен «Қайсардың» екі бірдей кездесуін қатарынан жүргізіп көрдім. Командада премьер-лига емес, тіпті бірінші лиганың деңгейіндегі ойыншылар жетіп артылады. Өкінішке орай, қарапайым жерге пас бере алмайтын, қарапайым соққыны бағыттай алмайтын, қарапайым доп тоқтата алмайтын ойыншылар «Қайсарда» бар. Міне, дәл осындай ойыншылар алаңда жүргенде «Астана» секілді еліміздің топ командасын тоқтату «Қайсардың» қолынан келе қоймайды. Меніңше, «Астана» осы ойында үш ұпай алуы керек. Есеп 0:2 немесе 1:3. Жергілікті қызылордалықтардың өкінішіне орай және менің қызылордалық екенімді ескере отырып, өзімнің жерлестерімнің осындай қиын жағдайда жүргені, қанша намысқа тырысса да бойынан биік секіре алмайтыны өкінішті.

«Қайсар» ФК

Елімай — Оқжетпес

— Бұл ойында жеңіске кім жетеді?

— Бұл кездесуде жеңімпаз «Елімай» болады. Оған ешқандай күмән жоқ. Семейліктер «Спартак» стадионында өз жанкүйерлерінің алдында биылғы маусымда алғашқы ойын өткізбек. Семейге оралды жанкүйерлер. Ауыз мұрнына дейін стадионды толтыратынына ешқандай шүбә келтірмеймін. Кеше облыс әкімі Берік Уәли команданы қабылдап, ұжымды жергілікті жанкүйерлерге тағы бір мәрте таныстырып, алдағы жоспарымен бөлісті және команданың алдына биыл чемпион болу керек деген мақсат қойды. Облыс әкімі де осы матчқа барады дегенге күмән келтірмеймін. «Елімай» өңір басшысының алдында, жергілікті жанкүйерлердің алдында «Оқжетпесті» қалайда ұту керек. Иә, көкшетаулықтар мықты, Аслан Дарабаев, Тимур Досмағамбетов секілді тәжірбиелі ойыншылары бар. Бірақ бүгінгі «Елімайды» сырт алаңда «Оқжетпес» жеңеді деп ойламаймын. Тең нәтижеге ойнауға тырысады, бірақ «Елімай» қалайда осы матчта үш ұпай алу керек. Андрей Карпович мұндай матчтарда ұпай шашатын жаттықтырушы емес.

Тобыл — Қызылжар

— Қай команданың бағы жанады?

— Бұл матчта қостанайлықтар жеңіске жету керек. Екі команда да ойындарын «Тобыл Аренада» өткізіп жүр. Бәлкім, осы кездесуден соң тобылдықтар Қостанайдың орталық стадионында ойнайтын шығар. Ал енді бұл текетірестің жеңімпазы «Тобыл» болады, оған ешқандай күмәнім жоқ. Иә, Чурчич келгелі бері «Қызылжар» нашар өнер көрсетіп жүрген жоқ. Сауатты ойнап жүр. Қатарынан екі кездесуде жеңіске жетті. Команданың көңіл күйі жақсы. Бірақ «Тобыл» Алматыдағы сәтсіздіктен кейін осы матчта қалайда үш ұпай алу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Меніңше, Нұрбол Жұмасқалиевтің шәкірттері бір доп айырмасымен жеңіске жетеді.

Басты сурет: instagram/fcaktobe_official

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!