20.01.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақ автоспортының бүгіні мен ертеңі

IMG 9068

Автоспорт – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Елімізде оған 2000-шы жылдары ғана ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл мақала отандық автоспорттың негізі мәселелері мен оны дамыту үшін қолға алынған шаралар туралы болмақ.

Қазақстанда автоспорт қалай пайда болды?

Кеңес Одағы кезінде елімізде автоспорт ынтагерлер арасында ғана танымал еді. Өйткені негізгі басымдық, футбол, бокс және күреске берілетін. Оның үстіне, арнайы инфрақұрлымның жоқтығынан, қазақ жерінде автоспорттан жарыстар өтпейтін. Оны дамытуға арналған талқылаулар 1990-шы жылдары, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. 1992-ші жылы мамырда ел спортшыларының ортақ мүдделері мен тілектері негізінде ҚР автомотоспорт федерациясы (FAMS) құрылған. Сол жылы ол Халықаралық автомобиль федерациясына (FIA) және Халықаралық мотоцикл федерациясына (FIM) мүшелікке қабылданды. Кейін, Алматы мен Астана сияқты қалаларда автоклубтар құрылып, алғашқы ресми жарыстар ұйымдастырылған.

IMG 9066

Қазақстандағы автоспорт мына бағыттар бойынша дамып келеді:

1. Ралли
Қазақстанда ралли жарыстары өте танымал. Айтулы іс-шаралардың бірі – «Ралли Қазақстан», бұл жарыс Халықаралық Автомобиль Федерациясының (FIA) күнтізбесіне енгізілген. Бәсеке Каспий теңізі маңындағы шөлді және тау аймақтарында өтеді, бұл жарыс әлемнің түпкір-түпкірінен келген спортшылардың басын қосады.

2. Дрифтинг
Соңғы жылдары дрифтинг Қазақстанда үлкен танымалдылыққа ие болды. Алматы бұл бағыттың орталығына айналып үлгерген. Шаһарда ұлттық және халықаралық жарыстар жиі өтеді. Жергілікті дрифт спортшыларының арасында Қазақстанды халықаралық деңгейде танытып жүргендер де бар.

3. Формула-спорт

Қазақстанда бұл бағытқа қызығушылық күннен күнге артып келеді. Отандық спортшылар шетелдік жарыстарға қатысып жүр. Өз кезегінде бұл елімізде Формула-спорттың дамуына септігін тигізуде. Болашақта Атырауда автоспорттан халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін нысанның құрылысы жоспарда бар.

IMG 9067

Инфрақұрылым

Қазақстанда автоспортқа арналған арнайы тректер саны аз. Дегенмен, ауыз толтырып айтатын жәйт бар, ол Алматы қаласындағы «Сокол» халықаралық автодромы. Бұл стандарттарға сай келетін ең ірі нысан. Мұнда ралли, дрифт және картинг жарыстары өткізіледі. Сонымен қатар, Ақтау мен Қарағандыда да автоспорт алаңдары салынуда.

Халықаралық жарыстардағы қазақстандықтар

Қазақстандық автоспортшылардың арасында дүние жүзіне танылған есімдер бар. Мысалы, Айдын Рахымбаев пен Андрей Черкезов Дакар раллиінде табысты өнер көрсетіп, жастарға үлгі болып жүр.

IMG 9065

Болашағы

Қазақстандағы автоспорттың болашағы зор. Мемлекет оны қолдау үшін арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, бірқатар шараларды қолға алуда. Оның ішінде, спортшылардың шетелдік жарыстарға қатысуына жағдай жасау бар.  Айта кету керек, автоспорттың дамуы жастар арасында техникалық және инженерлік білімге де қызығушылықты арттырады.