Оқу уақыты: 9 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Қайрат» vs «Ақтөбе»: маусымның алғашқы трофейін кім жеңеді? Сарапшылар Суперкубок матчына қатысты пікір білдірді

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

22 ақпанда Қазақстандағы жаңа футбол маусымы дәстүрлі Суперкубок матчымен басталады. Бұл кездесуде ел чемпионы, алматылық «Қайрат» пен 2024 жылғы Қазақстан кубогының иегері «Ақтөбе» өзара мықтыны анықтайды. Екі команда да құрамын едәуір жаңартты және маусымның алғашқы трофейі үшін күресуге дайын.

Жаңа маусымның басында қай команда мықты? Бас бапкерлер қандай тактикалық шешімдер қабылдайды? Және 16 жастағы «Қайрат» ойыншысы Дастан Сатпаев негізгі құрамда алаңға шыға ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға Sport Pulse порталына сұхбат берген белгілі футбол сарапшылары – комментаторлар Есей Жеңісұлы, Олжас Байбосынов және «Zidan4eg» лақап атымен танылған қазақстандық блогер Қасымжан Мұқатаев жауап берді.

– «Қайрат» пен «Ақтөбенің» мықты және әлсіз тұстары қандай?

Есей Жеңісұлы:
Дәл қазіргі жағдайда екі команданың бірінен – бірі артық, кем деуге болмайды. Екеуі де жаңа ойыншылармен толықты. «Қайратқа» Темірлан Анарбеков оралды, Жоржиньо, Дан Глейзер, Еркін Тапалов келді. Алматылықтар негізінен өзінің бұрынғы құрамына сүйеніп отыр.

«Қайратқа» қарағанда «Ақтөбеде» өзгерістер көп: негізгі ойыншылардан Струмия, Ромеро және тағы бірнеше аяқдопшы кетті. Сондықтан екі команданың қайсысы қазір басымдыққа ие екендігіне нақты ой жүгірту қиын. Оның үстіне командалар жаңа маусымда бірінші ресми ойындарын өткізеді.

Дегенмен, «Ақтөбенің» бір үлкен артықшылығы бар. Олардың жанкүйерлері қай қалада болсын командасын жақсы қолдайды. Алматылықтар да осындай шараларды ұйымдастырып жатыр. Сондықтан қолдау жағынан кем болмайтын шығар, ал ойын барысын көреміз қалай дегенде де. Маусымның алғашқы матчын жақсы бастап берсе дейміз.

Олжас Байбосынов:
Командалардың қазіргі жағдайын нақты айту қиын. Олар жаңа маусымда алғашқы ресми ойындарын өткізеді. Бұған дейінгі жолдастық кездесулер эксперимент болған шығар, бірақ бұл жолдастық матчтарда сәтсіз ойнағандары анық.

Қазір командаларға жаңа ойыншылар келіп жатыр. «Қайрат» былтырғы мықты аяқдопшыларын сақтап қалды. Дегенмен дәл бұл ойында командалардың жеңіске жету мүмкіндіктерін 50 де 50 деп бағалауға болады.

Сондай ақ, матчқа жанкүйерлер үлкен әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені Ақтөбеден өте көп жанкүйер келіп жатыр. Олардың командасы өзінің үйінде ойнағандай болады.

Қасымжан Мұқатаев:
Командалардың қазіргі жағдайы туралы айту қиын, өйткені Түркиядағы жиындардан нақты бір тоқтамға келуге болмайды. «Қайрат» аса керемет нәтижелер көрсетпесе де, негізгі құрамды сақтап, күшейтуге тырысты. «Қайраттың» мықты тұстары тәжірбиесі мол ойыншыларында, бұрынғы бапкері орында қалды, шабуыл шебінде Дастан Сатпаев бар. Әлсіз тұстарын әзірге байқаған жоқпын.

«Ақтөбеге» келсек, командаға Қазақстан құрамасының ойыншылары мен бірнеше легионер қосылды. Жайро Жанның қызыл-ақ жейдедегілер сапында өнер көрсететіні әзірге белгісіз. Сондықтан, командалардың ойыны маусым барысында күшейеді деп ойлаймын. Ал «Ақтөбенің» басты күші жанкүйерлерінде. Олар өз клубын алға сүйрейді.

Сурет meta-ratings.kz сайтынан алынды

– Бас бапкерлер алдағы ойында қандай тактиканы таңдауы мүмкін?

