04.11.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қайрат Ернұр: «Алдымен олимпиада, кейін кәсіби бокста чемпион болу мақсатым»

Sport Pulse редакциясы жақында Has pro boxing  турнирінде өнер көрсететін ұлттық құраманың жас талантты боксшысы Қайрат Ернұрмен алдағы кәсіби рингтегі дебютына дайындығы туралы сұхбаттасты.

Алдымен, боксқа қалай келгенің туралы айтып өтші?

Алғаш рет боксқа деген қызығушылығым мектеп табалдырығында 6-класс оқып жүргенде ашылған еді. Сол кездері Мэнни Пакьяоның жекпе-жегін көрдім. Ол менің боксқа деген махаббатымды ашты. Кейін үйіме жақын бокс залына барып қатысып көрдім. Алғашқы күннен-ақ қатты ұнады. Міне сол уақыттан бері қалдырмай бокспен айналысып келемін. Қазір құдды бір өмірімнің бір бөлшегіне айналғандай.

Has pro турнирінде өнер көрсететінің белгілі болды. Дайындық қалай өтуде? Жанкүйерлер үшін не дайындап жатырсың?

Өте қуаныштымын. Кәсіпқой бокста алғаш рет өнер көрсеткелі тұрмын. Бұл өте үлкен жауапкершілік. Қазір қызу дайындық үстіндеміз. Ұлттық құрамамен бірге біріккен оқу жаттығу жиынындамын. Өздеріңіз білетіндей Қазақстан бокс федерациясы құрамаға ағамыз Геннадий Головкиннің физикалық даярлығына көмектескен бапкерлерді шақырған болатын. Соның арқасында қазір жаңа деңгейдегі, өзгеше жаттығулар жасап дайындалудамыз.

 

IMG 7744
Кәсіпқой бокстағы дебюттық жекпе-жек ерекше болатыны сөзсіз. Ұсынысты естігенде алғаш қандай сезімде болдың?

Шыны керек өте қатты қуандым. Өйткені онсызда өзімді кәсіби бокста көргім келіп жүрген еді. Тәжірибе ретінде өзімді басқа қырымнан көргім келетін. Енді бұны жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын. Бәрі жақсы болса, кәсіпқой рингте жұлдыздай жарқыраймын деген ойдамын.

Бұдан бұлай түбегейлі кәсіпқой боксқа ауысасың ба?

Қазір біз ұлттық құраманың мүшесі болғандықтан, негізгі мақсатымыз әлем чемпионы, кейін олимпиада чемпионы болу. Осы мақсаттарға жеткеннен кейін, түбегейлі кәсіпқой боксқа ауысып, ол шыңды да бағындырамын деген мақсат бар. Мақсатыма берікпін.

IMG 7745

Сен үшін олимпиада чемпионы болған қызық па? Әлде кәсіпқой бокстан әлемнің абсолютті чемпионы болған қызығырақ па?

Әрине бала кезден арманым ол олимпиада чемпионы болу. Қазақ елінің көк туын жоғары желбірету. Ал кәсіпқой бокста әлем чемпионы болу, ол да мақсатым әрине. Бірақ айтқандай бәрі рет ретімен болса екен деймін. Алдымен олимпиада, кейін кәсіби бокста чемпион болу кез келген боксшының арманы.

Өзіңнің салмағыңдағы әлемдегі даңқты боксшылардан кіммен шыққың келеді?

Қазіргі әлемнің абсолютті чемпионы Наоя Иноуэмен кәсіби рингте жұдырықтасып, оның орнына әлемнің абсолютті чемпионы болсам деген арманым бар.

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев