02.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қаршыға Дәуітбек: Чемпиондық белбеуге үміткерлер қатарындамын

Айбар Рысдаулет
Айбар Рысдаулет
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
каршыга

Rizin лигасының жарқын жұлдызының бірі Қаршыға Дәуітбексоңғы жекпе-жегінде жапондық қарсыласын нокаутпен жеңіп, жанкүйерлерін қуантты. Алдағы жоспары, Жапониядағы жанкүйерлердің қолдауы және чемпиондық белбеуге деген ұмтылысы жайлы спортшы сұхбатында ашық айтты. 31 желтоқсанда өтетін маңызды жекпе-жекке дайындық барысы мен болашақ мақсаттары туралы Қаршығаның ойын біліңіз!

— Қаршыға, қалыңыз қалай? Кейінгі жекпе-жегіңізден кейін екі айдай уақыт өтіпті. Қазір не істеп жатырсыз?

— Соңғы жекпе-жектен кейін аз уақыт демалыс алып, қайта дайындықты бастап кеттім. Қазіргі уақытта алдағы жекпе-жекке тыңғылықты дайындық үстіндеміз. Бар күш-жігерімізді салып, жаттығу қарқынын арттырып жатырмыз.

— Қыркүйекте өткен RIZIN 48 турнирінде Такааки Киношитаны нокаутпен жеңдіңіз. Осы жекпе-жек туралы айтып өтсеңіз.

Такеаки Киношитаны құдайдың қалауымен нокаутпен жеңдім. Қарсыласым өте мықты спортшы. Ол – карате-дэн әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қара белбеу иегері. Сонымен қатар, кәсіби ММА-да 16-ға жуық жекпе-жек өткізген тәжірибелі қарсылас. Мұндай деңгейдегі спортшымен жекпе-жек өткізу маған да үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта оған тек жеңіс пен табыс тілеймін.

— Мансабыңызға үңіліп қарайтын болсақ, Жапонияда төрт жекпе-жек өткізіпсіз. «Күншығыс» еліне қазақ файтерлері жиі бара бермейді. Сізге бұл ұсыныс қалай түсті?

Менің менеджерім Саят Әбдірахманов Жапониядан ұсыныс келгенін айтты. Бұл ұсыныс мені бірден қызықтырды, өйткені Rizin лигасы әлемдегі ең үздік лигалардың бірі. Мұндай беделді алаңда өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан бағымды сынап көргім келді.

Каршыга4

— Жапон елі қазақ спортшылары үшін де, жанкүйерлер үшін де құпия деуге келетін шығар. Жапон жанкүйерлері сізді қалай күтіп алды?

Жапонияда біздің спортшылар көп өнер көрсетпегендіктен, ол жақта спорт қатты дамымағандай әсер қалуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде, Жапонияда спорт өте жоғары деңгейде дамыған. Жанкүйерлер өте сыпайы, спортшыларға деген құрмет ерекше. Олар әрбір жекпе-жектің маңызын түсініп, жылы қарсы алады. Бұл да маған үлкен мотивация береді.

— Келесі жекпе-жегіңізді жыл соңында Рен Сугиямаға қарсы өткізеді деп естідік. Қазір келіссөз процесі қай деңгейде?

—  Келесі қарсыласым – Рен Сугияма, лақап аты – Я-Ман. Ол Жапонияда танымал К-1 спортының жұлдыздарының бірі. Келіссөздер толық аяқталып, бәрі нақты шешілді. Құдай бұйыртса, 31 желтоқсан күні жекпе-жекке шығамыз. Бұл менің мансабымдағы маңызды жекпе-жектің бірі болмақ.

— Әдетте, АҚШ-та жұдырықтасатын спортшыларымыз мұхит асып, алдын ала жаттығу лагерін өткізеді. Сіз Жапониядағы жекпе-жектеріңізге қалай дайындаласыз?

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында ағайым Мұрат Естановпен бірге, сондай-ақ «Тұран Орда» және World Class Shymkent фитнес залдарында дайындық жүргізіп жатырмын. Жапониядағы жарыстарға дайындық кезінде тек физикалық жаттығулар емес, тактикалық және техникалық аспектілерге де ерекше көңіл бөлеміз.

Каршыга3

— RIZIN лигасында ұзақ үзілістен соң екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеттіңіз. Матч-менеджер чемпиондық жекпе-жек береміз деп уәде етті ме?

— Чемпиондық белбеуге үміткерлер қатарындамын десем, артық айтпаймын. Жеңісті жолды жалғастырып, жақсы нәтиже көрсете алсам, ерте ме, кеш пе, белбеу үшін жекпе-жекке шығамын деп сенемін. Бұл менің басты мақсатым, сондықтан әрбір жекпе-жекте барымды салуға тырысамын.

Каршыга2— Менеджеріңіз — Саят Абдрахманов. Әдетте ол UFC спортшыларымен жұмыс істейді. Сізге АҚШ-қа баруға ұсыныс түсті ме?

Қазіргі уақытта Rizin лигасымен келісімшартым бар. АҚШ-тан ұсыныс түскен жоқ.

— Жылына кемінде үш мәрте октагонға шығасыз. Келесі жылға жоспарыңыз қандай?

2024 жылы, Алла қаласа, 31 желтоқсанда төртінші жекпе-жегіме шығамын. Егер мүмкіндік болса, бұдан да көп жекпе-жек өткізуге тырысамын. Бәрі денсаулық пен уақытқа байланысты.