Есей Жеңісұлы:
Екі команданың да бапкерлері өзгерген жоқ. Леонов және Уразбахтин өз орындарында. «Ақтөбе» өткен жылдың соңына қарай екі орталық қорғаушы және екі артқы жартылай қорғаушылармен ойнауға көшкен. Сондықтан осы тактиканы ұстанатын шығар. Сосын Леонов вингерлерге көбірек иек артады. Бұл жерде «Қайраттан» келген Еркебұлан Сейдахмет оң қапталдағы таптырмас вингер болуы мүмкін. Алматылық клуб оны көбінесе толық бір қапталға жауап беретін ойыншы ретінде пайдаланған еді. Енді «Ақтөбе» сапында ол алдағы шабуылшыларға жол ашып беретін, жақсы ойын табатын шығар деп ойлаймын. «Ақтөбе» сапында Уче Агбо да бар. Бапкер оның қасына артқы жартылай қорғаушы ретінде кімді қоятынын нақты айту қиын. Сондай ақ қызыл-ақтар шабуыл шебіне легионер Ивковичті алды. Енді Леонов қандай тактиканы қолданатынын көрерміз.

Ал «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қорғаныста үш орталық қорғаушыны немесе екі орталық қорғаушыны пайдалана алады. Бұл жерде артқы жартылай қорғаушы ретінде Арад, Глейзер, Әділет Садыбеков бар. Осы үшеуін бапкер қалай пайдаланады деген сұрақ көкейімде тұр. Сондай ақ, егер орталық шабуылшы ретінде Элдер Сантананы пайдаланатын болса, жанына Жоржиньо мен Жоао Паулоны қоя ма? Оны айту қиын. Бапкердің шешімін ойын барысында көреміз.

Мені осы жолы екі командада негізгі қақпашылар кім болады деген сұрақ та мазалайды. Ақтөбе қақпасын Андрей Влад қорғай ма? әлде бұл жерде Игорь Трофимец өнер көрсете ме? «Қайраттың» қақпасында Заруцкий немесе Анарбеков тұра ма? Міне осы қызық болып тұр.

Олжас Байбосынов:
Барлығы бірінші голдан кейін белгілі болады. Егер екі команданың бірі гол соғатын болса, доп өткізіп алған клубтың бапкері бастапқы тактикасынан бас тартады. Сондықтан бірінші таймда жабық ойын болуы да мүмкін.

Қасымжан Мұқатаев:

Жанкүйерлер екі командадан да әдемі, шабуылға толы футбол күтеді. Әрине «Ливерпуль» немесе «Барселона» үлгісіне ұқсас ойын болатынына күмәнім бар. Ойыншылары әр ерекетін сақтықпен орындайтын футбол көретін шығармыз.

– «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сатпаев негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін бе?

Есей Жеңісұлы:
Осы маусымаралық үзіліс кезінде бас бапкер Дастан Сатпаевты біраз сынап көрді. Негізгі құрамда көбірек алаңға шығарды. Бірақ Жоржиньо, Жоао Пауло, Элдер Сантана сияқты негізгі шабуылшылар жүргенде Дастанға мүмкіндік бере ме? Оның жасы да кіші, әлі сүйегі қатқан жоқ, толық қалыптаспаған. Сондықтан екінші таймда алаңға шығуы мүмкін. Әрине, Ямаль сияқты жарқырап көрініп жатса еш қарсы болмас едім.

Олжас Байбосынов:
Дастан Сатпаевтың негізгі құрамда шығуы екіталай. Ол небәрі 16 жастағы ойыншы. Десе де, қазақ футболының жанкүйері ретінде мен әрине Дастанның негізгі құрамда алаңға шығуын қалаймын.

Қасымжан Мұқатаев:
Сатпаев алаңға шығады деп сенемін. Оған әрі қарай өсу қажет.

Сурет: «Қайрат» ФК баспасөз қызметі

– Суперкубок – футбол маусымының бастамасы ғана. «Қайрат» пен «Ақтөбеден» әдеттегідей қызу, тартысты ойын күтуге бола ма?

Есей Жеңісұлы:
Әрине болады, өткені бұл екі команда соңғы кезде бітіспес қарсыластарға айналды. Жалпы Суперкубок – түгел маусымға өрнек беретін, жолын ашып беретін матч. Сондықтан, нәтижелі және екі команданың да жан берісіп ойнағандары керек. Тартысты ойын күтеміз.

