Оқу уақыты: 2 мин

«Қайсар» қайда бағыт алып барады?

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Қайсар» қайда бағыт алып барады?

Әлеуметтік желіде «Қайсар» жанкүйерлерінің наразылығын бейнелейтін видео тарады. Ғани Мұратбаев стадионында өткен кезекті жеңілістен кейін қызылордалықтар клубтың қазіргі күйіне алаңдаулы екенін ашық көрсетті. Видеода жанкүйерлер: – «Топ трансфер қажет!» – «Қайсар тек өз ойыншыларымен ойнайтын Атлетик Бильбао емес!» – «Кумыков пен Байжанов емес, Артаев жауап берсін!» – «Мақсат қандай? Жоспар қайда?» деген ашық талаптар қойып жатыр.

Видео осы сілтемеде

Бұл – жай ғана эмоция емес. Бұл – жылдар бойы жиналған реніш пен жауапсыз сұрақтардың көрінісі.

Жанкүйерлердің ашуы орынды. 9 тур – 4 ұпай, 12-орын.  Төменгі лигаға түсіп кету қаупі болса, өршіп тұр. Ең сорақысы – клубта қандай мақсат бар екенін ешкім ашық айтпайды. Халыққа бітпейтін сәтсіз сериядан кейін ешкім есеп беруге шықпайды және шыққысы да келмейді.

Мақсат Байжанов қаржы тапшылығы барын айтып, кейбір ойыншылардың тегін ойнап жүргенін мәлімдеген. Бас бапкер Виктор Кумыков болса, алғашқы турлардағы қарсыластар – «Ақтөбе», «Ордабасы», «Астана», «Қайрат» сынды көшбасшылар болғанын алға тартып, жағдайды осымен түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – мәселенің бетін ғана сипағандай болып көрінді

Халық қазір жауапты Кумыковтан да, Байжановтан да емес, клубтың жалпы тағдырына ықпал етіп отырған Қызылорда облысының спорт басқармасы басшысы Бақтияр Артаевтан күтуде. Себебі жанкүйерлер айтуынша, дәл осы Артаев маусым алдында «трансфер болады, нәтиже болады» деп уәде берген. Енді халық сол уәдені еске салып отыр. Халықтың ашық қойған орынды сұрақтары бар: Команданың мақсаты қандай? Стратегияны кім жасайды? Академия неге жұмыс істемейді? Үздік қазақ футболшылары неге тартылмай жатыр? Неге клуб тарапынан ешкім халыққа түсініктеме бермейді?

Ақиқат керек, «Қайсарда» легионер де жоқ, өз мектебінің түлегі де жоқ. Сәйкесінше академия да жоқ. Бұнымен қазіргі ойыншыларды, бапкерді кінәлаудан аулақпыз.

Облыс әкімі президент жолдауына сүйеніп, ақшаны бұқаралық спорт пен инфрақұрылымға бөлгенін, сонымен қатар клубтың бұрынғы қарызын жапқанын айтқан. Бұл түсінікті. Бірақ кәсіби клубты ұмыту – футболдың болашағын тұншықтыру.

Футбол – тек ұпай мен гол емес. Ол – тәрбие, шабыт, мақсат. Егер «Қайсар» құлдырай берсе, ауылдағы бала кімге қарап, кімге еліктейді?

Қазір жанкүйердің басты реніші – нәтиже емес. Басты реніш – клубтың қайда бара жатқаны белгісіз, басшылықтың халықтан қашуы, мақсаттың, стратегияның белгісіздігі және халықпен кері байланыс болмауы.