Оқу уақыты: 3 мин

«Карпович үшін тағдыршешті матч, ал Бабаянға — сылтау табылмас» — сарапшы ҚПЛ-дың 9-туры туралы

«Карпович үшін тағдыршешті матч, ал Бабаянға — сылтау табылмас» — сарапшы ҚПЛ-дың 9-туры туралы

17 мамырда Қазақстан премьер-лигасының 9-тур матчтары басталады. 23 ұпайы бар «Қайрат» турнир кестесінде көш бастап тұр. Екінші сатыда келе жатқан «Ақтөбенің» еншісінде — 7 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс. Үздік үштікті 18 ұпаймен «Астана» түйіндейді. Бұл үш команда кейінге шегерілген ойындарын қоса алғанда тоғыз кездесуден өткізген.

Арнайы Sport Pulse үшін футбол сарапшысы Әлібек Кенжалы алдағы турға болжамын ұсынды.

Оқжетпес – Ақтөбе

— Кадр мәселесіне тап болған «Ақтөбе» аяқдопшылары «Оқжетпестің» қысымына төтеп бере ала ма?

— Кезекті тур Көкшетауда басталады. «Оқжетпес» — қазіргі таңда премьер-лигада үздік ойын көрсетіп жүрген командалардың бірі. Үйде олар бірінші минуттан-ақ шабуылдап, қысым жасауға тырысады.

Ал «Ақтөбе» бір аптада үшінші ойынын өткізеді. Бұл — физикалық тұрғыда қиын. Ал құрамда жарты команда жоқ: Әділхан Танжарықов, Уче Агбо, Габи Кики секілді негізгі ойыншылардың жартысына жуығы қатардан шықты. Сондықтан, аз ғана басымдықпен болса да, фаворит — «Оқжетпес» дер едім.

Атырау – Жетісу

— Бапкердің мотивациясы «Атырауды» жеңіске жетелей ала ма?

Дидар Сыдықбектің сұхбатынан кейін «Атырау» ұпай жинай бастайтынына сенімдімін. Бұл — тікелей бәсекелеске қарсы ойын және мотивация маңызды рөл атқарады. Дидар Сыдықбек ойыншыларға не сөзбен, не материалдық тұрғыда ықпал етеді деп ойлаймын

«Жетісу» Смақовсыз соңғы ойынын өткізеді. Жалпы, «Жетісу» мен «Ұлытауды» қазір ең әлсіз командалар қатарына жатқызуға болады. Осындай ұжымдарды жеңбесе, кімнен ұпай алмақ?

Ұлытау – Астана

— Бұл матчтың нәтижесі Бабаянның болашағына қаншалықты әсер етуі мүмкін?

— «Тобылдан» жеңіліп, кубокта «Жеңістен» ұтылған «Астана» аяқдопшыларына жинақталу керек. Түрлі дереккөздерде айтылып жатқандай, олардың жалақы мәселелері шешілген. Енді ұпай жинайтын уақыт келді.

«Ұлытау» — премьер-лиганың ең әлсіз командаларының бірі. Егер оларды жеңбесе, онда Бабаянға айтатын сылтау қалмайды. Бұған дейін төреші, алаң деп сылтау айтты, енді соның бәрі жарамайды. «Астанаға» бұл ойында сенімді жеңіске жету керек.

«Астана» ФК

Қайсар – Тұран

— «Қайсар» аяқдопшылары «Тұранға» қарсы матчта жеңіске жете ала ма?

— «Қайсар» жанкүйерлерінің наразылығы белгілі. Бірақ бас бапкер Кумыков ұпай жоғалтулар мықты командаларға қарсы ойындарда болғанын айтты. Енді олар күші тең қарсыластармен кездеседі.

«Тұран» — осындай командалардың бірі. Жуковскийдің өзі бізден керемет нәтиже күтпеңдер деді. Бұл — жанкүйерлер үшін маңызды оңтүстік дерби. Меніңше, «Қайсар» осы матчта алғашқы жеңісіне жетуі тиіс.

Тобыл – Ордабасы

— Өз алаңында «Тобыл» «Ордабасының» жеңіліссіз сериясын тоқтата ала ма?

— Бұл тоғызыншы турдың орталық ойындарының бірі. Екі команда да ел кубогының жартылай финалына шықты. Мартиннің шәкірттері бабында. «Ордабасы» қатарынан алты рет жеңіске жетті.

«Тобыл» да жақсы өнер көрсетіп жүр. «Астана» аяқдопшыларын тізе бүктіріп, кубокта «Тұранды» сенімді жеңді. Бірақ Нұрбол Жұмасқалиевтің шәкірттеріне тұрақтылық жетіспейді. Ойын тартысты әрі голдарға бай болады деп күтемін. «Тобыл» өз алаңында аз ғана басымдыққа ие.

© «Тобол» ФК

Елімай – Қайрат

— Андрей Карповичтің шәкірттері алматылықтарға қарсы лайықты қарсылық көрсете ала ма?

— Бұл — Карпович үшін тағдыршешті матч болмақ. Оның оставкасын талап еткен наразы жанкүйерлер бар. Егер осы матчта ұпай ала алмаса, басшылық бапкерді қызметтен босату туралы мәселені қарастыруы мүмкін. Оның үстіне команда психологиялық және физикалық тұрғыдан шаршады. Петропавлға ауыр сапар болды. Олар Астанадан қалаға дейін автобусқа отырып келген. Бұл 6 сағаттық жол. Және қазір «Елімайдың» күнтізбесі ауыр. Алда «Қайрат», «Қызылжар», «Астана» және «Ордабасыға» қарсы ойындар өтеді.

«Қайрат» та кубоктан шығып кетті, Уразбахтиннің командасында дағдарыс басталған сияқты. Сондықтан «Елімай» аяқдопшылары өте сақ ойнап, қарсыластың қателігін күтеді деп ойлаймын.

Жеңіс – Қызылжар

— Кубоктағы сәтті ойындарынан кейін қай команда чемпионатта да басымдық таныта алады?

— Екі команда да Кубокта жартылай финалға өтіп, моральдық тұрғыда көтеріңкі көңіл-күйде. «Қызылжар» пенальти сериясында «Елімайды», ал «Жеңіс» — «Астананы» жеңді. Бірақ чемпионатта екеуі де жабық футбол ойнайды.

Мен бұл матчтан көп гол күтпеймін. Қақпаға бір ғана доп тоғытатын сияқты.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!