Олжас Байбосынов:

Суперкубок – маусымның басы. Сондықтан командалардан керемет футбол күту орынсыз. Олар маусымда қайтадан жасақталатыны белгілі. Бірақ енді «Ақтөбе» және «Қайрат» аты дардай командалар ғой. Көреміз не болатынын.

Қасымжан Мұқатаев:
Егер бұл командалардың қарсыласы – «Астана», «Ордабасы» немесе «Тобыл» болса, тартыс тек алаңдағы ойынмен ғана шектелетін еді. Бірақ бұл мүлдем басқа жағдай. Екеуі де бітіспес қарсыластар. Сондықтан бізді нағыз шайқас күтіп тұрғанына сенімдімін.

Дереккөз: Әлеуметтік желілер

– Осы ойынның нәтижесі жаңа маусым алдында командалардың психологиясына әсер ете ме?

Есей Жеңісұлы:
Әсері болуы мүмкін. Бірақ енді «Қайраттың», «Ақтөбенің» сапында тәжірбиелі ойыншылар көп қой. Сондықтан жеңіліп қалған немесе жеңген команда сол махабатпен, сол қарқынмен бүкіл маусымды өткізіп шығады деп айта алмаймыз. Суперкубок маусымашар болғандықтан негізгі нәтиже чемпионатта және еурокубоктарда сарапқа салынады ғой, біз соған көбірек алаңдаймыз.

Олжас Байбосынов:
Әрине командалардың психологиясына әсер етеді. Екі ұжымда да маусымды кубок ұтып барып бастауға мүмкіндігі бар. Жалпы командалардың менталитеті жайлы айту орынсыз шығар бұл жерде. Өйкені «Ақтөбені» де «Қайратты» да біз білеміз, олар тек қана жеңіс үшін ойнайтын командалар. Суперкубокты жеңіп алу өте маңызды.

Қасымжан Мұқатаев:
Бұл матчтың нәтижесі чемпионат алдында команданың психологиясына қатты әсер етеді деп ойламаймын. Тек кубокты жеңіп алған команданың жанкүйерлері үшін ерекше мереке болмақ.

Сурет fckairat.com сайтынан алынды

– Бұл матчты алдағы маусымдағы чемпиондық таласқа дайындық деп қарастыруға бола ма?

Қасымжан Мұқатаев:
Иә, бұл матчты алдағы маусымдағы чемпиондық таласқа дайындық деп қарастыруға болады. Сонымен қатар бұл ойын қарсыластар үшін жақсы талдау жасау мүмкіндігі. Өйткені «Қайратты» «Ақтөбеден» кейін бірден «Астана» күтіп тұр. Елордалық клуб маусым басында оңай қарсылас емес.

Есей Жеңісұлы:

Енді былай қарасаңыз, Қазақстан футболында легионерлер лимиті әлі алынған жоқ. Сол 11 ойыншыны да алаңға шығаруға болады. Республикалық бюджеттен командалардың легионерлеріне ақша жұмсауға құқы жоқ болғанына қарамастан, негізгі фавориттер – «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл», «Қайрат», «Ордабасы» легионерден бас тартқан жоқ, әр қайсысында осындай 8, 9, 10 футболшы бар. Сондықтан бұл матчты чемпиондық таласқа дайындық деп қарастыруға болады, бірақ тағы да біздің чемпионаттың бүкіл атмосферасын легионерлер қалыптастыра ма деген күдігім бар. Өзіміздің футболшыларымыз алаңға көбірек шығып, ұлттық құрамаға ұмтылса деп қалаймыз. Барлығын маусым көрсетеді.

– Суперкубок үшін ойын алдағы маусымдағы чемпиондық таласқа әсер ете ме?

Олжас Байбосынов:
Жоқ. Бұл чемпиондыққа мүлде әсер ететін ойын емес. Маусымдағы бірінші ресми ойын – Суперкубок. Әрі қарай, маусым бізде білесіздер қазан, қарашаға дейін жалғасады. Сондықтан ақпан айында олай айту орынсыз деп ойлаймын.

– Ойын қандай сценарий бойынша өрбиді? Командалар сақ ойнай ма, әлде ашық футбол күтеміз бе?

Есей Жеңісұлы:

Меніңше ашық футбол болады, өйткені «Ақтөбе» өзінің айып алаңына немесе жарты алаңына тығылып ойнайтын команда емес. «Қайрат» артқы жартылай қорғаушылары көп болғанымен шабуылдауды жақсы көретін команда және доптан айырыла сала қысым жасайды. Сондықтан ашық футбол болады деп күтемін.

Олжас Байбосынов:
Егер бір команда есеп ашатын болса, ашық ойын болады. Егер бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталса, әрі қарай жабық ойын бола береді. Пеналити сериясына дейін баратынына таң қалмаймын.

Қасымжан Мұқатаев:
Футболшылар өте сақ қимылдайды, бірақ есеп ашуға мүмкіндік беретін кез келген сәтті пайдалануға талпынады. Екі команда да дәл осы қарсыласты тізе бүктіру өзі және жанкүйерлері үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді.

– Алдағы кездесуде қай ойыншыларға үміт артуға болады? Кімдердің көзге түсу мүмкіндігі мол?

Есей Жеңісұлы:
Бапкерлер негізі шабуылдаушы ойыншыларға көбірек үміт артатын шығар. Алайда, егер «Қайраттың» бас бапкері Уразбахтин былтырғыдай Жоао Паулоға көп сене беретін болса, команданың нәтижелері төмендеп қалуы мүмкін. Өйткені футболшы былтыр мергендер көшінің басында болғанымен, бұрынғы мергендігінен сәл жаңыла бастаған сияқты көрінеді. Ал Элдер Сантана мерген шабуылшы емес. Көбінесе, ол бұзып жарушы. Жоржиньоға қатысты ештеңе айта алмаймын.

Ал «Ақтөбенің» шабуыл шебі көбірек өзгерді. Сондықтан матч тағдыры ойын ұйымдастыратын ойыншыларға байланысты болмақ.

Олжас Байбоснов:

Жоао Пауло қобалжу дегенді білмейді, тәжірбиелі ойыншы. Мүмкіндік туса допты кез-келген бұрыштан тебе береді. Ал «Ақтөбеде» шабуылшы Гондола бар. Осындай жекелеген ойыншылардың шеберлігі матч тағдырын шешіп кетуі мүмкін.

Сурет: Instagram/f.c.kairat

Қасымжан Мұқатаев:

Бұл кездесуде басты назарда болатын тұлға Дастан Сатпаев. Бұрынғы командасына қарсы ойнайтын Сейдахметті де бақылау қызықты болмақ. Сондай-ақ, өткен маусымда Беларусь чемпионатында жақсы ойын өрнегімен көзге түскен Өміртаевты да естен шығармау керек. Заруцкийден керемет ойын күтемін. Жанкүйерлер оның қаншалықты мықты қақпашы екенін әлі толық түсіне қойған жоқ сияқты.

– Бұл матчтың фавориті кім және неге?

Есей Жеңісұлы:
Бұл матчтың фавориті жоқ. Екі команда да маусымды жақсы өткізді. Маусым алдындағы нәтижелер біз күткеннен аса жақсы болмағанымен осы 22-ші ақпандағы ойынға тыңғылықты дайындалды деп есептеймін. Кім жеңсе де қазақ футболының игілігіне болса екен деп ойлаймын. Бірақ бір бүйрегім жанкүйер ретінде әрине «Қайратқа» бұрады.

Олжас Байбосынов:
Менің ойымша бұл матчта фаворит жоқ. 50 де 50. Жоғарыда айтып өттім, «Қайрат» құрамдағы мықты ойыншыларын сақтап қала алды. Ал «Ақтөбеде» ортада өзгерістер бар. Струмия кетті құрамнан. Сондықтан бұл матчта бір команданы фаворит деп есептеу өте қиын.

Қасымжан Мұқатаев:
Аздап фаворит – «Ақтөбе». Өйткені олардың 10 мыңнан астам жанкүйері болады деп күтілуде. Мұндай қолдаумен жеңіліс өте қауіпті.

Сурет qfl.kz сайтынан алынды

– Ойынның есебі қандай болады деп ойлайсыз? Қосымша таймдар немесе пенальти сериясы болуы мүмкін бе?

Есей Жеңісұлы:
Мен негізі өте нашар жорамалшымын. Пенальти болады десем, ылғи болмай қалады. Сондықтан жасыл алаңның өзі шешсін. Қайраттың жанкүйері екенім рас, бірақ барлығы адал ойында шешілсе соған қуанатын едім.

Олжас Байбосынов:
Пенальти сериясы болуы әбден мүмкін.

Қасымжан Мұқатаев:
«Ақтөбе» минималды жеңіске жетеді деп ойлаймын. Есеп 1:0 немесе 2:1 болатын шығар. Ойын тағдыры қосымша уақытта шешілуі мүмкін.